БҚО: майдангер Қ.Ғайсиннің 90 жылдығы аталып өтілді (фото)
Сырым ауданы Жымпиты ауылында дүниеге келген Қадыр Хабибұлы Ұлы Отан соғысында Украина, Польша, Румыния, Германия, Чехословакия жерінде болған ұрыстарға қатысып, майдан жолын Прагада аяқтады.
Елге оралғаннан кейін облыста басшылық қызметтер атқарды. Соның ішінде 1972-1985 жылдары Бөкей ордасы ауданындағы М.Мәметова атындағы кеңшарға басшылық етті. 1987-2006 жылдары облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. Отан соғысы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», «Құрмет» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Майдангерді мерейтойымен Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов құттықтап, иығына шапан жауып, сый-сияпатын табыс етті. Сондай-ақ «Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы» атағының куәлігі мен төсбелгісін де тапсырды. Осындай құрметті атақ Бөкей ордасында шаруашылық басқарған, кейін аудан әкімі қызметін атқарған Рахман Каринге де берілді.