БҚО мектептерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында айлық өткізілді

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «тілсіз жаудың» алдын алу үшін мектептерде тақырыптық сабақтар, «Өрт балалар көзімен» атты суреттер байқауы ұйымдастырылып, арнайы бұрыштар мен стенділер жасақталған. Жалпы, жыл бойы 2268 адамға 226 дәріс оқылып, викториналар өткізілген. Енді КТК ойындарына кезек тимек.
Департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы облыстық білім басқармасымен бірлесіп «Өркен» қосымша білім беру орталығында 1-4 сынып оқушылары арасында облыстық сурет байқауын өткізді. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімдерінде өткен ашық есік күндерінде оқушылар аталмыш саланың қызметімен танысса, қала әкімдігінің қолдауымен Оралдағы орта мектептердің жас өрт сөндіруші жасақтары сынға түсті. Бұған 18 команда қатысып, баспалдақпен көтерілу, 100 метрге эстафетаға жүгіру, 100 метрлік кедергілер жолағымен өтуден сайысты. Байқаулар жеңімпаз-жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен, грамоталармен марапатталды.