БҚО-ның кейбір аудандарында өрт сөндіруге бейімделген техникалар жоқ
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жалпы ауданы 7,7 гектар 1 орман өрті, сондай-ақ далада 78,5 га 10 жану оқиғасы тіркелді.

БҚО ТЖ департаментінің бастығы Руслан Қасыбаевтың мәлім еткеніндей, өткен жылы осы мерзімде 3 орман өрті (221,1 га), 423 га 37 табиғи жану, 112 га аумақта 1 дала өрті болып, материалдық шығын 2,5 млн теңгеден асқан еді. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда департаменттің аумақтық бөлімшелерінде 197 техника (жарақтандыру – 70,8 пайыз) бар. Әлі 81 техника алу қажет. Сонымен қатар 80 техника пайдалану мерзіміне сәйкес есептен шығарылуға жатады.
«Биыл департаменттің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен 962 млн 656 мың теңге бөлініп, өтімділігі жоғары 1 апаттық-құтқару көлігін, 7 тіркемелі мотопомпа және басқа техникалар сатып алу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек 150 дана аспалы өрт сөндіргіш сатып алу үшін жергілікті қазынадан 8,6 млн теңге қарастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар өзінің оң нәтижесін көрсетіп келеді. Соңғы бес жылда 1200-ден астам аспалы өрт сөндіргіш алынды», - дейді Р.Қасыбаев.
Департамент бастығының айтуынша, табиғи өрттер мен жанудың алдын алу және сөндіру үшін елді мекендерде 152 ерікті өртке қарсы құралым (2 247 адам) қызмет етеді. 13 ерікті құралым қоғамдық бірлестікке кіреді. Құралымдарда 248 су тасығыш, 392 трактор, 37 бейімделген техника, 1 218 аспалы өрт сөндіргіш, 199 мотопомпа, 2 053 басқа да бастапқы құралдар бар.
«Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандарында су тасығыш техникалардың саны аз. Ал Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қаратөбе, Теректі аудандарында бейімделген техникалар жоқ немесе төмен деңгейде», - дейді Р.Қасыбаев.
Департамент мәліметі бойынша, биылғы 7 маусымда Бөрлі ауданы әкімдігінің аппараты «Батыс Қамқор» жастар қоғамдық бірлестігімен ерікті өрт құрамасын құру жөнінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қызметтерін көрсету бойынша 3 жылға шарт жасалды. Бірлестік құрамына 90 ерікті өрт сөндіруші кіреді, қазіргі таңда жұмысшылар қабылданып жатыр. Барлық ерікті өрт сөндіруші арнайы оқу орталықтарында бастапқы даярлық курстарынан өтетін болады.
Өткен жылы облыс аумағында 34 өрт сөндіру бекеті (206 адам) 83 мыңнан астам тұрғыны бар 162 елді мекеннің және оларға тиіп тұрған дала алқаптарының өрттен қорғалуын ұйымдастырды. Күні бүгін соның ішінде үш бекет (Теректі ауданы – 2, Қаратөбе – 1) қызмет етпей отыр. Мұның себебі – Теректіде байқауға 3 мердігер ұйым қатысып, құжаттарын рәсімдеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қаратөбеде байқау өткізіліп жатыр. Биыл аудандарда қосымша 5 өрт сөндіру бекетін құру көзделген.
«Қорыта айтқанда, ерікті өртке қарсы құралымдардың материалдық-техникалық жарақталуы төмен деңгейде болуы табиғи өрттер мен жануларды тез сөндіруге мүмкіндік бермейді. Ерікті құралымдардың жарақталу деңгейі нормаланбаған. Сол себепті ерікті өрт сөндірушілерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтуды кемінде 70 пайызға жеткізу қажет. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар минералдық жолақтарды тиісті деңгейде жүргізбейді. Соның салдарынан өрттің мемлекеттік орман қорына және елді мекендер аумағына кіріп кету қаупі артуда. Соңғы жылдары орманға өрттің көпшілігі дала аумағынан кірген. Тағы бір мәселе – полигондарда шыққан өрттің тыйылмауы. Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын 152 орын белгіленсе, биыл соларда 11 жану оқиғасы (2023 жылы осы мерзімде – 12) тіркелді. Сондықтан полигон орындарын өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендіру үшін де тиісті шаралар қабылдау керек», - деп түйіндеді ойын Р.Қасыбаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қоқыс полигонынан тағы да өрт шыққанын жазған болатынбыз. Қалаға қарасты Зачаган кентінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында өрт қайта-қайта тұтанып, толық сөндірілмей келеді. Соның салдарынан күлімсі иіс қалаға дейін жетіп, тұрғындардың ренішін туғызған.