14:08, 30 Желтоқсан 2009 | GMT +5
БҚО-ның Ақжайық ауданында жаңа балабақшалар пайдалануға берілді
ОРАЛ. Желтоқсанның 30-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Ақжайық ауданы Мерген, Ілбішін ауылдарында жаңа балабақшалар ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мерген ауылындағы бұрынғы интернаттан босаған ғимаратты күрделі жөндеуге 20,5 млн. теңге жұмсалып, бұл жұмысты «Балтемен» ЖШС қысқа мерзімде атқарды. «Балбөбек» деп аталған балабақшаға 40 бүлдіршін қабылданса, сонымен қатар 22 адамға жұмыс табылып отыр. Ал Ілбішіндегі «Еркемай» балабақшасы ғимаратын «БатысСтройФакт» ЖШС 56 миллионнан астам теңгеге күрделі жөндеуден өткізді. Мұнда 75 балдырғанға орын табылып, 25 адам жұмысқа тұрды.
Аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматованың айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес аудандағы 25 шағын орталықтың 20-сы биыл ашылды. Сондай-ақ балабақша қатары жетеуге жетті. Биыл бұл мақсатқа 2 миллиардқа жуық теңге жұмсалды. Мұндай жұмыстар алдағы жылы да жалғасады.