БҚО-ның Қазталов ауданындағы музей қазақ жылқысының тарихынан сыр шертеді

Мақсат - кейінгі жас буынның Қамбар ата түлігіне деген қызығушылығын ояту. Ел арасында сақталған бірегей ат әбзелдерін мұражай қорына жинау. Бір қызығы, осындай игілікті іс ауыл тұрғындарының көмегімен ұйымдастырылған екен. Жылқыны «малдың патшасы» деп қастерлеген халқымыз ат әбзелдеріне де айрықша мән берген. Музейден соның ең көне үлгілерін кездестіруге болады. Олардың арасында ер-тұрман, өмілдірік пен құйысқан, үзеңгі, айыл, ноқта, жүген сияқты әбзелдер бар.
Кейбірінің тарихы тіптен қызық.
«1941-1945 жылдары Екіншідүниежүзілік соғысқа барған аталарымыз сол жердегі соғысқа қатысқан жылқылардың әбзелдерін осында әкеліп ұрпақтан ұрпаққа беріп, олардың ұрпақтары осында әкеліп тапсырды. Сол бір құнды заттар осы мұражайда тұр. Жылқының тарихы жөнінде, жылқының Қазақстанда табылған жерлері барлығы осында жазылған»,-дейді Қошанкөл ауылының тұрғыны Аян Кәримоллин.
Қошанкөлдіктер музей ашумен шектелмепті. Ауыл маңындағы табиғаты әсем жерде жазғы лагерь жұмыс істейді. Мұнда тәжірибелі атбегілер жеткіншектерге жылқыны баптаудың қыр-сырын үйретеді.
«Бұл лагерьдің ең басты қызығы атқа міну. Жыл сайын болып тұрады. Атқа міну адам денсаулығына пайдалы»,-дейді Қараоба ауылының тұрғыны Тұрсынбек Қыдырғалиев,
Музейде талай аламан бәйгеде олжа салған жүйріктер туралы небір қызықты деректер жинақталған. Жылқы малының сипаты мен оны күтіп баптау туралы мәліметтер де мол.
«Мақсатымыз келешекте мұражайды жаңа жәдігерлермен толықтырып, туристер тамашалайтын орынға айналдыру»,- дейді ауыл тұрғындары.