БҚО-ның үш жылдық бюджетіне өзгерістер енгізілді

Өңір бюджеті кему жағына қарай 7,706 млрд. теңгеге нақтыланды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаеваның мәлім еткеніндей, биыл білім саласына - 37,2 млн. теңге, денсаулық сақтауға - 6,7 млн. теңге, әлеуметтік салаға - 3 млн. теңге, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістікке - 520,6 млн. теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына - 324,4 млн. теңге, табиғат қорғауға - 228,9 млн. теңге, көлік пен жолға 895,8 млн. теңге қарастырылып отыр. Осы өзгертулерді есептегенде, кірістер мен шығыстар бойынша облыс бюджеті 112,4 млрд. теңгені құрады
Депутаттар сондай-ақ облыс әкімдігі мен мәслихатының бірқатар қаулылары мен шешімдеріне өзгерістер енгізіп, 2015-2018 жылдарға арналған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балаларды қолдау жөніндегі кешенді жоспарды, ауыл шаруашылығы малдарын облыс елді мекендерінде ұстау ережесін, кепілдендіру мен зайымды сақтандыру аясында демеуқаржыландыру мәселелері бойынша консультативті-кеңесші орган, дағдарысқа қарсы штаб құрамын бекітті. Депутат Аманжол Зинуллиннің өңірдегі малдың бруцеллезбен ауыруына байланысты сауалы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринария комитетіне жіберілетін болды.