БҚО: Орал қаласы мен екі ауданда су тасуына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін

None
Фото: ТЖД
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына байланысты Орал қаласы мен екі ауданда төтенше жағдай жариялануы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазіргі таңда облыс орталығына қоса Бәйтерек және Қаратөбе аудандарында төтенше жағдай жариялау қарастырылуда.

Оның айтуынша, мұндай шараларды қабылдау осы аумақтарда төтенше жағдайларды болдырмау бағытында ерте бастан күш-құралды жұмылдыру үшін керек. Су басып кетсе, шығын төрт есе көбейеді.

2011 жылғы тасқын кезінде Орал қаласы мен Бәйтерек, Тасқала аудандарында көптеген үйлердің суға кеткені белгілі.

«Салыстырып қарағанда, 2011 жылғы су деңгейі қазіргіден сәл төмен. Көптеген іс-шаралардың уақтылы жүргізілуі нәтижесінде, мысалы, Тасқала ауданында судың беті қайтты. Кеше Деркөл өзенінде 18 сағат уақыт ішінде су екі метрге көтеріліп, Тасқала ауылының шетіндегі үйдің ауласына кірді. Дер кезінде жасалынған жұмыстардың арқасында қауіп сейілді. Сол секілді кеше Бәйтерек ауданы Асан ауылында Қ.Сәтбаев және А.Байтұрсынов көшелеріндегі үйлердің аулаларына су келді. Теректі ауданы Подстепный ауылында да ылди жерде орналасқан үйлердің аулаларынан мотопомпамен су сорылды. Тағы бір айта кететін жайт, Теректі, Ақжайық және Қаратөбе аудандарында жол бойындағы тұрбалардың көлемі суды өткізуге сай келмейді. Сондықтан екі жақтағы көлік қозғалысын шектеп, жолды жыру жұмыстары атқарылады. Мұның алдында Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарында осындай шара қабылданып, қазіргі уақытта жолдар қалпына келтірілді», деді Е.Өтегенов.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев шаһар аумағында су басуы мүмкін 86 учаске болса, соның 75-і бау-бақша серіктестігінің негізгі бөлігі орналасқан өзен жайылмаларында екендігін жеткізді. Оларда 20 839 адам тұрақты тұрады. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Күні бүгінге дейін қала аумағында 8 жеке тұрғын үйге су кіру дерегі тіркелді, мұның себебі – іргетасы аласа, аулалардан қар уақтылы шығарылмаған. Сол секілді қала бойынша 9 ғимараттың жертөлесіне кірген су сорылды. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде №49 мектептің жертөлесінен су сорылуда.

Облыста тасқынға қарсы іс-шаралар жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында су кестемен берілетінін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда жағдай күрделене түсті.

Оралда медколледж жатақханасына су кірді.


Соңғы жаңалықтар