БҚО «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 95 жыл толды

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллинің айтуынша, соңғы кезде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанда ел мен өлке тарихына ерекше мән берілуде. Шын мәнісінде бабаларымыз ежелден мекен еткен атамекеніміздің шежіресі қағаз жүзінде қатталып қалуы үшін оған әркімнің де үлес қосуы - парыз. Әр нәрсенің де өз бастауы болады. Соның ішінде Батыс Қазақстандағы баспасөз ісінің тамыры тереңде екені айдай анық. Жалпы, Қазақ еліндегі алғашқы басылымдардың біразы осы өңірде қанат қаққаны хақ. Бұған 1911-1913 жылдары әуелі Ордада, кейін Оралда шығып тұрған «Қазақстан» газеті дәлел бола алады. Ол өңірдегі кейінгі басылымдардың жолашары болды десек, еш артық айтқандық емес.
«Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына орай «Жайық Пресс» ЖШС көптеген тың бастамаларды қолға алды. Ең бастысы, газет тарихын зерделеуге ден қойды. Алдымен Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербордағы іздестіру жұмыстарынан кейін «Қазақстан» газетінің барлық сандары табылып, ол туралы мақала-зерттеулер топтастырылып, жеке кітап болып жарық көрді. Содан кейін «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің бастапқы нөмірлері де әкелініп, оларды елеп-екшеу қолға алынды. «Бір жоқты бір жоқ табады» деген, міне, 1918 жылы 17 қарашада «Известия» - «Хабар» деген атпен жарық көрген облыстық басылымның алғашқы нөмірінде Хан ордасында осыған дейін «Ұран» баспаханасы болғаны жөнінде айтылған, яғни 1917 жылы «Ұран» газеті шығып тұрған. Алайда ол «Алаш» қозғалысын ұран еткендіктен, облыстық газеттер тарихын «Ұраннан» бастау кеңестік дәуірде мүмкін емес болатын. Тіпті «Ұран» газетін шығарып тұрған Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев туралы да сол кезеңде мардымды ештеңе айтылмады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана асыл текті Алаш қайраткерлері туралы сөз болып, еңбектері жарияланып, зерттеле бастады. Соған сәйкес біздің тарихымыз да түгелденіп, өткеніміз еңселене түсуде. Ендеше, облыстық қос газеттің шыға бастағанына 95 емес, 96 жыл толуы да аса ықтимал.
Ақ Жайық өңірінің айнасы, айнымас темірқазығы іспеттес қос газеттің осынау тарихында елеулі-елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Ел басына туған күнді газет халықпен бірге көрді. Қилы заманның өткелектерінен өтіп, талай-талай белестерге көтерілді.
«Біздің тарих - бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп заманымыздың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлінің айтқанындай, облыстық газеттердің тарихы да тереңде жатыр. Ендігі міндет оның шежіресін бүтіндеп, ел үшін еңбек еткен арыстардың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, жарыққа шығару болса керек.
Тағы да астын сызып айтарымыз, біздің қос газеттің тарихы осы өңірдегі басқа басылымдармен сабақтас, тамырлас, бір-бірімен біте-қайнасып жатыр. Бұл ретте Қазақстанның батысында 1911-1913 жылдары қазақ халқының біртуар ұлдары, өз заманының озық ойлы, көзі ашық қайраткерлері Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Елеусін Бұйрин сынды ұлт зиялыларының бастама-қолдауларымен «Қазақстан» газеті шығып тұрғанын баса айтқан жөн. Аталмыш басылымның атауына көрегендікпен «Қазақстан» деген ат қойып, елді сол кездегі ең озық үлгілерге үндеген газет шығару шын мәнісінде ерлік еді. Бұл басылымның құндылығы сол, ол патшалық өкіметтің сойылын соққан жоқ, қазақ халқының мүддесін көздеді, соның мұңын мұңдап, жырын жырлады. Бұл жағынан алғанда, «Қазақстанды» жалпы ұлттың мұрат-мақсатына қызмет еткен алғашқы басылым деуге болады. Кейін өзінің басына қара бұлт үйіріліп, жаңадан шығып жатқан «Қазақ» газетіне ақ жол тілеген «Қазақстан» патшалық цензураның қысымына қарамастан, өз міндетін мүмкіндігінше атқарып кетті.
Елді төңкеріс шарпып, аумалы-төкпелі заман келген мезгілде ұлт зиялылары халықты осы қысталаңнан аман-есен алып шығуға, айқын жол көрсетуге тырысты. Патшалық дәуірде «Қазақстан» газетін шығарса, 1917 жылғы дүрбелеңде тағы да тыңнан жол іздеді. Біздің ізденістеріміздің нәтижесінде сол жылы Орда қаласында «Ұран» газеті шыққаны мәлім болып отыр. Облыстық газеттердің тарихы бастау алатын «Известия» - «Хабар» газетінің 1918 жылғы 17 қарашадағы алғашқы санында жарияланған хабарда Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы негізінде жаңа басылымның, яғни «Известия» - «Хабардың» шыққаны айтылған. Демек, бұл газеттің өзі «Ұран» газетінің негізінде ашылған.
Белгілі филолог-ғалым, ғұмартанушы, Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Мақсат Тәж-Мұрат осы газеттің тігіндісін тауып беріп отыр. Бұл - біздер үшін үлкен қуаныш. Қазіргі кезде «Ұран» газетінің нөмірлерін елімізге белгілі қалам шебері Қазбек Қабжанов аудару үстінде. Одан кейін зерттеушілерге де кезек тиетін болады. Міне, сол кезде «Ұран» газетінің қай уақыттан бастап шыққанын, кімдер жетекшілік еткенін, қандай мақалалар жарияланғанын толық білетін боламыз. Кеңес дәуірінде «Ұран» газетінің айтылмауы, тіпті мұрағат-музейлерде сақталмауы сол кезеңдегі саясаттың салқыны деп есептеуге болады. Өйткені тарихымызды алашшыл бағытты ұстанған газеттен бастау, оны шығарған Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды Алаш қайраткерлерінің есімін атау ол кезде қауіпті еді.
Шын мәнісінде сол Ғұмар Қараш, Сейтқали Меңдешев, Халел Есенбаев, Тәмамдар Сафиев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды біртуар тұлғалар 1918 жылы 17 қарашада Бөкей облысы кеңесінің органы ретінде «Известия» - «Хабар» деген атпен орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген газеттің бастауында тұрды. Осы басылымды шығаруға атсалысты. Өкінішке қарай, кеңес дәуірінде осындай ұлт зиялыларының халқы үшін жасаған қызметі айтылмады. Көбінесе «Известия» - «Хабар» газетінің редакторы - Ішкі ордалықты басқарушы облыстық кіндік (орталық) комитет төрағасы Степан Милютиннің аты ғана аталып, басқалары көлеңкеде қалды.
«Известия»-«Хабар» 1918 жылдың соңына дейін шыққан. 2013 жылдың маусым айында Мәскеу қаласында, Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінде болғанымызда, аталмыш газеттің 3 санын (№1, 17 қараша, 1918; №2, 19 қараша, 1918; №3, 21 қараша, 1918) тауып, көшірмесін алдық.
Газет 1919 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Киргизская правда» - «Қазақ дұрыстығы» деген атаумен шыға бастады. Бұл газетте де редактор ретінде С.Милютиннің фамилиясы жүр. Бірақ газет мақалаларынан және зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен басылым жұмысына сол кездегі аса көрнекті қазақ зиялылары С.Меңдешев, М.Көкебаев, Ғ.Қараш, Ғ.Мұсағалиев, Ш.Бекмұхамедов, Х.Есенбаев, Т.Сафиев, И.Меңдіханов, Ғ.Бегалиев, Ғ.Бөкейханов және басқалардың қатысқаны мәлім болып отыр. Осылардың ішінде Халел Есенбаев біздің облыстық газеттерден бір жас кішілігі бар, 1919 жылы «Ұшқын» деген атпен жарық көрген қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің алғашқы редакторы болды.
Мәскеу қаласының іргесіндегі Химки қаласында, Ресей мемлекеттік кітапханасының газет бөлімінде «Дұрыстық жолы» газетінің де тігіндісі сақталған. Бұл - Хан ордасында 1919 жылдың 20 хұт айынан (ақпан) бастап таза қазақ тілінде шыққан газет.
«Дұрыстық жолы» газетінің атын қойып, тұсауын кескен - өз заманының ойшыл ақыны, ағартушы Ғұмар Қараш. Ақынның «Дұрыстық жолы» атты өлеңі осы газеттің бірінші санында жарияланған.
«1919 жылы ақпан айында Ордада өткен сауатты қазақ жастарының жиналысына Шафхат Бекмұхамедов, Бисен Жәнекешов, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарбаев, Әмірғали Меңешов, Хайырлы Бекқалиев, Хамид Чурин, Ғұмар Қараш секілді азаматтар қатысып, бұған дейін «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып екі тілде шығып келген газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесін талқылады. Көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде, оның редакция алқасына Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және осы жолдардың авторы кірді...» - деп жазды газеттің жартығасырлық мерейтойына арналған мерекелік нөмірде (1968 жылғы 17 қараша) сол кезде Мәскеу қаласында тұрып жатқан Тамимдар Сафиев «Газет осылай шығарылды» атты мақаласында.
1919 жылы 10 шілдеде шығуын тоқтатқан «Дұрыстық жолынан» кейін облыста «Қызыл дала», «Сахара таңы», «Кедей туы», «Қазақ жарлылары» секілді газеттер шығып тұрды деген деректер кездескенімен, бірақ бұл басылымдар әзірге табылған жоқ. анықтау мүмкін болмады.
Ал облыстық «Қызыл ту» газеті 1920 жылдан Орал қаласында шыға бастады. Облыс пен губерния орталығы болғаннан кейін газеттің де Оралдан шығуы заңды. 1920-1921 жылдары «Қызыл туға» редактор болған Алаш қайраткері, ақын, журналист, қазақтың батыр қызы Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметов сол кезеңде-ақ партия қатарынан шығарылып, медицина саласына ауысуға мәжбүр болса, кейін, 1937 жылы ұсталып, бір жылдан кейін атылып кете барды. Тарихымызды зерделегенде, газетке басшылық еткен А.Мәметовтен бастап бес бірдей арысымыздың отызыншы жылдар зобалаңына ұшырап, атылғанын анықтадық. Мәселен, сол «Қызыл ту» газетін алғаш шығарушылардың бірі, 1920-1923 жылдары жауапты хатшысы болған Батырбек Әлжанов, 1922-1923 жылдары Орал облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, «Қызыл ту» газетінің редакторы болып қызмет еткен түбі оңтүстікқазақстандық Әбдірахман Байділдинді айтуға болады. Сол секілді Қостанай облысында өмір есігін ашқан Рахым Сүгіров те 1925-1927 жылдары «Қызыл ту» газетінің хатшысы болған екен. Ол 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылы 34 жасында атылған. Қаратөбе ауданында дүниеге келген Сәтбек Иманқұлов Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған 1936-1937 жылдары «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты редакторы болды. 1937 жылдың 13 қазанында қамауға алынған ол 1938 жылы 8 наурызда атылған. КСРО Жоғарғы сотының ұйғарымымен 1958 жылы 1 наурыздағы ақталған. Сол кезеңнің жантүршігерлік көрінісі, Сәтбек Иманқұловты үйінен тұтқындап, алып кеткеннен кейін сол күні жүк машинасымен келген солдаттар редактордың зайыбы Софияны екі баласымен, әкесі Сәрсенді пәтерден қуып шығады. Одан әрі үйдегі бүкіл дүние-мүлікті ештеңесін қалдырмай, түгел тиеп алып кетеді. Екі баласымен көшеде қалған София барар жері, басар тауы болмай, Оралда біраз сенделіп, ақыры Алматы қаласына жол тартады. Осылайша жазықсыз атылған редактордың отбасы да қуғын-сүргінге ұшырайды.
Міне, қазақ халқының бес бірдей арысының тағдыры біздің облыстық газетпен тікелей байланысты. Мұның сыртында тергеуге алынып, қудалауға ұшыраған қызметкерлер қаншама десеңізші. Бұған Сәтбек Иманқұловтың қылмыстық ісінде «Екпінді құрылыс» газетінде сол жылдары қызмет еткен редактордың орынбасары Мереш Дәулетияров, редакция хатшысы Нұрмұхан Түркин, партия бөлімінің меңгерушісі Қуан Тастайбеков, ақпарат бөлімінің меңгерушісі Тілек Чанеев, т.б. тұлғаларға «ұлтшыл» деген анықтама берілгені айғақ бола алады. Оларға тағылған айып - «Алашордашыларды әшкерелейтін мақалалардың жариялануына кедергі жасаған».
Облыстық газет 1932 жылға дейін «Қызыл ту» болып аталса, 1932-1957 жылдар аралығында «Екпінді құрылыс» еңсе тіктеді. 1957-1960 жылдары «Октябрь туы» аталған газет 1963 жылғы мамырдан күні бүгінге дейін «Орал өңірі», «Приуралье» деген атпен шығып келеді.
Академик ғалым, 1932-1937 жылдары Орал педагогикалық институтында жұмыс істеген Қажым Жұмалиев өз төңірегіне қалам ұстағандарды топтастырса, атақты ақындар Қасым Аманжолов пен Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Абдолла Жұмағалиевтің «Екпінді құрылыста» өлеңдерін жариялап қана қоймай, тікелей еңбек еткені жөнінде дерек бар. Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Хамит Ерғалиев, Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейітов, Қадыр Мырза Әлі сынды Ақ Жайықтан түлеп ұшқан ақын-жазушылардың тырнақалды шығармалары облыстық газеттен бастау алса керек-ті. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бермен қарай ұзақ жыл «Орал өңірінде» қызмет еткен белгілі ақын Жанғали Набиуллин сол кезеңдегі талай жасқа ұстаз болса, Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгереева еңбек жолын осы газеттен бастады.
Басылымның ұзақ ғұмырында қазақ журналистикасының белгілі өкілдері «Орал өңірі» газетіне басшылық жасады. Олардың қатарында Ахмет Мәметов, Батырбек Әлжанов, Әбдірахман Байділдин, Рахым Сүгіров, Елжас Бекенов, Сәтбек Иманқұлов, Тасемен Жүсіпов, Нұрмұқан Түркин, Абай Рамазанов, Хабир Нұрмұхамедов, Бисен Жұмағалиев, Қарқабат Бәйкенов, Махмұт Шомбалов, Бақтыбай Далабаев, Ғарифолла Көшенов, Мәжит Қайырғалиев және басқаларының есімдерін ерекше ілтипатпен атауға болады.
«Орал өңірі» газетінің редакциясы 1958-1984 жылдар аралығында Орал қаласы Карев көшесіндегі 47 үйде (әйгілі Карев үйінің үшінші қабатында) орналасты. 1984 жылдың күзінде қазіргі Достық даңғылы 177 үйдегі жаңадан арнайы салынған ғимаратқа - Баспасөз үйіне көшті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жекешелендіру науқанында ғимаратынан айрылып қалған редакция 2006-2009 жылдары көп қиындық көріп, бірнеше мәрте көшіп-қонуға мәжбүр болды. 2009 жылы наурыз айында сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың қолдауымен қазіргі ғимаратқа - Орал қаласы Мұхит көшесі 57/1 үйге орналасты. Сол жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері өз баспаханасынан басылып шыға бастады.
2003 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері «Жайық Пресс» ЖШС-іне бірікті. Биыл мекемеміздің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Бүгінде «Жайық Пресс» ЖШС Қазақстанның батыс өлкесіндегі үлкен медиахолдинг дәрежесіне жетті. Құрамында 2 облыстық, 11 аудандық газет, заманауи баспахана, ақпарат агенттігі, сайты, түсіру тобы, материалдық-техникалық базасы бар «Жайық Пресс» ұжымы мемлекет саясатын жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді.
Қазіргі кезде облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттеріне Бауыржан Ғұбайдуллин, Роза Сыйықова сынды тәжірибелі журналистер басшылық жасап, басылымдардың қазіргі заман талаптарына сай сапалы да мазмұнды шығуына күш-жігерлерін жұмсауда.
«Газеттің тойы - елдің тойы. Бұған біз қандай тартулармен келдік десек, ең алдымен үш бірдей кітапты шығарғанымызды айтсақ, орынды болмақ. «Қазақстан» газеті туралы бірінші кітап жарық көрсе, «Жайық журналистеріне» қазіргі күні қос газетте еңбек ететін қаламгерлердің үздік туындылары топтастырылды. Ал «Қос газеттің тарихы» деп аталған жинақтың атауы айтып тұрғанындай, онда «Орал өңірі» мен «Приуралье» газетінің арғы-бергі тарихы, ардагерлердің өмірбаян-естеліктері қамтылды. Рухани дүниемізді байыту бағытындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», деп түйіндеді ойын Ж.Сафуллин.