14:26, 10 Қаңтар 2010 | GMT +5
БҚО прокуратурасы білім беру мекемелерін күрделі жөндеу кезінде сертификаты жоқ құрылыс материалдарының қолданылғанын анықтады
ОРАЛ. Қаңтардың 10-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО прокуратурасы білім беру мекемелерін күрделі жөндеу кезінде мердігерлердің сертификаты жоқ құрылыс материалдарын қолданғанын анықтады.

Облыс прокуратурасынан ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, «ЖайықСтройКом» ЖШС Ақжайық ауданы Жанама ауылында Сарытоғай орта мектебін күрделі жөндеу кезінде сәйкестік сертификаты жоқ 3254520 теңгенің құрылыс материалын пайдаланған, сөйтіп «Техникалық реттеу туралы» ҚР Заңы 32-бабының талаптарын бұзған. Сол секілді «Армут» ЖШС осы аудандағы интернаты бар білім мекемесіне 1126255 теңгенің тұрмыстық жиһазы мен төсек жамылғысын тиісті талаптарға сәйкестік құжатынсыз әкелген. Зеленов ауданында орта мектепті күрделі жөндеген «Балтемен», «Ремстройбыт» ЖШС да осындай талаптарды бұзған. Техникалық реттеу заңдылығын бұзған аталған заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы көлемі 155520 теңге айыппұл салынды.