БҚО прокуратурасы денсаулық сақтау саласындағы заңбұзушылықтардың бетін ашты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тұрғындарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша заңнаманың қолданылуына жүргізілген тексеріс нәтижесінде өңірде медициналық қызметтің сапасыз көрсетілетіні, құрылғылардың дұрыс пайдаланылмайтыны, дәрі-дәрмектің ақылы негізде заңсыз сатылатыны сынды заңбұзушылықтардың беті ашылды. Бұл туралы облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісовтің төрағалық етуімен, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың қатысуымен өткен алқа отырысында айтылды.
None
None

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мысалы, аудан орталығында дәрі-дәрмекті бөлшек саудада сататын қос бірдей жеке дәріхана болса да, Сырым аудандық орталық ауруханасында заңнама талаптарына қайшы келетін жеке ақылы дәріхана 2012 жылдан бастап қызмет еткен. Мұндай заңбұзушылықтар Бөкей ордасы, Ақжайық, Қаратөбе, Зеленов аудандарында да анықталды. Оған қоса Сырым аудандық орталық ауруханасында тегін берілетін дәрі-дәрмекті заңсыз сату, сондай-ақ осы аурухананың бухгалтеріне тиесілі дәріхана арқылы дәрі-дәрмектерді заңсыз сату деректері белгілі болды.

Денсаулық сақтау ұйымдарында жалпы құны 38 млн. астам теңге тұратын 9 медициналық жабдықтың пайдаланылмай тұрғаны, сол секілді дәрі-дәрмектермен науқастарды толық көлемде қамтамасыз етпеудің 44 дерегі анықталды. Соның ішінде дәрі-дәрмектердің жетіспеуі салдарынан облыстық кардиологиялық орталық науқастары құны 5050 теңге тұратын цераксон дәрісін өздері сатып алуға мәжбүр болған.

Тексеріс қорытындысына сәйкес прокуратура органдары заңбұзушылықты жою туралы 28 ұсыныс енгізіп, 3 қылмыстық іс қозғалды. Алқа отырысында БҚО денсаулық сақтау басқармасына, басқа да мемлекеттік уәкілетті органдарға осы саланың жағдайын жақсартуға бағытталған ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.

Жиында өзге де өзекті мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. 

Соңғы жаңалықтар