БҚО, СҚО және Павлодар облыстарының тұрғындары мүліктерін заңдастыруға асығар емес

Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Тәуекелдер, талдау және статистика басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Сағынаев мәлім етті.
«Заңдастыруда көш басында келе жатқан өңірлерді атар болсақ, олар Алматы, Астана қалалары мен Алматы облысы болып отыр. Алматы қаласында 827 млрд. теңге, Астанада 296 млрд. теңге, Алматы облысында 218 млрд. теңге заңдастырылды. Артта қалған өңірлер сапында Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары бар. Бұл аймақтарда заңдастырылған сома сәйкесінше, 2,7 млрд. теңгені, 7,1 млрд. теңгені және 6,8 млрд. теңгені құрады», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, бұл жайт солтүстікте оңтүстікке қарағанда жылжымайтын мүлік құнының біршама төмен болуынан орын алуда.
Айта кетерлігі, бүгінгі күнге дейін республика бойынша мүлік пен ақшаны жария етуге арналған өтініштердің сомасы 1,8 трлн. теңгеден асып, оның 1,6 трлн. теңгесі ресми заңдастырылды. 85 мыңнан астам жылжымайтын мүлік нысаны жария етілді. Оның ішінде 6 мыңға жуығы коммерциялық нысандар. Жекешелендіру акциясы барысында өз мүлкін жария ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға 91 мыңнан астам азамат жүгінді.
Естеріңізге сала кетейік, мүлікті жария ету акциясы осы жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.