БҚО сотында жаңа Азаматтық процестік кодексіне байланысты семинар өтті

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, облыс судьялары, БҚО әкімдігі, прокуратура, адвокатура, облыс медиаторлары, нотариалдық палата, оқу орындары және басқа да мүдделі органдардың өкілдері қатысқан шараны ашқан облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьясы Есенбай Боранбаев 2015 жылғы 31 қазанда Мемлекет басшысы Ақордада Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне журналистердің қатысуымен жариялы түрде қол қойғанын атап айтты. Биылғы 3 қарашада жаңа АПК «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық газеттерінде ресми түрде жарияланды. Кодекс 2016 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Сонымен қатар Е.Боранбаев кодекстің маңыздылығын және қойылған міндеттерді іске асыруда судьялар корпусының алдына үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін жеткізді. Жиында сөз алған облыстық, қалалық және аудандық соттардың судьялары Қазақстан Республикасының жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодексінің негізгі міндеттері, кейбір аспектілері туралы сөз қозғады. Сондай-ақ семинарға қатысушылар сот ісін жүргізуге партисипативтік рәсім ендіру, азаматтық-құқықтық даулар бойынша прокурордың қатысуын қысқарту туралы тұстарына ерекше тоқталды. Сот медиациясына, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сот өндірісіне қатысты мәселелер де кеңінен талқыланды. Соның ішінде Кодекстегі өзгерістердің бәрі қарапайым азаматқа бұзылған құқығын қысқа мерзімде қалпына келтіруге мүмкіншілік туғызатындығы аталды. Татуластыру келісімін кең көлемде пайдалану және Азаматтық процестік міндетті жүзеге асыру дауды уақытында реттеуге әкеледі. Шараға қатысушылар жаңа редакциядағы Кодекстің негізгі жаңашылдықтары және әділ сот төрелігін қамтамасыз ету, құқық қорғаудың тиімділігі және құқықтық қатынас субъектілерінің заңды мүдделерін тиімді қорғау, халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру бойынша пікір алмасты. Қорыта айтқанда, жаңа заңнаманың ҚР құқықтық алаңын түбегейлі жақсартатындығы атап өтілді.