БҚО сотының қаулысымен он жұмысшының құқығы қорғалды

Облыстық соттың баспасөз хатшысы Айжан Қапулованың хабарлағанындай, Орал қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Ритуал» МҚК-ның жұмыстан шығарылған қызметкерлері сотқа жүгінді. Олар жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қарсылық білдіріп, бос жүруге мәжбүр болған уақыттарына өтемақы төлеуді және жұмысқа қайта қабылдауды сұраған.
Оқиға былтырғы жылдың соңында орын алған. 2011 жылы желтоқсан айында «Ритуал» МҚК директорының бұйрығы негізінде қызметкерлермен еңбек қатынастары тоқтатылған.
Алайда шағымданушылардың сөзі бойынша кәсіпорынның таратылуы бұл жұмысшыларды заңсыз жұмыстан шығару үшін жасалған амал болса керек. Бүгінгі күні «Ритуал» МҚК «Ритуал-Орал» ЖШС болып қайта құрылып, қала халқына ақырет қызметін көрсетумен айналысуда. Келеңсіз жағдайды заңсыз деп тапқан шағымданушылар кәсіпорынның 30.12.2011 ж. №200 бұйрығының күшін жойып, бос жүруге мәжбүр болған уақыттарына өтемақы төлеуді және жұмысқа қайта қабылдауды талап еткен.
Ал жауапкер өз тарапынан «Ритуал» МҚК Орал қ. әкімдігінің меншігінде екендігін айтып, талап арызды мойындаудан бас тартқан. Орал қ. әкімдігінің қаулысымен кәсіпорынды тарату туралы шешім шығарылып, соның негізінде жұмысшылармен еңбек шарты бұзылған.
Орал қаласының №2 соты «Ритуал» МҚК Орал қ. әкімдігінің қаулысы негізінде таратылған, ал «Ритуал-Орал» ЖШС «Орал қ. қаржы бөлімі» ММ құрылтайшыларының шешімімен құрылған деген уәж айтып, шағымданушылардың талап арызын қанағаттандырусыз қалдырған. Осындай жайттарды ескере отырып бірінші сатыдағы сот жұмысшыларды жұмыстан шығару заңды түрде жүргізілген деп есептеген.
Алайда облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін түбегейлі өзгертіп, жаңа шешім шығарды.
Облыстық соттың судьясы Есенбай Боранбаевтың атап өткеніндей, апелляциялық сатыда істі қайта қарап, материалдарды зерделеуде шын мәнісінде «Ритуал» МҚК Орал қаласының әкімдігімен біржола таратылмай, керісінше, қайта құрылып, меншік иесі өзгерген. Осылайша, директордың жеке 51 пайыз иелігіне өткен кәсіпорын сол баяғы ісімен айналыса берген.
ҚР Еңбек Кодексінің 49-бабына сәйкес жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілігі өзгерген, мүлкінің меншік иесі ауысқан немесе жұмыс беруші қайта құрылған жағдайларда қызметкерлермен еңбек қатынастары өзгеріссіз жалғаса береді. Бұл ретте жұмысшылардың келісімінсіз еңбек шарты бұзылып, заң бұзушылыққа жол берілген.
Осыған байланысты сот шағымданушылардың талап арызын қанағаттандырып, Орал қ. әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «Ритуал» МҚК директоры М.Жәнібековтің ҚР Еңбек Кодексінің 54-бабы 1-тармағының 1-тармақшасы негізінде жұмыстан шығару туралы бұйрығының күшін жою және жұмыстан шығарылған жұмысшыларды бұрынғы жұмысына қайта тағайындау туралы жаңа шешім шығарды. Сондай-ақ Еңбек Кодексінің 177-бабының 2-тарауына сәйкес «Ритуал» кәсіпорнына жұмысқа қайта тағайындалған жұмысшыларға бос жүруге мәжбүр болған уақыттарына өтемақы төлеуге міндеттеді. Өтемақының жалпы сомасы 2 миллион теңгені құрады.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы Орал қаласы әкімінің атына «Ритуал» МҚК тарату туралы қаулысын қабылдау кезінде жіберілген заң талаптарының бұзушылықтарына назарын аударып, бір ай мерзім ішінде тиісті шаралар қабылдап, нәтижесі туралы облыстық сотқа хабарлануы қажеттігі туралы жеке қаулы шығарды.
Сот талқысында анықталғанындай, қалалық әкімдік «Ритуал» МҚК тарату немес қайта құру туралы облыстық әділет департаментіне ешбір мәлімет бермеген. Сонымен қатар «Ритуал» МҚК мен «Ритуал-Орал» ЖШС әділет департаментінде дербес кәсіпорындар ретінде тіркелген.