БҚО спорт басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот қаулысы шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қостанай облыстық соты БҚО спорт басқармасының бұрынғы басшысы Мүсілім Оңдағановтың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, бюджет қаржысын жымқырғаны үшін ұзақ мерзімге сотталған М.Оңдағанов жазасының үштен екі бөлігін, 7 жыл 3 айын өтегеннен кейін ол мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш жасады.

Қостанай қаласы №2 сотының биылғы 8 шілдедегі қаулысымен өтініш қанағаттандырылып, М.Оңдағановқа өтелмеген 2 жыл 6 ай 16 күніне пробациялық бақылау орнатылып, мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты.

Апелляциялық сатыдағы сот 13 тамызда аталмыш сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды.

Мұндай шешім шығаруға жазасын өтеушінің сот үкіміне сәйкес 51,837 млн теңгені толық өтегені жөнінде БҚО әділет департаменті мемлекеттік сот орындаушысы Г.Папашеваның 2020 жылғы 29 мамырдағы №8-4204 ақпараты негіз болды.

Алайда сот қаулысы шыққаннан кейін Қостанай облыстық прокуратурасы тексерген кезде сот орындаушысының берген ақпараты шындыққа жанаспайтын болып шықты. Қазіргі таңда келтірілген залал толық көлемде өтелмеген. Сотталушылардан әлі өндірілмеген қаржы 67 415 646 теңгені құрайды.

Осылайша сот орындаушысы сот органдарын жаңылыстырған. Бұл сот актілерін қайта қарауға негіз болып табылады.

Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 499-бабы 2-бөлігіне сәйкес Қостанай облысы прокуратурасы облыстық сотқа сот қаулыларын қайта қарау туралы өтініш түсірді.

Сонымен қатар жәбірленуші тарап – БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Есендияров та залалдың толық көлемде өтелмегендігін келтіріп, өтініштің қанағаттандырылуына келіспей, қарсылық білдірген.

Қостанай облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 19 тамыздағы қаулысымен жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты аталған сот актілерінің күші жойылды.

Жаңа қаулыға сәйкес М.Оңдағанов қамауға алынып, жазасын өтеуді жалғастыратын болады.

Айта кететін жайт, 18 тамыз күні БҚО прокуратурасы мемлекеттік сот орындаушысы Г.Папашеваға қатысты аталған қатынасхатты (жалған ақпаратты) бергені үшін ҚР ҚК 361-бабына сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да спорт басқармасының бұрынғы басшысы М.Оңдағановтың 12 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар
telegram