БҚО: Сырым аудандық кітапханасы күні қос ақынға арналды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 22 қазан күні Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханасының күні ұйымдастырылды.
None
None

Аталмыш шара қазақтың қос бірдей ақыны, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Абдолла Жұмағалиевтің 100 жылдығы мен Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлидің 80 жылдығына арналды. Осыған орай Қадыр ақынның зайыбы Салтанат Мырзалиева жерлестеріне ризашылығын білдірсе, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін ақтарушы Әбіл Жоламанов, Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков кітаптың рухани байлық екендігін айтып, мұндай шаралардың мән-маңызын атап көрсетті.

Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Раушан Хасанованың мәлім еткеніндей, ауданда 22 кітапхана болса, соның 22-сі ауылдық округтерде оқырмандарға қызмет етуде. Үш кітапхана модельдік үлгіге көшкен. Орталықтандырылған кітап қоры 236,5 мың басылымға жеткен. Солардың бірқатары арнайы ұйымдастырылған көрмеге қойылды. Сондай-ақ секциялық отырыстар мен семинарлар өткізіліп, онда мамандар өз қызметтерін жаңашылдықпен атқару бағытындағы ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Айта кетейік, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, мәдениет пен өнердің өзгеріс-жаңалықтарын насихаттау мақсатында облыстық кітапхана аудандық кітапханалар күнін өткізу жобасын бұдан үш жыл бұрын қолға алған болатын. Өткен аптада Қазталов ауданы кітапханашылары өз табыс-жетістіктерімен таныстырған еді.

Соңғы жаңалықтар