БҚО тарихи-өлкетану музейінде «Теңге - ұлттық табыс кепілі» атты көрме ашылды

ОРАЛ. 15 қараша. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Теңге күніне орай «Теңге - ұлттық табыс кепілі» атты көрме ашылды
None
None

Музей қызметкері Динара Оразғалиева келушілерді ескі ақшалармен таныстырды. Соның ішінде Сарайшық қаласынан табылған теңгелер, сондай-ақ көне Жайық қалашығының орнынан шыққан Өзбек ханның ақшасы бар.

Әр жәшікке бөлек-бөлек салынған ақшалардан сол кездердегі уақыт тынысы мен мемлекет жүргізген саясатты жазбай тануға болады. Көрмеге қойылған жәдігерлер ХҮІІІ-ХХІ ғасырларды қамтиды. Залға жиналғандар императорлық, кеңестік және тәуелсіз ел атанған кезеңдегі ақшалар мен несие билеттері, құнды қағаздар және егемен еліміздің төл туындыларымен танысты. Императорлық кезеңдегі ақшаларда «Заим свободы» деген жазу мен екі басты бүркіт бейнеленген болса, кеңестік кездегі ақшада сол дәуірдің күн көсемі - Лениннің суреті салынған. Ал егемен еліміздің теңгесінде Әбу Насыр әл-Фараби, Абылай хан, Абай, Шоқан Уәлиханов секілді қазақтың біртуар тұлғаларының бейнелері тұр. Осы жерде алғашқыда қағаз түрінде шыққан тиында бар, қазіргі ақша айналымында мұндай тиын жоқ. Бұрынғы теңгелерде қазақтың салт-дәстүріне қатысты бүркітші, домбыра секілді бейнелер салынатын болған. Бұл жерден ақша түрлерімен бірге, ескі замандағы есептегіш қондырғыларды, есепшоттарды және ақша сақтайтын сейф пен әмиянды да көруге болады.

Бұдан кейін көрермендер төменгі қабатқа түсіп, аукционға шығарылған жәдігерлерді тамашалады. Яғни бұл жердегі заттарға қызыққан адам оны өзіне сатып алуына болады. Бұл бөлімдегі XVIII-XIX ғасырлардан қалған күміс сақина, камзолдың қарсы ілгегі, сырғалар және білезіктердің құны 250-300 АҚШ доллары арасында болса, Романовтар әулеті пайдаланған сабын 1000 АҚШ доллары тұрады екен. Шағын мүсіндер 3000-4000 долларға, ал XVIII ғасырда қолдан жазылған Құран кітабы 25 000 АҚШ долларына бағаланыпты. Саттыққа шығарылған жәдігерлер арасында «Нет Божества кроме Аллаха» деген жазуы бар мәнеттер де бар. Бұл мәнеттер ХІІ ғасырда ұстап тұтынылған ақша түрі көрінеді. Саттыққа шығарылған жәдігерлер арасында Икон, крест секілді христиан дініне қатысты заттар да бар.

Көрме бір айға созылмақ.

Соңғы жаңалықтар