16:10, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
БҚО тәртіптік кеңесі арыз-шағымға салғырт қараған ауыл әкімін қызметінен босату туралы ұсыныс берді
ОРАЛ. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің ақпанның 25-інде кезекті отырысы болып, онда мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік істері қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тәртіптік кеңес өз баласын қарамағына қызметке алдыртып, сыбайлас жемқорлыққа жол берген ҚР АШМ Жаңақала аудандық аумақтық инспекциясының бастығы Болат Досмағамбетовке қатаң сөгіс, сондай-ақ осы мәселе бойынша шешім қабылдап, мемқызметшілердің ар-намыс кодексін бұзған конкурстық комиссия төрайымы, бастықтың орынбасары Светлана Бекқалиеваға қатаң сөгіс, комиссия мүшелері, малдәрігерлік бөлім бастығы Оразғали Төлегенов пен бас маман Жұмагелді Қойбағаровқа сөгіс түріндегі жаза беру туралы ұсыныс жасады. Ал мемқызметке орналасқаннан кейін меншігіндегі мүлкін сенімді басқаруға тапсырмаған Қазталов ауданы Қошанкөл ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Асқар Ғұбайдуллиннің ісі тәртіптік кеңесте 2006 жылы қаралып, оған сөгіс берілген болатын. Өкінішке қарай, ол осыдан күні бүгінге дейін қорытынды шығармаған. Сол себепті А.Ғұбайдуллинге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру ұсынылды.
Тәртіптік кеңесте Сырым ауданы Жымпиты ауылдық округінің әкімі Берік Бисалиевтің ісі қызу талқыланды. Бұл мемқызметкер азаматтардың арыз-шағымын дер кезінде қарауды жолға қоймаған. Соған байланысты өзі де, округ әкімі аппараты қызметкерлері де бұдан бұрын бірнеше рет тәртіптік жазаға тартылған. Сондықтан Б.Бисалиевті атқаратын қызметінен босату туралы ұсыныс беруден басқа жол қалмады. Бұл талқылауға аудан әкімі Ерлан Нысанғалиев те қатысып, ауыл әкімінің жақсы кадр екендігін, басқа кемшілігі жоқтығын алға тартты. Алайда, тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалин мен кеңес мүшелері атап өткеніндей, өзге жұмысын қаншама мықты атқармасын, ауыл әкімінің саяси қызметкер ретінде азаматтардың арыз-шағымын қарауда босаңсуына жол жоқ. Заң да осыны талап етеді. Әйтсе де өңірде ауыл әкімдерінің түрлі заң талаптарын орындауда жиі шалыс басуы азаймай келеді. Айталық, 2007 жылы ? 21, өткен жылы 11 ауыл әкімінің ісі қаралса, биылғы екі айға жетер-жетпес уақытта үшеуі тәртіптік кеңестің алдына келді.