БҚО тұрғыны сот арқылы қызметін қайтарып, 2 млн теңге өндірді
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының № 2 сотында М. деген тұрғынның бұрынғы қызметіне қайта орналастыру және мәжбүрлі түрде жұмыстан босаған кезіндегі жалақысын өндіріп алу туралы азаматтық ісі қаралды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған азамат мемлекеттік кәсіпорын филиалының тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығын заңсыз деп тануды талап еткен.
Сот отырысында талапкердің 2025 жылдың 10 шілдесінде еңбек шартын бұзу түріндегі тәртіптік жазаға тартылғаны анықталды. Бұйрық қызметкердің еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз бірнеше рет орындамауы салдарынан туындаған.
Бұдан бұрын, 2025 жылдың 15 қаңтарындағы бұйрықпен талап қоюшыға қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Талап қоюшы сотқа шағымданып, талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылды, сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Сот бұл жолы қызметкердің тәртіптік жазасы бар еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз бірнеше рет тиісінше орындамауы туралы 2025 жылғы 10 шілдедегі бұйрықтың негіздерін заңсыз деп тапты.
- Мемлекеттік кәсіпорын филиалының тарапынан бірнеше заң бұзушылық анықталып, сот М-ның талабын қанағаттандырды. Еңбек шартын бұзу туралы тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп танып, талап қоюшыны бұрынғы қызметіне қайта орналастырды. Оған қоса жауапкерге талап қоюшының мәжбүрлі түрде жұмыстан босатылған кезеңдегі орташа жалақысы - 1 641 714 теңге, сондай-ақ 400 мың теңге көлемінде заңды өкілдің шығындарын төлеуді міндеттеді. Жауапкер сонымен қатар жергілікті бюджетке 20 349 теңге мемлекеттік баж төлейді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да заң мас күйінде көлік айдаған мектеп директоры сөгіспен құтылғанын жазған болатынбыз.