БҚО тұрғыны жасырын жылыжайда есірткі өсірген
ОРАЛ. KAZINFORM — «Қарасора — 2025» жедел алдын алу іс-шарасы барысында БҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз өсіру дерегін анықтады.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Бәйтерек ауданы ауылдарының бірінде 49 жастағы ер адам өз үйінің ауласында есірткі өсімдіктерін өсіріп келген.
Тінту кезінде оның ауласынан жалпы көлемі 450 шаршы метр болатын, көлеңке түсіретін тормен жабылған және автоматты суару жүйесімен жабдықталған жасырын жылыжай табылды.
— Жылыжайда қарасора тұқымдас өсімдіктер өсірілген. Тергеу барысында құрамында есiрткi заттары бар 47 түп өсiмдiк тәркіленді. Күдіктінің айтуынша, ол осы жылдың көктемінде тұқым сатып алып, сәуір айынан бастап өсірумен айналысқан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда есірткі таратумен айналысқан интернет-дүкен жойылғанын жазған болатынбыз.