БҚО: Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ қыздары туралы жаңа кітап жарық көрді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаеваның «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» атты ғылыми-зерттеу еңбегі жарыққа шықты.
None
None

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай Оралдағы «Полиграфсервис» баспасынан шыққан жинақта автордың ұзақ жылдар бойы жинаған мұрағат құжаттары, тарихи деректер, естеліктер мен фотосуреттер негізінде Ұлы Отан соғысына Батыс Қазақстан облысынан қатысқан жауынгер қазақ қыздары, барлығы 17 майдангердің ерлік және өмір жолдары баяндалады.

Атап айтқанда, Кеңес Одағының Батыры, пулеметші Мәншүк Мәметова, 300 рет әуе шайқасына қатысқан тұңғыш әскери ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова, І гвардиялық шабуылдаушы авиациялық корпус құрамында Калинин, Солтүстік-Батыс, Брянск, І, ІІ Прибалтика, І,ІІ Белорусь майдандарындағы сұрапыл соғыстарға және «Берлин» операциясына қатысқан радиобайланысшылар Ғарифа Рахметова, Замиха Наушева, Висла өзені маңындағы шайқаста дзот үнін өшіріп, үшінші дәрежелі Даңқ орденіне ие болған, Берлин көшелеріндегі ұрысқа қатысқан мерген Мүслима Кожахметова, «Ерлігі үшін» медалінің иегері, ефрейтор, мерген қыз Мәлика Тоқтамышова, Карелия майданында партизан бөлімшелерінің ІІ класты байланысшысы болған Майра Мақатова, Белоруссиядағы партизандық қозғалысқа қатысқан «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Отан соғысының партизаны» жауынгерлік медалінің иегері Нұрғаным Байсеитова, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері, медициналық қызметтің гвардия капитаны Роза Момынова, осы сияқты Қызыл Тулы 369-атқыштар дивизиясының медициналық-санитарлық бөлімінің дәрігері, аға сержант Әсия Ғалымова, Қиыр Шығыс майданына қатысқан Қаламсия Ермекова, Әзима Ниязғалиева, Мүслима Үмбетова, сондай-ақ жапон милитаристеріне қарсы соғысты Солтүстік Корей елінде аяқтап, Жоғарғы Бас Қолбасшының алғысхатымен марапатталған Қаным Алмағамбетова мен Үмітай Есқалиева, Сталинград шайқасына қатысқандар медбике әрі пулеметші, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Рабиға Зайнуллина және байланысшы Ағипа Кенжеғалиева және басқалар туралы мол мағлұмат берілген. Аталған еңбек өңірден шыққан батысқазақстандық майдангер қазақ қыздары туралы деректерді алғаш рет бір кітапқа топтастырып беруімен құнды.

Соңғы жаңалықтар