БҚО: Жаңақала ауданында адасқан екі қыз 13 сағаттан кейін құтқарылды
Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің бас редакторы Өмірзақ Ақбасовтың хабарлауынша, оқиға былай өрбіген. Молдамұрат қыстағында отырған малшы Амангелді Меңдіғалиев өзінің жеке автокөлігімен қасына 11-ші сынып оқитын қызымен қонақ құдашасын алып, мал іздеуге шығыпты. Қыстағынан 6-7 шақырым ұзағанда, көлігінің дөңгелегі жарылады. Ауыстыратын құралы үйде қалып қойған. Қапелімде жөнделмесін көрген екі қыз үйге қайтады. Сағат күндізгі 12.00 екен. Малшы біраз әуреленіп, көлігін жүргізе алмағасын, ол да үйін бетке алады. Кешкі сағат 21.00 шамасында үйіне жеткенде, екі қыздың келмегенін білген бойда ол үйге кірместен, жоғалғандарды жаяу іздеуге кетеді. Артынан түйе мініп балдызы да шығады. Округ әкімі Сәкен Ғұбашев хабар тиген бойда шұғыл шешім қабылдады. Жер жағдайына жетік әкім құмнан кісі іздеу шөп арасынан ине іздеумен бірдей екенін ескеріп, бірден құмда жүре алатын төрт көлікпен оқиға орнына аттаныпты. Аудан әкімдігіне, төтенше жағдайлар бөліміне хабарлауды да ұмытпапты. Құтқарушылар оқиға аймағына жеткенде, түн ортасы ауып кеткен еді. Қараңғы түнде оттың алыстан көрінетінін ескерген ауыл әкімі тайланған шөпті биік шоқа үстіне шығарып жағып, айнала көлік жарығын түсіреді, төрт көлік із кесіп, құм арасын шарлауға кіріседі.
8 қаңтар күнгі түнгі сағат 1.00 шамасында 13 сағат бойы далада адасқан екі қыз дін аман табылды.
- Адасқанымызды білдік. Үрейленген жоқпыз. Шаршаған соң шөбі қалың шұңқырға жатып, біріміз ұйықтап та алдық. Тоңған жоқпыз. Іздеп тапқандарыңызға алғысымыз шексіз, - дейді қыздар.
Сөйтіп, 13 сағат далада адасқан екі қыз шұғыл әрекеттің арқасында құтқарылды.