БҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жаңа басшы тағайындалды
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Нариман Төреғалиев 1964 жылы дүниеге келген, 1990 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, 2004 жылы Қазақ Алматы қоғамдық университетін бітірген, инженер-экономист, заңгер.
Еңбек жолын 1981 жылы Ақжайық ауданы «Есенсай» кеңшарында жұмысшы болып бастаған ол 1990-1995 жылдары Ақжайық ауданының ХVІІІ партсъезд атындағы кеңшарда экономист, бас экономист қызметін атқарды. Теректі ауданында «Ақжол» шаруа қожалығын басқарды.
2001-2003 жылдары Теректі аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі, Орал қаласындағы кәрі адамдарға арналған интернат үйінің директоры болды. 2003 жылдың наурызынан - облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары, 2008 жылдың шілдесінен ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі БҚО бойынша департаментінің директоры қызметін атқарды.