Блинов кубогы: «Барыс» екінші ойында «Сибирьге» есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін елордалық «Барыс» командасы Ресейдің Омбы қаласында өтіп жатқан шайбалы хоккейден Блинов кубогында екінші ойынын Ресейдің «Сибирь» командасына қарсы өткізді.

«Барыс» хоккей клубы
Фото: «Барыс» хоккей клубы

Елордалық клубтың бас бапкері Дэвид Немировски аталған кездесуде негізінен қазақстандық жас хоккейшілерді сынап көруге шешім қабылдады. Кездесуде елордалық клуб қарсыласына 0:4 есебімен есе жіберді.

Енді олар 24 тамызда 14:00-де «Трактор» (Челябі) командасымен кездеседі. Еске салсақ, бұдан бұрын аталған турнирде «Барыс» Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасынан жеңіліп қалды.

Биыл отызыншы мәрте жалауын көтеретін турнир 20-26 тамызда Омбы қаласындағы «G-Drive Арена» спорт кешенінде болады. Оған елордалық клубтан өзге Ресейдің «Авангард» (Омбы) «Локомотив» (Ярославль), «Сибирь» (Новосібір) және «Трактор» (Челябі) командалары қатысады.

Айта кетсек, «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы төрт ойынын елордада өткізеді. Алдымен 4 қыркүйекте Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасын қабылдаса, одан кейін 6 қыркүйекте «Трактор» (Челябі), 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) командаларымен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар