Блинов кубогы: «Барыс» үшінші ойын қатарынан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін елордалық «Барыс» командасы Ресейдің Омбы қаласында өтіп жатқан шайбалы хоккейден Блинов кубогында үшінші ойынын Ресейдің «Трактор» (Челябі) командасына қарсы өткізді.

Кездесу барысында ресейлік клубтан Михаил Котляревский 2, Сергей Телегин 4-минутта екі шайба соқса, оған Дамир Жафяров 13-минутта бір голмен жауап берді.
Екінші кезеңде «Трактор» хоккейшісі Никита Тертышный 32-минутта басымдықты арттырса, «Барыс» сапынан Уэйд Эллисон 38-минутта есеп айырмасын қысқартты.
Ойынның 56-минутында ресейлік клубтан Чарльз Робинсон қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:4 есебімен жеңіліп қалды.
Енді елордалық клуб 25 тамызда 11:00-де аталған турнирде соңғы ойынын Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізеді.
Биыл отызыншы мәрте жалауын көтеретін турнир 20-26 тамызда Омбы қаласындағы «G-Drive Арена» спорт кешенінде болады. Оған елордалық клубтан өзге Ресейдің «Авангард» (Омбы) «Локомотив» (Ярославль), «Сибирь» (Новосібір) және «Трактор» (Челябі) командалары қатысады.
Айта кетсек, «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы төрт ойынын елордада өткізеді. Алдымен 4 қыркүйекте Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасын қабылдаса, одан кейін 6 қыркүйекте «Трактор» (Челябі), 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) командаларымен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын аталған турнирде бірінші кездесуде «Барыс» Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасынан жеңіліп қалды.
Сондай-ақ «Барыс» екінші ойында «Сибирьге» есе жіберді.