Біліктілігі төмен бе? - Ерлан Әбіл неге сайланған әкімдердің оқытылатынын айтты

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл «Әкімдер мектебі» жобасы қандай қажеттіліктен туындағанын айтты.

Ерлан Әбіл
Фото: Мемлекеттік басқару академиясы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде өткен бағдарламаның ашылуына арналған жиында БАҚ өкілі спикерден «Сайланған әкімдердің біліктілігі төмен бе? Бұл бағдарламаны өткізу неге қажет болды?» деп сұрады. 

— Заң бойынша елімізде сайлауға 25-тен асқан, арнайы немесе жоғары білімі бар азамат түсе алады. Ал ел басқару, жергілікті жерді басқару арнайы біліктілікті талап етеді. Сайланған әкімдерге халық сенді, енді біздің мақсатымыз халық сенген әкімдерге қажетті құзыреттіліктерді, қажетті білімдерді беру, - деп жауап берді ректор. 

Оның айтуынша, курстан өтетін әкімдер 17 ақпан мен 13 мамыр аралығында облыс орталықтарындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалына келіп, дәріс тыңдап, кейстерін шешіп кетіп отырады. Содан соң өз жұмысына оралып, қашықтан оқи береді. 
Үш мегаполис – Астана, Алматы, Шымкент қалаларында оқыту жүргізілмейді. Себебі елімізде тек аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің ғана әкімдері сайланған болатын.

Атап айтқанда, елімізде 2021 жылғы шілдеден 2024 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде ауылдық округтердің 95%-да, яғни 2176 ауылдық округте 2 566 әкім сайланды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев олардың 60%-ы бұрын әкім болып немесе мемлекеттік қызметте жұмыс істемегенін айтты.

Сондай-ақ сайланған ауыл және аудан басшылары қалай оқытылатынын түсіндірді.

Бүгін елімізде сайланған ауыл және аудан басшыларын оқыту басталды.

Соңғы жаңалықтар