Біліктілігі жоқ жұмыскерлер азаматтық қызметшілер құрамына қосыла ма – вице-премьер жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде елімізде біліктілігі жоқ жұмыскерлер саны 288 мың адамды құрайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың жауабында айтылған.

Біліктілігі жоқ жұмыскерлер
Фото: gov.kz

— Еңбек кодексіне сәйкес, мемлекеттік бюджет есебінен азаматтық қызметшілерге сауықтыруға арналған жәрдемақы (лауазымдық айлықақы мөлшерінде) төленеді және жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы (ұзақтығы күнтізбелік 30 күннен кем болмайтын) беріледі. Азаматтық қызметшілерге Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына сәйкес, қызметі кәсіптік даярлық пен арнайы білімді талап етпейтін біліктілігі жоқ жұмыскерлер жатпайды, — деді вице-премьер. 

Үкімет басшысының орынбасарының атап өтуінше, олардың біліктілігін арнайы комиссия (тарифтік-біліктілік сипаттамалары негізінде) анықтайды. Бұл ретте еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген барлық қосымша төлемдер мен үстемеақылар (сауықтыру жәрдемақыларды қоспағанда) біліктілігі жоқ жұмыскерлерге де қолданылады.

— Бүгінде біліктілігі жоқ жұмыскерлер саны 288 мың адамды құрайды. Оларды азаматтық қызметшілер құрамына қосу және оларға сауықтыруға жәрдемақы беру республикалық бюджеттен қосымша қаражатты (2025 жылға 28,7 млрд. теңге) талап етеді. Осыған байланысты, бұл мәселе мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін қарай қаралатын болады, — деді Ермек Көшербаев.

Бұған дейін 10 өңір әкімдігі азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру құқығын пайдаланбай отырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар