Білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының директоры ауысты
АСТАНА. KAZINFORM — Сейфулла Смайылов Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
— Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың бұйрығымен Сейфулла Смайылов Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының директоры болып тағайындалды, — делінген хабарламада.
Сейфулла Смайылов Омбы мемлекеттік педагогикалық институтын «География пәнінің мұғалімі және сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырушы» мамандығы бойынша тәмамдаған. География ғылымдарының кандидаты және PhD дәрежесінің иегері.
Еңбек жолын 1993 жылы география пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін жоғары білім беру жүйесінде қызметін жалғастырып, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты мен Павлодар педагогикалық университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент және құрылымдық бөлімшелердің басшысы қызметтерін атқарған.
2021–2022 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Орта білім беру мазмұны институтында жетекші ғылыми қызметкер болды. 2022–2025 жылдары аталған институтты басқарып, орта білім беру мазмұнын жетілдіру және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік етті.
2025 жылғы желтоқсаннан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары қызметін атқарды.
30-дан астам ғылыми еңбектің, 6 оқу құралының, бір монография мен энциклопедиялық басылымның авторы. Web of Science халықаралық деректер базасында жарияланған ғылыми мақалалары бар.
Бұдан бұрын Мұрат Мұханов Төтенше жағдайлар министрлігінің Аппарат басшысы болып тағайындалғанын жаздық.