Білім беру саласындағы ЖИ қызметін реттейтін заң керек — Мәжіліс спикері

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жасанды интеллектіні дамытуға арналған парламенттік тыңдауда білім беру саласындағы ЖИ қызметін заңмен реттеу қажеттігін атап өтті. 

Білім беру саласындағы ЖИ қызметін реттейтін заң керек — Мәжіліс спикері
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

— Қазір білім беру саласында, әсіресе мектепте жасанды интеллектті қолдану мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Қоғам екіге қақ жарылды — жақтаушылар да, қарсы тарап та бар. Жасанды интеллект нақты білімді алмастыра ма деген қорқыныш жиі айтылады. Әлеуметтік сұрақтарға сәйкес пікірлер әртүрлі. Сауалнамаға қатысқандардың 40,5 пайызы жасанды интеллекттің әсерін оң бағаласа, 37 пайызы теріс қабылдайтынын айтқан. ЖИ оқуды тым жеңіл етіп, материалды меңгеру үстірт сипат алады деп сақсынатындар бар.

Мұның бәрі ақылға қонымды шектеулер мен жаңа технологияларды пайдалану еркіндігі арасындағы дұрыс тепе-теңдікті табудың қаншалықты маңызды екенін растайды, — деді ол.

Оның пайымдауынша, жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайтынын, көмекші екенін дұрыс түсіну керек.

— Бұл оқытуды тиімдірек етуге көмектеседі. Алайда, негізгі білім мен сыни ойлауды дамыту адамның қолында қалады.

Сондықтан, осынау сезімтал салада білім сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты ережелер қажет. Менің ойымша, бұл да заң деңгейінде реттелуі керек, — деді Ерлан Қошанов.

Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жаңа логотипін таныстырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар