Білім беру жүйесіне жасанды интеллект құралдарын енгізудің ұлттық саясаты әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, жаңа буындағы цифрлық оқулықтар әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

- Білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні дамыту және енгізу бойынша жұмыстар Жасанды интеллектіні дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім мен ғылымды дамытуға арналған 2023 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамаға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Қазір Оқу-ағарту министрлігі білім беру жүйесіне жасанды интеллект құралдарын енгізудің мақсаттарын, қағидаттары мен деңгейлерін айқындайтын ұлттық саясатты әзірлеп жатыр. Осы бағытта жаңартылған бастауыш және орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына жасанды интеллект элементтерін, құзыреттілікке негізделген тәсілді және STEM бағыттарын интеграциялау бойынша өзгерістер енгізді, - деді Олжас Бектенов жауабында.
Үкімет басшысының атап өтуінше, бүгінде әртүрлі цифрлық платформаларда (мысалы, AI Kitap, MyIDP, TopIQ.kz) жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, жаңа буындағы цифрлық оқулықтар әзірленіп жатыр. Бұл оқулықтар тапсырмаларды автогенерациялау, мазмұнды жекелендіру, ұғымдарды визуализациялау және оқушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімдеу сияқты мүмкіндіктермен толықтырылады.
- Оның үстіне оқу материалдарының құрылымын, терминологиясын және форматын автоматты түрде сараптауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект алгоритмдері әзірленіп, енгізіліп жатыр. Жасанды интеллектіні жан-жақты қарастыру мақсатында ІТ-саласының сарапшыларының, ғалымдардың, педагог практиктердің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Осы орайда жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу бойынша зерттеулер жүргізіліп, цифрлық этикетті қалыптастыруға бағытталған әдістемелік құралдар әзірленетін болады, - деді ол.
Айта кетейік, елімізде сегіз сала бойынша мамандар даярлау үшін ЖИ қолданатын кәсіби стандарт әзірленіп жатыр.