Білім күні Ақмола облысында 462 мектепте қауіпсіздік сабағы өтті
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – 1 қыркүйекте 600-ден астам ақмолалық полиция қызметкері оқушылар мен олардың ата-аналарына дәріс оқыды.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция департаментінің басшылық құрамы, ювеналды полицейлер, учаскелік және патрульдік инспекторлар білім күні бірінші және он бірінші сынып оқушыларына арналған тақырыптық қауіпсіздік сабақтарын өткізген.
Көкшетау қаласындағы №11 мектеп – гимназиясының оқушыларын білім күнімен бірінші ПД бастығы полковник Нұрсұлтан Мұқашев құттықтады. Ол өз сөзінде полиция тарапынан оқу орындарының қабырғаларында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қорғау үшін ең тиімді шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Биыл аталмыш мектепте барлығы 1 100-ден астам оқушы білім алатын болса, оның 83-і алғаш рет мектеп табалдырығын атап отыр. №11 мектеп – гимназия бұл Көкшетаудағы 5-9 сынып оқушылары кіретін «Жас сақшы» құқық қорғау бағытындағы 7 сынып ұйымдастырылған жалғыз орта оқу орны. Кадет сыныптарының бірі 2011 жылы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция аға сержанты Болат Қажымовтың есімімен аталады.

Сонымен бірге ПД басшысы биылғы оқу жылының алғашқы сынып сағаттарына қатысып, оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу, әсіресе тыйым салынған заттар мен қорқыту деректерін таратуға жол бермеу тақырыбында дәріс оқыды.
«Жалпы, бұл күні Ақмола облысының 462 мектебінде осындай қауіпсіздік сабағы өтті. Өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу және полиция қызметінің беделін арттыру мақсатында көшеде патрульдік полицияның қызметтік автокөліктерін көрсету және полиция батырларымен, мемлекеттік наградалардың иегерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Демалыс кезінде бірқатар алдын алу шарасы жүргізілді. Атап айтқанда, өңірдің барлық оқу орыны тексерілді, олардың техникалық жарақтандырылуы, оның ішінде бейнекамералар мен дабыл түймелері тексерілді. Мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелердің жанында жаяулар жолының жай-күйі тексеріліп, қосымша жол белгілері, жасанды көлік кедергілері, бағдаршамдар орнатылды. Бұған қоса, өңірде «Назар аударыңыз, балалар! Жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Мектепке жол» акциясы барсында 21 мыңға жуық ақмолалық оқушы көмек алғанын жазған едік.