Білім саласында Президент тапсырмаларын орындау қарқынды жүріп жатыр - ғалым

Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, доцент Марал Қалиева Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

марал қалиева
Фото: спикердің жеке архивінен

«Бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырған болатын. Онда ел дамуының жаңа әрі маңызды бағыттары көрсетілген. Мемлекет басшысы балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан іргелі білімге, цифрлық технологияларға және қолайлы білім инфрақұрылымына тең қол жеткізуді көздейтін сапалы білімнің рөлі өсіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, мұғалімдерге де айрықша маңыз беріліп отыр. Атап айтқанда, жоғары ақпараттық және инновациялық технологиялар жағдайында үздіксіз жаңартылатын білімді дамыту маңызды басымдыққа айналады», - деді М. Қалиева.

Оның айтуынша, қазіргі қоғамның тез өзгеретін өмір сүру жағдайлары құзыреттілігі мен командада жұмыс істей білу қабілеті бар, сондай-ақ коммуникативтілігі мен ұтқырлығы бар жоғары білікті маманның маңызын ашып отыр.

Халықаралық білім кеңістігі бағытындағы белсенді интеграция сапалы білімге сұраныс деңгейін айтарлықтай арттырады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бағытында жыл басынан бері 55 мыңнан астам оқушы орнына арналған біраз мектеп пайдалануға берілді. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы өсті: бакалавриат студенттеріне – 20 пайызға, магистранттар мен докторанттарға – 15 пайызға, колледж студенттеріне – 50 пайызға. Президент тапсырмасы бойынша ЖОО студенттерінің стипендиясы 2025 жылға дейін 2 есе ұлғаяды», - деді ғалым.

Марал Қалиеваның пайымынша, Әділетті Қазақстанды құру бағытында серпінді идеялары бар, нарықтық экономиканың ерекшеліктерін терең және жан-жақты білетін, бәсекелестік ортада жұмыс істегісі келетін, жауапкершілікті өз мойнына ала алатын креативті әрі білімді маман менеджерлер қажет.

«Білім – ғылымды, оқу ағарту ісін дамытудың, қоғамның патриоттық тәрбиесінің іргелі негізі. Сондықтан білім саласы жаңғыртушы күшке ие және ел дамуының маңызды әрі негізгі бағыттарының бірі ретінде серпін береді», - дейді Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері.

Еске салсақ, былтыр қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі қаулыға қол қойған еді. 

Соңғы жаңалықтар