Білімге салынған инвестициялар нақты нәтижесін берді — Жұлдыз Сүлейменова
АСТАНА. KAZINFORM — 2019-2025 жылдары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі үш еседен астам ұлғайды. Оның 65,9%-ы ұстаздарымыздың еңбекақы қорына жұмсалады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астанада өтіп жатқан Тамыз конференциясында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, оқушыларды тамақтандыру және оқулықтармен қамтамасыз ету шараларына да тұрақты қаржы бөлініп жатыр.
Техникалық және кәсіптік білімге қолдау күшейіп келеді.
— Ең негізгісі — білімге салынған инвестициялардан бүгінде нақты нәтиже бар. Қазақстан халықаралық рейтингтерде адам капиталының дамуы, білім сапасы және бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінде позициямыз нығая түсті, — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сала министрі білімге деген мемлекеттік көзқарас өзгергенін де атап өтті.
— Білім — ел болашағына салынған стратегиялық инвестицияға, ал мұғалімдеріміз — мемлекетіміздің адам капиталын қалыптастыратын негізгі тұлғаға айналды, — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысып отыр.