Блогер ме, интернет-журналист пе?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кейінгі кездерде бұқаралық ақпарат құралдарын қатаң бақылауға алу туралы әңгімелер жиі айтылып жүр.
None
None

Саясаткерлердің пікірінше, интернет ресурстарындағы әлеуметтік желілер, мессенджерлер сияқты ақпараттық кеңістіктің кейбір бөлігі мемлекеттің бақылауында жоқ. Алайда қазіргі кезде әлеуметтік желілерде отырған блогерлерден басқа онлайн басылымдарда ресми жұмыс істейтін кәсіби интернет-журналистер бар. Сондықтан ең алдымен кәсіби журналистер мен блогерлердің аражігін заңмен анықтап алу қажеттілігі туындады. Соған байланысты кейбір журналист-блогерлер Ақпарат және коммуникация министрлігіне осындай ұсыныспен шықты, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. 

Бүгінде электрондық техниканың да­муының арқасында ақпарат алмасу ағыны анағұрлым артты. Әлемде интернет желісі пайда болғаннан бастап онда әркім өзінің жеке блогын ашып, ақпараттар тарата бас­тады. Бүгінде оның тармақтары тым те­реңдеп кетті. Мысалы, «Твиттер» (Twitter)  пайда болғаннан кейін микро-блог­тар тіпті көбейді. Кез келген мемлекетке ішкі, сырт­қы саясатын дұрыс жүргізу үшін ақ­парат таратудың маңызы өте зор. Осы кү­ні ғаламтор желісіндегі ақпараттардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін білмей дал болатын жағдайға жеттік. Бұрыннан келе жатқан газет, радио, те­ледидар сияқты ақпарат тарату көздері ең ал­дымен объективті, нақты, шынайы ха­бар беруді басты назарда ұстайтын. Журналистика ең ежелгі екі мамандықтың бірі болып саналады, сондықтан хабар таратудың әдіс-тәсілдері ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан. Ал ғаламтор же­лі­лерінде  өз ойларымен бөлісетін блогерлер бұл санатқа жатпайды, журналистикамен оны қатар қоюға болмайды. Заңгер Серік­қали Мусиннің айтуынша, әлеуметтік же­лілердегі блогерлердің жұмыстарын қа­дағалау мүмкін емес. Олар үшін заңға өз­герістер енгізудің де қажеті шамалы, өйт­кені олар қоғамдық пікірлерді қалып­тастыратын көлемді сараптама мақалалар жазбайды, тек қысқа ғана ақпараттарды таратады. 
- Өзінің жұмысын алға жылжыту үшін әлеуметтік желілерді пайдаланатын, басылымдарда істейтін журналистер бар. Қазіргі жағдайда заңмен болмаса да, ин­тернетпен жұмыс істейтін кәсіби жур­на­листер мен блогерлерді ажырататын түсі­нік термин жасаудың қажеттілігі туды. Мүм­кін, ғаламтор желілерінде жұмыс іс­тейтін немесе оны институт ретінде пай­даланатын, кәсіби журналистер одағын құру керек шығар. Бұл эксперттік дең­гейде баға беретін, дау-дамай туындаған кездерде талдайтын, медиатор ретінде ара ағайын болатын одақ болар еді. Мұндай одаққа бірігу кәсіби журналистерге бір жағынан жан-жақты қолдау көрсетсе, екінші жағынан мол тәжірибе берер еді. Өмірі, жұмысы журналистикамен байла­нысты ақпараттық кеңістікке қатысу­шы­ларға деген сенімнің артуына мүмкіндік бе­реді» дейді журналист-блогер Д.Криво­шеев.
Оның пікірінше, әлеуметтік желілерді бел­сене пайдаланатын, кәсіби мамандығы бар, өзінің желісінде өзекті әлеуметтік мә­селелерді көтеріп жүргендерді бло­гер­лер деген жалпы атаудан ажыратып, ин­тер­нет-журналист деп атау керек. Кәсіби жур­налистерде салмақты, эмоциясыз ақпараттар беруге арнайы білімі де, тә­жірибе де жеткілікті. Олар блогерлер сияқ­ты емес, ақпарат таратудағы барлық жауап­кершілікті жақсы түсінеді, заңда жа­зылған, жазылмаған ережелерді, тәр­тіпті қатаң сақтайды. 

Бұдан бес жыл бұрын блогер де­ген­нің кім екенін ешкім білмейтін, оның немен айналысатынын әлі де көпшілік түсіне бермейді. Сондықтан журна­листика мен блогерліктің аражігін ажы­рата білуіміз керек. Блогерлік - бұл журналистика емес. Мысалы, блогер жолдың ортасы ойылып түсіп кетсе немесе құбыр жүргізу үшін қа­зылған болса суретке түсіріп өзінің сайтына салады да «қала басшылығы жұмыс істе­мейді, көлік жүретін жолдар тозып кетті» деп қысқаша мәлімет береді. Ал журналист болса алдымен қалалық ат­қару органдарына ха­барласып оны кім қазды, кім кінәлі және қашан жөнде­леті­нін білгеннен кейін то­лықтай ақ­парат беретін мақала жазады. Блогер өзі үшін жазады, автор өзінің оқыр­ман­дарымен ой бө­ліседі, ал журналист қа­лың оқырмандарға, жалпы аудиторияға ар­нап жазады. Блогер - көпшілік үшін моральдық ләззат алатын хобби, шамалы адамдар үшін табыс көзі, не көрді, соны жазады. Оның қолы бос кез­дегі ермегі, жоспарсыз жұмыс іс­тейді және ешкімнің алдында есеп бер­мейді, оған ешкім шығар­машылық та­лаптар қоймайды. Ол грам­ма­тикалық, орфографиялық заң­дылықтарды да сақтауға міндетті емес, ауызекі тілде жаза береді. Блогер білікті маман, са­рапшы бол­маса да өз ойын жұртқа та­ратып, қате пікір тудыруы мүмкін. Ал журналистика - бұл жұмыс, кәсіби табыс көзі. Журналист ре­дак­цияның тапсыр­масымен кез келген уақытта ақпарат алу үшін жан-жаққа са­парға шығуға дайын болады. Ол үнемі жаңа, қызықты ақпараттар мен фактілерді жинап жүреді. Журналистің айтқан пі­кірлері нақ­ты материалдармен, факті­лермен бекиді. Сондықтан ол ең ал­дымен белгілі бір факті­лерге сүйеніп, табан тірейтін мате­риалдарға сүйеніп барып іске кіріседі. Бір сөзбен айт­қанда, жур­налистің қателесуге құқы жоқ, ал блогерге ол болады. 
Журналистер мен блогерлер жұмы­сын­дағы негізгі айырма­шылықтар осын­дай. Осы жағынан алып қарағанда интернет-журналистер мен блогерлер­ді ажырататын, кімнің кім екендігін білді­ретін термин, түсініктерді заңмен анықтау керек деген интернет-жур­налистердің пікірлері орынды сияқты. Дегенмен, блогерлер қоғамда өз орнын алып, ғаламтор желілерінде кеңінен етек жайып келеді. Әлеуметтік желілер арқылы қоғамдағы кей­бір бұрыс тұс­тарды айшықтап, келеңсіз жағдайларды халық болып талқылауға мұрындық бол­ды. Бірақ ежелден келе жатқан жур­налистика ма­мандығын ешқандай бло­герлік желілер алмас­тыра алмайды. Бұқаралық ақпарат құралдары дегені­міз - нақты анықталған әлеуметтік қызметі бар қоғамдық институт. БАҚ елде болып жатқан оқиғалардан хабар­дар ететін негізгі ақпарат көзі, оның жұ­мысы тұрақты процесс. Сондықтан тек бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдарында ғана ресми ақпараттар жарияланаты­­нын ұмытпа­ңыз­дар.

Соңғы жаңалықтар