Блокчейн: әлемде қалай дамып жатыр және Қазақстан үшін перспективалары

Блокчейн дегеніміз не?
Технологияны қолданбас бұрын блокчейннің не екенін түсінген жөн. Блокчейн тұжырымдамасының тарихы 1979 жылдан басталады. Америкалық ғалым Ральф Меркл «хэш ағаш»-ты патенттеді, ол, сондай-ақ, «Меркл ағашы» атауымен де танымал. Бұл технология компьютерлік жүйелер арасындағы деректер құрылымын тексеру мен өңдеу арқылы жұмыс істеді. Сонымен қатар алмасуға жататын ақпараттың тұтастығын сақтау мен растау үшін пайдаланылды. 1991 жылы «Меркл ағашы» қауіпсіз блоктар тізбегін құру үшін пайдаланылды. Олардың әрқайсысы алдыңғы жазбалармен байланысты деректер жазбаларының сериясынан тұрды. Бұл тізбектегі жаңа жазба барлық деректердің тарихын қамтыды.
Фото: IStock
1991 жылы америкалық ғалымдар Скотт Старнет пен Стюарт Хабер деректер тізіліміндегі өзгерістер тарихын қолдан жасау мен алаяқтықтан қорғаудың жолын тапты. Олар жүйеде бір жалпы тізілімнің орнына онымен өзара байланысты көптеген жеке көшірме болуы мүмкін деген қорытындыға келді. «Сандық құжатта уақыт белгісін қалай жасауға болады» деген атаумен жарияланған ғылыми мақаласында технологияны блокчейн деп атады. Бөліктерге бөлінген электрондық тізілім деректерді сандық блоктарда сақтайды. Әрбір блок келесі блокта көрсетілетін «хэш» деп аталатын белгілі бір кодты қамтиды. Осылайша, бір блокты өзгерту үшін барлық басқа блоктарды өзгерту қажет, ол мүмкін емес.
Сторнетт, Хабер және Мерклдің ғылыми еңбектері сол кезде аса танылған жоқ. Біраз уақыттан кейін олардың тұжырымдамасын, яғни блокчейнді енгізген жұмбақ бағдарламашы Сатоси Накамото оны әлемдік деңгейге жеткізді. 2008 жылы дәл осы технология биткоинді құруға негіз болды. Сондай-ақ ол блокчейндегі блоктарға қызмет көрсету мен тексеру үшін қаржылай ынталандыру жасаған криптовалюта өндірісі тұжырымдамасын ұсынды.
Технологияның бірегейлігі
Блокчейн технологиясының бірегейлігі сол, ол жаңартылып отыратын ақпарат жалпы және үнемі тексеріліп тұратын мәліметтер базасы ретінде сақталады. Ол бір ғана серверде емес, жүйеге қосылған миллиондаған компьютерде орналасқан өзара байланыстағы және парольді блоктар тізбегі. Бұл хакерлік шабуылдардың қаупін азайтады. Одан бөлек, аталған технологияның орталықсыздандыру, ашықтық және сенімділік секілді артықшылықтары бар.

Фото: support.bingx.com
Блокчейн технологиясы жан-жақты және ол тек криптовалюта нарығымен шектелмейді. Көптеген елдер оны күнделікті өмірге енгізу мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Бұл технология деректердің үлкен көлемін сақтау мен ақпараттың дұрыстығын растауға аса қажет. Блокчейнді банк секторында, заңнамада, денсаулық сақтауда, жылжымайтын мүлікте, энергетикада және тағы басқа салаларда сәтті қолдануға болады.
Сондай-ақ, блокчейн технологиясын жасырын және қауіпсіз дауыс беру процесін автоматтандыруда қолдануға болады. 2018 жылдың наурыз айында Сьерра-Леонеде әлемде алғаш рет блокчейнге негізделген президенттік сайлау өтті. АҚШ-та бұл технологияға қызығушылық жоғары. Атап айтқанда, Конгресс блокчейн туралы заң жобасын дайындау үшін зерттеу жүргізіп жатыр.
Сарапшылар пікірі
Биыл 15 наурызда «Крипто қиылысы: крипто және блокчейн саясатының болашағын бағдарлау» тақырыбында екіпартиялық саясат сараптамалық орталығы өткізген конференцияда сенаторлар -Демократиялық және Республикалық партиялардың өкілдері өз ойларын ортаға салып, бағаларын берді.

Сенатор Джон Хикенлупер әлемде сенімді түрде қорғалуы тиіс көптеген ақпарат бар екенін және блокчейн технологиясы бұған көмектесе алатынын атап өтті.
«Блокчейн қауіпсіздікті арттыруға, шығындарды азайтуға және ашықтықты күшейтуге қабілетті», – деді Джон Хикенлупер.
Сенатордың пікірінше, блокчейн ақпараттың сақталуын және деректермен алмасуда ашықтықты қамтамасыз ету қабілеті жеке өмірге қол сұғылмаушылық пен барлық жазбалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет денсаулық сақтау саласында қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар науқастардың жеке өміріне нұқсан келтірмей блокчейн арқылы қол жеткізуге болатын, әрі қалпына келтіруге және жалпыға ортақ пайдалануға болатын құнды ақпарат бар.
Сенатор Том Тиллич блокчейнді зияткерлік меншік сияқты цифрлық авторлық құқықты басқарудың тамаша механизмі болатын платформа ретінде пайдалану қажет деп санайды.

«ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісінің әлемде блокчейнді дамыту және оның АҚШ пен Қазақстан үшін болашағы туралы сауалына инновациялық реттеу альянсының тең құрылтайшысы және атқарушы директоры Дэвид Эрлих бұл технологиясы ғұмырлы өте маңызды сала деп жауап берді. Оның айтуынша, блокчейнді қолданудың көптеген перспективалары бар. Бүгінде блокчейнді ақшаны жылыстатумен күресу үшін қолдануға болатын әдістері зерттелуде.

«Блокчейнді қолдануға болатын маңыздылығы мен тағы бір пайдалы салалардың бірі сапасыз өнімдер туралы ақпаратты бақылау және тексеру бола алады. Себебі тауардың қайдан келгенін білуге болады», – дейді сарапшы.
«Luminous Group, LLC» компаниясының бас директоры Кэрол Ван Клиф майнинг бұл блокчейндегі электрондық операцияларды уақтылы өңдеу мақсатында машиналар жүргізетін ақпаратты өңдеу ғана екенін атап өтті.
«Басты мәселе – блокчейн мен криптовалютаға қатысты ақпаратты өңдеуге қанша энергия жұмсалатындығында», - деді спикер.

Қазақстан үшін перспективалар
Айта кету керек, Қазақстан жаңа технологияларды зерделеу және қолдану бойынша қадамдар жасап жатыр.
Атап айтқанда, еліміз блокчейн технологиясы саласында 40 мыңнан астам маман даярлау бойынша әлемдегі ең ірі білім беру бастамасын қолға қосып жатыр. Жобаны табысты іске асыру үшін 2022 жылғы маусымда Ұлттық Банкінің төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы мен Astana Hub блокчейн – индустрияны қолдауға бағытталған блокчейн-орталығы жобалау кеңсесін құрды.

Фото: martechcube.com
Дэвид Эрлих атап өткендей, блокчейн мен криптовалюта екі түрлі дүние. Мәселен, кейбір жекелеген сарапшылардың бағалауы бойынша, блокчейн технологиясы дамымақ, бірақ криптовалюта транзакциясы саласында жүзеге асыруы екіталай. Өйткені көптеген мемлекеттер банктер арқылы қаражат аудару процесіне бақылауды сақтап қалуға ұмтылады. Осы орайда Қытай, АҚШ, Ресей және басқа да елдер, оның ішінде Қазақстан да бар ұлттық цифрлық валюта құрып жатыр.