Bloomberg: АҚШ есірткі картельдерімен күреске 4 мың теңіз жаяу әскерін жібермек
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Қорғаныс министрлігі Латын Америкасы маңындағы аудандарға 4 мыңнан астам теңіз және теңіз жаяу әскерін жұмылдырмақ. Бұл Дональд Трамптың есірткі картельдерімен күреске әскерді жұмылдыру туралы мәлімдемесінен кейін қабылданған шешім. Бұл туралы Bloomberg агенттігі ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлайды.

Дереккөздің айтуынша, Орталық және Оңтүстік Америка мен Кариб бассейні кіретін Оңтүстік қолбасшылығы аумағына «Иводзима» амфибиялық десант тобы мен теңіз жаяу әскерінің 22-ші экспедициялық отряды жөнелтілді. Бұл күштер дағдарыс жағдайында бірлескен топ ретінде әрекет етеді.
Әскерлердің нақты міндеті көрсетілмеген. Алайда The New York Times басылымы осыған дейін Трамптың Пентагонға латынамерикалық есірткі картельдеріне қарсы әскери әрекеттердің түрлерін дайындауға бұйрық бергені туралы жазды.
Мексика болса өзінің аумағында америкалық күштердің әрекет ету мүмкіндігін жоққа шығарды.
Осыған дейін АҚШ әскери-теңіз күштері осы бөлімшенің Норфолктен Вирджиния штатына жіберілгенін мәлімдеген болатын. Ал жақында Оңтүстік қолбасшылығының картельдерге қарсы операциялар жүргізу үшін қосымша ресурстарға ие болатыны анықталды.
Осыған дейін АҚШ-та заңсыз жүрген миллионнан астам адам өз еркімен елдеріне қайтқаны туралы жаздық.