BMW жүргізушісі Қарағандыдағы жанармай құю стансасының ғимаратына кіріп кетті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда жанармай құю стансасының (ЖҚС) аумағында жол-көлік апаты орын алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстың ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алдын ала деректер бойынша, Қарағандыда 11 қаңтар күні жылдамдықты шектен асырған 29 жастағы BMW автомашинасының жүргізушісі Бөкетов пен Тәттімбет көшелерінің қиылысында орналасқан ЖҚС ғимаратына кіріп кетті. ЖКА дерегі бойынша, ҚР Әкімшілік кодексі 610-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Зардап шегушілер жоқ. Қажетті экспертизалар тағайындалды», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Оның айтуынша, ЖҚС-ға келтірілген залалдың сомасы анықталуда.
Оқиға барысындағы фотолар мен видеолар әлеуметті желіге тарап кетті. Кадрда көрсетілгендей, автомобиль ЖҚС ғимаратына кіріп кетіп, шыны құрылымды соқты.