Боби шынымен 31 жыл өмір сүрді ме — Гиннес рекордтар кітабы тергеу жүргізіп жатыр
Гиннестің рекордтар кітабы әлемдегі ең кәрі ит атағына өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты. Өйткені бұрынғы рекордшы, португалдық мастиф Бобидің атағы күмән туғызған, деп жазады ВВС.

Өткен жылы Боби (тұқымының ресми атауы — Рафейру ду Алентужу) жайлы әлемдік БАҚ екі рет шулады: біріншісінде Рекордтар кітабы оған әлемдегі ең кәрі ит мәртебесін бергенде және өлген соң планетамызда бұрын-соңды ең ұзақ тіршілік еткен ит атанғанда.
Боби өткен жылдың қазан айында 31 жыл 165 күн өмір сүріп, көз жұмды. Бұл жасты адам жасының баламасымен санасақ, ол 217 жыл өмір сүрген екен. Бұған тіпті ветеринарлар да сене алмай отыр.
«Менің ветеринар әріптестерімнің ешқайсысы Бобидің шынымен 31 жаста болғанына сенбейді», — деді Корольдік мал дәрігерлері колледжінің кеңес мүшесі, ветеринар Дэнни Чемберс британдық Guardian газетіне.
Оның айтуынша, Гиннестің рекордтар кітабы ветеринарлар алдында беделін сақтап қалғысы келсе, бұлтартпас дәлелдер ұсынуы керек.
Боби ұзақ өмір сүрді, бірақ рекорд жасаған жоқ деп есептейтіндер неге солай ойлайды?
Португал мастифтерінің орташа өмір сүру ұзақтығы — 12-14 жыл. Ветеринарлардың айтуынша, Бобидің орташа көрсеткіштен екі есе артық тіршілік еткенін елестетудің өзі өте қиын.
Иттің ұзақ жасауына күмән келтірген тағы бір жайт ресми тіркеуге қатысты: оның шынымен 1992 жылы туғанын кім, қалай және қашан тексерді?
Португалияда бүкіл үй жануарлары тіркелген Sistema de Informação de Animais de Companhia (SIAC) ұлттық деректер базасы бар.
Wired жетекші журналистерінің бірі Мэтт Рейнолдс рекордшының жасын растау немесе жоққа шығаруды өтініп SIAC-пен тікелей байланысқа шыққан.
Ол алған жауап жағдайды түсіндірудің орнына керісінше, бәрін шатастырды.

«Біз Боби есімді иттің SIAC-та 2022 жылдың 3 шілдесінде тіркелгенін растай аламыз, — деп жазады хатында SIAC үйлестірушісі Эурико Кабрала. — Жануардың иесі оның 1992 жылы туғанын айтты, бірақ бізде мұны растайтын немесе жоққа шығаратын деректер жоқ».
Күмәннің бәрі иттің сүйегі кремацияланғаннан кейін туғандықтан иттің құрметті жасының немесе оның бұрынғы иесінің алдағанының бұлтартпас дәлелі жоқ және болуы да мүмкін емес.
Енді жанама дәлелдемеге жүгіну керек.