«Богатырь Көмір» компаниясы бюджетке 777 млн теңге салық төлемеген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысының мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген тексеріс нәтижесінде «Богатырь Көмір» ЖШС компаниясы корпоративтік табыс салығын заңсыз түрде 15% орнына 5% мөлшерінде қолданғаны анықталды. Бұл туралы өңірлік прокуратурадан хабарлады.

– Тексеру нәтижесінде кәсіпорынға 777 млн теңге қосымша салық төлеу туралы хабарлама берілді. Департаменттің шешімімен келіспеген серіктестік салық органының шешіміне қатысты әкімшілік сотқа шағымданды. Нәтижесінде ол хабарламаның күшін жойды. Бірақ прокуратураның апелляциялық өтініші бойынша Павлодар облыстық соты салық есептеу туралы хабарламаны заңды деп таныды, - деп мәлімдеді прокуратурадан.
Соттың шешімі әзірше заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда «жасыл» салық енгізу ұсынылғанын хабарлаған едік.