Богдан Вехов шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан шорт-тректен Солт-Лейк-Сити қаласында (АҚШ) өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екінші медальға қол жеткізді.

Богдан Вехов шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола алды
Фото: ҰОК

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, бұл жолы ұлттық құрама қоржынына жүлдені Богдан Вехов салды.

Отандасымыз 1000 метр қашықтықта сәтті өнер көрсетті. Вехов 1:24.177 уақыт көрсеткішімен мәре сызығын кесіп, қола жүлдегер атанды.

Алтын медальді Оңтүстік Корея өкілі Пак Соджун (1:23.802) жеңіп алса, күміс жүлде Қытай спортшысы Юйхэн Лиге (1:23.903) бұйырды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан әйелдер құрамасы эстафеталық жарыста үшінші орынға ие болған еді.

Бұдан бұрын Ұлттық құрама әйелдер арасындағы 3 000 метрлік эстафетада қола жүлдеге қол жеткізгенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар