Бөгет бұзылғанда үйінде ұйықтап қалған ерлі-зайыптыны аман-есен алып шықтық – полиция қызметкері

АҚТӨБЕ. KAZINFORM -  Тасқын кезінде ауыл тұрғындарын аман-есен қауіпсіз жерге алып шыққан Әйтеке би аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Дархан Кемелтаев бүгін марапатталды. Ол наурызда басталған тасқынға қарсы күрес жұмыстарының қалай жүргенін айтып берді.

бөгет
Фото: Кейіпкерден

Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Дархан Кемелтаев төтенше жағдай жарияланбас бұрын күшейтілген тәртіпте жұмыс істеген. Әйтеке би ауданы Талдысай ауылы маңындағы Щербаков бөгеті қауіп төндірген күннен бастап-ақ тәртіп сақшыларының жұмысы адам өмірін сақтап қалуға бағытталды. Олар ауылдың ең қауіпті деген көшелерін өзара бөліп алып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Көшуге кеңес беріп, әр үйді аралады. Тәртіп сақшыларының ескертуін күнделікті тірлік деп білген кейбір тұрғын баспанасын тастап шығуға келіспеді. Ешкімді күштеуге болмайды. Бұл – бұйрық. Алайда полиция қызметкерлері сол маңда күні-түні жүріп, күзетті күшейтті. 29 наурызда таңда бөгет бұзылып, ауыл шетін су басты. 

бөгет
Фото: Кейіпкерден

«Ырғыз өзенінің бойында орналасқан көшелердің бәрін су басты. Сол кезде алдын ала ескерту айтылған, бірақ эвакуациялауға көнбеген адамдардың үйін қайта қарап шығуды жөн көрдік. Ерлі-зайыптының қалып қойғанын біліп, бірден сонда бардық. Күйеуі мүгедек, ал әйелі соның күтушісі. Олар «біз шықпаймыз, ештеңе болмайды» деп сенімді жүрді. Су келгенде ауласына кірген екен. Ал ерлі-зайыпты ұйықтап жатқан. Біз есік-терезесін қағып, алып шықтық. Тіпті итін де ертіп алдық. Сонымен бірге көшуден бас тартқан басқа да адамдарға бардық. Су екпіні күшті, тіпті үйлерді құлатып кеткен сәттерін көрдік. Менің жанымда әріптесім Айбек Алтынбаев болды», - деді Әйтеке би аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Дархан Кемелтаев.

Полиция қызметкерлері адамдармен бірге мал айдап, қауіпсіз жерге бағыттауды да өз міндетіне алған. Сонымен бірге ауыл тұрғындарын көшірген соң ұрлық-қарлық, тонау деректерінің алдын алу үшін бақылауды күшейтті. 

бөгет
Фото: Кейіпкерден

«Біз үшін адамның амандығы маңызды болды. Бәрі де аман-есен. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлігі үшін» медалін алдым. Қуанышым қойныма сыймай жүр. Бұл – менің бірінші марапатым», - деді Дархан Кемелтаев.

Айта кетейік, Дархан Кемелтаев 2013 жылдан бастап құқық қорғау саласында жұмыс істейді. Ал Әйтеке би аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы қызметін атқарып жүргеніне үш жыл толды.

Соңғы жаңалықтар