Бөкей хан тарихындағы ақтаңдақтар - баспасөзге шолу

Жыл сайын 1 тамыз күні республикалық «Мектепке жол» шарасы басталатыны белгілі. Газеттің 2 тамыз күнгі санында бұл да қағыс қалмаған - «Мектепке жол» басталды» (Ләззат Шағатай).
«Биыл республика бойынша сегіз жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Мектепке жол» акциясына үлес қосуда облыстық ішкі істер департаменті көш бастап келеді. Департамент ұжымы өткен оқу жылы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың және жетім балалардың мектепке баруына 6 млн. теңге қаражат бөлсе, биыл 5 млн. теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы кеше облыс әкімдігінің кіші залында «Мектепке жол» акциясының басталуына орай өткен селекторлық кеңесте айтылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов төрағалық етті», делінген онда.
- Биылғы акция тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен өткізілмек. Шара ағымдағы жылдың 1 тамызынан басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасатын болады. Бірнеше жыл бойы қатарынан өткізіліп келе жатқан шара оң нәтиже көрсетуде. Облысымыз бойынша сегіз жыл ішінде 117 647 балаға 534 млн. теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді. Былтырғы жылы акция барысында әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасының 19512 ұл-қызына 101,4 млн. теңгенің, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 11 157 балаға 51,9 млн. теңгеге қаржылай және материалдық көмек көрсетілді. Өткен жылдармен салыстырғанда Ақжайық, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қаратөбе, Теректі аудандары мен Орал қаласы бойынша материалдық көмек көрсету жақсы деңгейге жетіп отыр. Жыл сайын демеушілер мен бизнес құрылымдарының, жеке адамдар мен түрлі мекемелердің белсенділігі артып, қолұшын созып келеді. Солардың арасында үшінші жыл қатарынан көш басында тұрған облыстық ішкі істер департаменті өткен оқу жылы 6 млн. теңгеге көмек көрсетті, - деген облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың ішінен материалдық көмекпен қамтылмай қалған оқушы жоқ екенін атап өтті.
Одан әрі Марат Лұқпанұлы аудандар бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысын талқылап, акция бойынша төмен көрсеткіш көрсетіп отырған аудан басшыларына өткір сын айтып, жұмысты жандандыруға тапсырма берді.
- Алдын ала берілген мәлімет бойынша Зеленов, Қазталов, Жәнібек, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандарында материалдық көмекті қажет ететін балалар санының көрсеткіші жоғары. Дегенмен оларға жан-жақты көмек көрсету үшін бюджеттен қаралатын қаржы өз алдына, жеке адамдар мен бизнес құрылымдарын, демеушілерді тарту жетіспей жатыр. Бұл тікелей Елбасының қадағалауындағы тапсырма болғандықтан, акцияға жайбарақат қарауға болмайды. Алдағы уақытта акция бойынша сараптамалық қорытынды жасалып, әр ауданның есебі тыңдалатын болады, - деді облыс әкімінің орынбасары.
- Бүгінгі таңда ішкі істер органдарында 96 отбасы тіркеуде тұр.
Ал осы қолайсыз жанұяларда 300-ден астам бала тәрбиеленуде. Биыл кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында 23 қылмыстық оқиға тіркелді. Соған орай жергілікті полиция қызметінің басшылары түнгі мезгілдегі жұмысты жандандырып, рейдтік шараларды күшейту керек. Жазғы демалыс кезінде балалардың қараусыз қалуына жол жоқ. Жоғарыда аталып өткендей, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде ішкі істер органдарының полиция қызметкерлері 6 млн. теңгеге үлес қосты. Бұл - ұжымның бірлескен шешімі. Биыл да жұмыс жоспары бойынша офицерлер мен жеке құрам арасында кеңестер өткізіліп, ұсыныстар қолдау тауып, алдағы уақытта 5 млн. теңге қаржы бөлінеді деп жоспарлануда, -дейді жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин.
Жиын соңында Марат Лұқпанұлы «Мектепке жол» акциясы бойынша төмен көрсеткіш көрсетіп отырған аудандарға жұмысты ширатуға тапсырма беріп, облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Махамбет Әбисатовқа алғысын білдірді.
БҚО басшылығы Қазақстан өңірлері ғана емес, шет елдермен де тиімді байланыс орнатуды мақсат етіп келеді. «Ақ Жайық Иранмен іскерлік байланыста» соған дәлел.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен берілген ақпаратта шілденің 30-31-і күндері облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған Батыс Қазақстан облысының делегациясы Иранға іссапармен барды. Делегация құрамында мұнай-газ және ауыл шаруашылығы саласындағы қазақстандық компаниялардың өкілдері болғаны айтылған.
Сапар барысында Ирандағы ҚР елшілігі Тегеранда бірнеше пайдалы кездесулер ұйымдастырды. Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің Иран Ислам Республикасының мұнай өндірісі жабдықтарын өндірушілер ұйымы директорлар кеңесінің төрағасы Хайямий мен директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Лидервпен кездесуі өтті.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының кәсіпорындары мен ирандық мұнай компанияларының арасында В2В ұйымдастырылды. Мұнда біздің облыстың мүмкіндіктері таныстырылып, мұнай саласының кейбір мәселелері талқыланды.
Сапар барысында ИИР-ның Сауда, шахта, индустрия министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларымен, сонымен бірге мұнайхимиялық өндірісінің ассоциациясы және ирандық ірі компания өкілдерімен кездесулер өтті.
Сондай-ақ Альбурз провинциясында бизнес-форум ұйымдастырылып, Батыс Қазақстан облысының түрлі саладағы әлеуеттік мүмкіндіктерінің таныстырылымы болды.
Өткен келіссөздер барысында тараптар БҚО мен Иран арасындағы саудаэкономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық серіктестіктің негізгі мәселелерін талқылады.
Сапар нәтижесінде ауыл шаруашылығы, мұнайхимия, өнеркәсіп саласы бойынша екіжақты келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
- Осы жылы Мемлекет басшысы Иранға ресми сапармен барған болатын. Сәуір айында өткен келіссөздерде сауда қатынасының дамуы үшін бизнесмендерге виза берудің жеңілдетілген рәсімдерін қарау талқыланған еді. Сонымен қатар тараптар ауыл шаруашылығы, ғылым-білім, технология, мәдениет саласындағы серіктестікті жетілдіруге назар аударды. Екі ел басшыларының келісімі бойынша біз аймақтық деңгейде жұмыс жасауды бастадық, деді Алтай Көлгінов.
«Әлеуметтік сауалнамаға қатысыңыздар!» (Айша Өтебәлі) атты ақпаратта облыстық прокуратура қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Бизнес-климатты жақсарту» атты тақырыпта баспасөз мәслихаты өтіп, басқосуға облыстық прокуратураның басқарма бастығы Жаннұр Ахметбек пен басқарманың аға прокуроры Берік Сүйіншәлиев қатысқаны келтірілген.
Жиынды жүргізген Жаннұр Ахметбек Елбасы тапсырмасына сәйкес прокуратура органдарының бизнес субъектілері құқығын қорғау ісін басты назарда ұстап отырғанын айтты.
- Ағымдағы жылдың 14 маусымы күні Астана қаласында «Прокуратураның кәсіпкерлік саласын қадағалауы» атты форумы өтіп, онда ҚР Бас прокуроры прокуратура органдарының бизнес саласын қорғау мақсатында атқаратын жұмыстарының негізгі басым бағыттарына тоқталды. Оның сөзінше, кәсіпкерлікті қорғау ісіндегі күрделі мәселелерді шешу үшін мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Нұр Отан» партиясы жанындағы кәсіпкерлікке қолдау көрсету республикалық қоғамдық кеңесінің қатысуымен негізгі бес бағыт бойынша 100-ден астам ұйымдық-практикалық, құқықтық шараларын қарастыратын жол картасы әзірленген. Осы жол картасындағы кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге арналған негізгі бағыттар мыналар:
1) Бақылау органдарының тарапынан көрсетілетін қысымды төмендету;
2) Қылмыстық процесте кәсіпкерлердің құқығын қорғау;
3) Азаматтық және әкімшілік процестерде кәсіпкерлердің құқығын қорғау;
4) Бизнесті дамыту үшін әкімшілік тосқауылдарды жою;
5) Бизнестің жаппай дамуы.
Аталмыш жол картасын жүзеге асыру шеңберінде облыстық прокуратура өңірімізде кәсіпкерліктің қалыпты жүруіне және дамуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды анықтау мақсатында «Бизнес климатты жақсарту» атты жоба дайындауда. Бүгінде мемлекеттік органдармен және өңірлік кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып, кәсіпкерлікті қорғау бағытындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсынымдар әзірленді. Бұл жұмыста әкімшілік тосқауылдарға тап болатын кәсіпкерлердің өздерінің тікелей қатысуын маңызды және қажетті деп санаймыз. Осыған
орай таяу күндері облыстың жеке кәсіпкерлік субъектілерінің арасында әлеуметтік сауалнама
жүргізілмек. Бұл шараға өңіріміздегі барлық кәсіпкерлер белсенді араласуы тиіс, - деген Жаннұр Ахметбек аталған акцияға қатысуға тілек білдірушілердің бірде-бірі назардан тыс қалмайтындығын, олардың әрбірімен жеке жұмыс жүргізілетінін, қажет болған жағдайда олармен анонимді жұмыс жасалатынын қаперге салды.
«Басқарма басшысының сөзінше, қажетті бланкілерді облыс прокуратурасы мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының электрондық ресми порталынан, сондай-ақ
жергілікті БАҚ-тардың интернет сайттарынан алуға болады. Ұсынымдарды 7112155@prokuror.kz. электрондық поштасына жолдау керек. Сондай-ақ жоғарыдағы мәселе бойынша түсінбестік жағдай туындаса, мына телефондар арқылы (8-7112) 50-79-62 немесе 8-747-163-25-20, 8701-512-53-83 хабарласуға болады», делінген ақпарат соңында.
Бекболат Қаленовтің «Алда - Каспий» деген хабарында дәстүрлі «Жайық - Орал» тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық, туристік экспедициясының Тайпақ ауылдық округіндегі Шабдаржап елді мекені тұсына аялдағаны айтылған. Осымен 20-рет Жайық бойымен жүзіп отырған Қазақстан - Ресей өкілдерін тұрғындар ыстық ықыласпен қарсы алды. Осында аудан әкімінің орынбасары Тимур Шиниязов құттықтау сөз сөйледі.
- Өзеннің экологиялық ахуалын зерттеп, қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтеріп келе жатқан сіздердің биылғы сапарларыңыздың ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналуы өте сүйінішті-ақ, - деді ол. - Өткен жылдары ауқымды іс тындырдыңыздар. Соның қорытындысымен қос мемлекетті қосып отырған Жайығымыздан бақ таймауы үшін екі елдің басшылары тиісті келісімге қол қоюы жоспарда бар. Осы жайтты естіп-біліп, халқымыз қуанып отыр. Сіздердің жұмыстарыңыз екі елдің тарихының терең қатпарларын ашуда, мәдени мұраны сақтауда да орны зор.
Т. Шиниязов саяхатшыларға Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап шығарылған «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты кітаптың бірнеше данасын сыйлады.
Қоғам қайраткері, экспедиция жетекшісі Елена Тарасенко қолдау танытқан ақжайықтықтарға зор алғысын білдірді. Ол Орынбор аумағынан басталған жүзулері жайында кеңінен баяндап, трансшекаралық өзеннің экожүйесін қалпына келтіруге байланысты міндеттерді саралады. «Біз жүрген жерімізде, міне, 20 жылдан бері халықтар достығын, бірлігін, ата-бабаларымыздың еңбегін, ерлігін әспеттеп, мысалы, Жұбан Молдағалиев сияқты ақиық ақынды да көрші елге танытып жүрміз», - деді Е.Тарасенко. Ол экспедиция жұмысына көмекке талай жылдан бері атсалысып жүрген аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматоваға «Жайық - Оралдың» естелік медалін тапсырды.
Жайықтың арғы-бергі тарихы жайында жазылған «Бассейн Урала» атты кітабын экспедиция мүшесі Александр Чебелев ауыл әкімдігі мен кітапханасына табыс етті. Орынбор қаласы әкімдігінен оқушыларға спорт құралдары тапсырылды.
Әйгілі қаламгер, сазгер, өнертанушы І. Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнін көркемөнерпаздар Е. Талапов пен А. Таудаева меймандардың құрметі үшін қос тілде шырқап берді. «Толқын» бишілер тобы орындаған «Руский танец» биіне көпшілік қошеметпен қол соқты.
Тайпақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғайнолла Садыров жүзушілерге ақ жол тіледі.
Алда - кәрі Каспий.
Өңірде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» одан әрі жалғасуда. Бұл жөнінде «Достық керуені - Ақсайда» (Айым Нұрғалиева) атты материалда сөз болады.
«Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың іргесін нығайтып, ұлт пен ұлыс арасындағы достықты кеңейтетін «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында Тасқала ауданы Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласына келіп, аталмыш жобаның эстафетасын табыстады», делінген онда.
Екі аудан басшылары мен этномәдени орталықтары өкілдерінің қатысуымен өткен «Бірлік пен келісім - тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі» атты дөңгелек үстел басында татулықтың үлгісі көрсетілді.
Бөрлі ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жаңабай Қаналин қонақтарға «Қош келдіңіздер!» айтып, ауданымыздың тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Дөңгелек үстел барысында Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев екі ауданның жан-жақты дамуы үшін қол қойылған меморандумға тоқталып, ыстық ықыласпен қарсы алған Бөрлі халқына өз ризашылығын білдірді.
«Мемлекетіміз мәңгілік ел болуы үшін Отанымыздың тәуелсіздігін нығайту - біздің басты мақсатымыз. Бізде бір-ақ мүдде бар, ол - біздің ортақ құндылықтарымызды сақтап, еркін және өркениетті елде өмір сүру. Елбасы тапсырмасы бойынша «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасының эстафетасы бүгін, міне, Бөрлі жеріне келіп жетті. Бүгінгі шараның аудандарымыз арасындағы ынтымақтастық, достастық, әріптестіктің нығаюына септігін тигізетініне сенемін. Бір шаңырақ астындағы халқымыздың ынтымақтастығы мен өзара ауызбірлігіміз нығая түсіп, республикамыздағы ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, достық, бірлік мәңгі жасай берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз еңселі, мемлекетіміз іргелі бола берсін.
Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, баянды бақыт, еңбектеріңізге жеміс және барлық бастамаларыңызға сәттілік пен табыстар тілеймін», - деді Санжар Жұматайұлы.
Шарада еңбек ардагері, өлкетанушы Ғалым Хисметдинов Тасқала ауданының кеңпейіл халқы мен дархан даласын суреттеген және бөрліліктердің қонақжайлығына тәнті болған тілегін өлең арқылы жеткізіп, екі ауданның құрметіне шығарған қос өлеңді Бөрлі аудандық өлкетану мұражайына тапсырды.
Дөңгелек үстел барысында сөз алған БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық басшысы Ғайса Қапақов, Тасқала аудандық мәслихатының депутаты Владимир Фролов, «Бөрлі аудандық «Достық» әзірбайжан этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Анвар Агаев, «Тарлан» ЖҚБ-ның төрағасы Ержан Кемелханов ел бірлігін нығайтып жатқан Қазақстан халқы ассамблеясының қос аудандағы жұмыстары турасында кеңінен баяндады.
Тасқалалық көркемөнерпаздар ұжымы дайындаған тамаша концерт бөрлілік көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді.
«Заманның» жұмысы ширақ» (Гүлжан Аязбаева) деген ақпаратқа биылғы егін орағы арқау болған.
Январцев ауылында орналасқан «Заман» шаруа қожалығы биыл иелігіндегі 10 мың гектар жердің 7 мың гектарына егін еккен еді.
Қожалық иелері бүгінде қызу науқан үстінде. Егістікке ат басын тірегенімізде, бізді қожалық басшысы Абай Жанғалиев пен ұлы Қайрат қарсы алды. Жайқала өскен егіс даласында, қайнаған еңбек ортасында жүрген шаруашылық басшысы бидай масағын күректей алақанына салып ысқылап, толып піскен дәнді көрсетіп тұрып:
- Күздік дақылдың шығымы жақсы. Жыл сайын арамшөптерге қарсы химиялық залалсыздандыру шараларын жүргіземіз. Соның нәтижесінде алқабымызда ешқандай
арамшөп жоқ, таза, - деді тоқ көңілмен. Егін егумен айналысып келе жатқан 17 жыл ішінде биыл алғаш рет егіннің әр гектарынан 35-45 центнер арасында өнім алып отыр. Мұндай мол өнім алуының себебін жауын-шашынның көп болуынан деп түсіндіреді. Абай ағамыздың қуанышын онымен көп жылдан бері бірге еңбек етіп келе жатқан үзеңгілес досы Мәлік Едресов те бөлісіп жүр алқапта. Шаруашылыққа жұмысқа тұрған Жасұлан Шабалиев, Мәрлен Нұрғалиев, Сергей Жәнібеков, Сансызбай Нұғманов, Аяп Аяпқожиев, Данияр Ғиззатов сияқты кейінгі буын диқандар осы жылдар ішінде жермен жұмыстана жүріп, егін өсірудің қыр-сырын бір кісідей игергенін мақтаныш етеді. Олар да мол өнімге ие болып отырғанына қуанышты. Біраз жылдан бері егін егудің қыр-сырына қаныққан тәжірибелі диқан Абай Жанғалиев: «Өз тәжірибем көрсеткеніндей, күздікті ертерек себуге болады екен. Бұрын тамыздың аяғына таман егуші едік. Сол өткен жылғы ертелеу егуіміз жақсы дән жинап алуымызға себеп болып отыр», - дейді. Қазіргі таңда шаруашылықтағы тоғыз комбайн, 10 «К-700», 20 «Джон Дир», 20 «МТЗ» техникаларымен
диқандар өз жұмыстарын бастап кеткен. Алқаптағы комбайндардың жүрісі ширақ. Заманауи техниканы тізгіндеген жүргізушілер шаршайтын емес. Ал жүк көліктері бірінен соң бірі келіп, дала кемелерінің бункерлерінен алтын дәнді құйып алып, қырманға жөнелтуде. 50 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық жұмысшылары жалақыларын уақтылы алып тұрады. Барлығына жағдай жасалған. Абай ағамыз бен ұлы Қайрат дала жұмыстарын дөңгелетіп жүрсе, қожалық иесінің жұбайы Салиха апамыз есеп-қисапты өз мойнына алған, бұдан бөлек тума-туыстары да қолдарынан келген көмегін аямауда.
«Бірлігі бекем ауыл» атты хабар«Тасқала ауданындағы Мерей ауылы тұрғындарының тыныс-тіршілігі көпті риза қылғандай. Көшелері таза, жинақы. Ауылда түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде»деп басталады.
Ауылдық округ тұрғындарының саны 1700-ден асады. Төрт түліктен 3569 мүйізді ірі қара, 9783 қой, 630 ешкі, 1064 жылқы тіркелсе, одан басқа 5423 құс өсірілуде. Мал шаруашылығымен 71 қожалық айналысса, соның ішінде он бірі былтыр селекциялық жұмыстар жүргізуге 23 млн. 53 мың 543 теңге алған. Өткен жылы 12 шаруа қожалығы 8435 га жерге егістік егіп, 2 млн. 517 мың теңге демеуқаржымен қамтылған. «Егін шаруашылығымен айналысатындар соңғы бес жылда қуаңшылыққа байланысты өнім ала алмады» - дейді ауыл әкімі Қазихан Тәшімов. Мұнда ауылдық тұтыну кооперативі бар. Сегіз жеке кәсіпкерлік тіркелген. Олардың бірқатары саудамен, кейбірі жолаушы тасымалымен шұғылдануда. Мәселен, жаңа жыл қарсаңында Люция Исмағұлова «Ақ дәм» кафесін ашқан. Ал мемлекеттік бағдарлама аясында ауыл тұрғыны Нәсіпқали Ахметов үш миллион теңге қаражат алып, мал шаруашылығына жұмсаса, Азат Мұқанғалиев бір миллион теңгеге пластикалық терезе шығаратын цех ашқан. Биыл «Өрлеу» бағдарламасы аясында бес отбасы балалар жәрдемақысын алып отыр. Он екі тұрғын ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.
Округте бес елді мекен бар. Соның үшеуіне көгілдір отын тартылған. Айнабұлақ ауылында негізгі, Өркен мен Тоғайлыда бастауыш мектептер жұмыс жасайды. Ал Мерей жалпы білім беретін мектебінде 120 бала оқиды. Педагогикалық ұжымда 34 мұғалім қызмет етеді. Сонымен қатар Тасқала аудандық балалар саз мектебі мен балаларжасөспірімдер спорт мектебінің филиалдары талапты өрендерді қанаттандыруда. Ауылда 2011 жылы мешіт ашылған. Мешіт имамы Мырзабай Тілеуов Алматы қаласында медресе бітірген. Имам ауылдағы тәрбиелік іс-шараларға белсене араласады.
Қазір ауылдық округте таза ауыз су тарту мен мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу жәйі ғана өзекті күйінде тұр. Дегенмен іске ұңғыт, шаруаға бекем жан көп екені ауыл тірлігінен байқалады. Кәсіпкерлерден ауылды көркейтуге жанашыр азаматтар көптеп табылуда. Мәселен, Бауыржан Сақыпкереев зиратты қоршауға 160 мың теңге берген. Орал қаласында тұратын Амангелді Ахменкеев туған жеріне балалар ойын алаңы мен футбол стадионын салу үшін 1 миллион 500 мың теңге қаражат бөліп отыр.
Осындай игілікті істер өрбіген ауыл еңсесі биік болары анық.
«Қаратөбедегі библиокеш» Қаратөбе аудандық мәдениет және демалыс саябағында Шөптікөл, Үшағаш, Соналы ауылдары кітапханашыларының ұйымдастыруымен өткен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік - қазағымның мақтаны, таусылмайтын аңызы мен дастаны» тақырыбында библиокешті паш еткен.
Оқырмандар білімін арттыру, жасөспірімдердің бойына отаншылдық сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шара «Тәуелсіздік мұраты - Мәңгілік ел» атты бейнекөрсетілімнен бастау алды. Шағын фильмдегі «Алтын адам», «Астана
- Бәйтерек» монументі, «Хан шатыр», Бейбітшілік пен келісім сарайының бейнесі көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұдан соң кітап көрмесі өтіп, туған өлке тарихы мен елге еңбегі сіңген азаматтар жөнінде деректер таныстырылды. Кеш тәуелсіздік туралы жалынды жырлармен аяқталды.
Мүлікті жария ету науқанының биылғы жыл соңында аяқталатыны белгілі. Облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Шүкірғалиевтің «Жариялау науқанының аяқталуына бес ай қалды!» деген мақаласы осы тақырыпқа арналған.
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 30 маусымдағы №213-V «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңына (әрі қарай - заң) сәйкес 2014 жылдың 1 қыркүйегінен 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін мүлікті жариялау науқаны жүргізілуде.
2016 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша мүлікті жариялау комиссияларына 426 өтінім түскен. Олардың 130 өтінімі кері қайтарылып, 292 нысан (объект) жарияланған. Төрт өтінім қарастырылу үстінде. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам - Ұлт жоспарының 41-қадамында Мүлікті және қаржыны заңдастыру рәсімдерін оңайлату мақсатында қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген. Осыған орай мүлік пен қаржыны заңдастыруды реттейтін бірқатар заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізілді.
Ақшаны заңдастыру
Бүгінде ақша қаражатын екі әдіспен заңдастыруға болады. Оның біріншісі - ақшаны банк шоттарында көрсету арқылы заңдастыру. Екінші деңгейдегі банктен немесе «Қазпошта» акционерлік қоғамы бөлімдерінде ағымдағы шот ашып, соған ақшаңызды аударып, кейіннен оны өзіңіздің қалауыңыз бойынша жұмсай аласыз. Мысалы, бизнеске саласыз, жылжымайтын мүлік сатып аласыз немесе жай ғана банктік шоттан қолыңызға шешіп аласыз. Бұл жерде сізден ақшаңызды жариялағаныңыз үшін 10% алым алынбайды. Екіншісі - шетелдегі немесе қолма-қол айналымда жүрген ақша қаражатын банк шоттарында көрсетпей жариялау. Бұл жерде бюджетке жариялайтын ақша қаражатының жалпы сомасынан 10% алым төленеді. Жоғарыда аталған екі жағдайда да мүлікті жариялау субъектісі мемлекеттік кіріс органдарына белгіленген нысандағы декларация тапсыруға міндетті.
Мүлікті заңдастыру
2016 жылдан бастап мүлікті жариялау рәсімдері де оңайлатылды. Ендігі жерде Қазақстан Республикасы территориясында орналасқан, бірақ өзге тұлғаға рәсімделген мүлікті заңдастыру үшін мемлекеттік кірістер органдарына белгіленген нысандағы декларация мен тиісті құжаттарды тапсыру жеткілікті. Шетелде орналасқан мүлікті де заңдастыру осылайша жүзеге асырылады. Яғни осыған дейін мемлекеттік кірістер органдарында болған комиссиялар таратылып, жариялау субъектісінің өтінішін қарау бес күн болып белгіленді. Ал Қазақстан Республикасы территориясында орналасқан, бірақ заңнама нормаларына сәйкес рәсімделмеген мүліктерді заңдастыру бойынша мүлікті жариялау субъектісі жергілікті әкімдіктер жанында құрылған комиссияларға жүгінуі қажет.
Осы жерде ерекше атап өтетін жағдай, бұл - мүлікті жариялауға байланысты кез келген мәлімет банктік және салықтық құпия болып есептеледі. Сондықтан ешкім де, соның ішінде мүлікті жариялау комиссияларының мүшелері, мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері, екінші деңгейдегі банк және Қазпошта бөлімдерінің қызметкерлері мүлікті жариялауға байланысты мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермейді. Аталған мәліметтерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бел-
гіленген. Осыған орай мүлікті жариялауға байланысты нақты тұлғалар, декларациялар туралы сұранымдарға қандайда болмасын, ақпарат беруден бас тартылуы қажет. Сонымен қатар мүлікті жариялау субъектілері құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз қудаланудан қорғалған. Мысалы, мүлікті немесе ақшаны жариялау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауға және осы жағдайды қылмыстық істе дәлел ретінде қолдануға заңмен тыйым салынған. Сондай-ақ жарияланған мүлік тәркіленуге жатпайды. Тағы бір айта кететін нәрсе, кез келген мүлік заңдастыру нысаны (объект) бола бермейді. Ондай нысандарға (объектілерге) адамның және мемлекеттің құқықтары мен бостандықтарына қарсы, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар мен қылмыстарды жасау арқылы жалған ақша мен бағалы қағаздар жасау және өткiзу нәтижесінде алынған мүліктер мен ақшалар жатады. Нақтырақ айтсақ, сот тәртiбiмен оған құқықтар дауланып жатқан, Қазақстан Республикасының заңдарында оған құқықтар беруге жол берiлмейтiн мүлік, кредиттер ретiнде алынған ақша, мемлекет
пайдасына берілуге жататын мүлік, құрылысы бюджет қаражаты есебінен аяқталған жылжымайтын мүлік нысандарындағы (объектілеріндегі) тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар жария етуге жатпайды.
Мүлікті жариялаудың мемлекет және азаматтар үшін пайдасы қандай?
Ақшаны жариялау науқаны азаматтар үшін де және еліміздің экономикасы үшін де тиімді. Себебі жарияланған ақша азаматтың кірісі болып танылмайтындықтан, оған салықтық ауыртпалық түсірілмейді. Осылайша азаматтар өзінің ақшалай қаражатын жариялау арқылы оның 10% мөлшерін үнемдей алады. «Егер мүлікті жариялау мүмкіндігін жіберіп алсаңыз не болады?» деген сұраққа жауап беріп көрелік.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 153-бабында кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерiмен айналысу, егер бұл іс-әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiрсе, не iрi мөлшерде кіріс алумен немесе акцизделетiн тауарларды едәуiр мөлшерде өндiрумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткiзумен ұштасқан болса, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - келтiрiлген залал сомасының, алынған кіріс сомасының және заңсыз кәсiпкерлiк нәтижесiнде алынған акцизделетiн тауарлар құнының - 30 пайыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - 40 пайыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 50 пайыз мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондықтан егер азаматта ағымдағы заңнама нормаларын бұза отырып алынған кірістер болатын болса (заңның 3-бабының ерекшеліктерін ескере отырып), мүлікті жариялау науқаны жауапкершілікке тартылмаудың мүмкіндігі болып табылады.
Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе, жергілікті әкімдіктер жанында құрылған комиссияларға мүліктерді жариялау бойынша құжаттар қабылдау мерзімі 2016 жылдың 30 қарашасы, ал мемлекеттік кіріс органдарына құжаттар тапсыру мерзімі 2016 жылдың 25 желтоқсанына дейін жалғасатындығын назарға сала отырып, облыс тұрғындарын мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндікті жіберіп алмай, мүлікті жариялау науқанына белсенді қатысуға шақырамыз.
«Оғылан еді-ау, Оралбек» атты ақпарат (Нұртай Текебаев) атақты палуан Оралбек Қожагелдин туралы кітаптың жарық көруіне арналған.
Қазақстан Республикасының спорт шебері, белгілі түйе палуан Оралбек Қожагелдиннің есімі жалпақ Жайық жұртшылығына кеңінен танымал. Тоқсаныншы жылдардағы нарық қыспағында ауылдастарына сүйеу болып нар жүгін арқалаған азаматтың жасаған жақсылығы көпшілік жадында. Қапияда мерт болған есіл ер туралы түрлі алыпқашпа жел сөзді жақында жарық көрген «Оралбек батыр» кітабы сейілтуге сеп болатыны сөзсіз. Кеше «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында осы дерекнаманың таныстырылымы өтті.
Кітап авторы Нұрлан Сәдірдің айтуынша, дзюдо мен самбодан облыс чемпионы, қазақша күрестен облыстың бірнеше дүркін абсолюттік жеңімпазы, республикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері Оралбек Қожагелдин туралы сыр шертетін естеліктер жинағында қысқа ғұмырында жасындай жарқылдап өткен жампоздың асқан күш-қайраты, адамгершілік қасиеті жаңа қырынан ашылған. Жүзден астам адам палуан туралы жылы пікір білдіріп, өз естеліктерімен бөліскен. Осы кітаптың жазылуына түрткі болған, қаржылай баспа шығынын көтерген белгілі заңгер, идея авторы Абзал Құспанның бастамасымен жинақты құрастыру ісі екі жыл бұрын қолға алыныпты. Баспасөз беттерінде бұрын аракідік жарияланған мақалалар, қолда бар там-тұм деректер арнасы кейін көзкөргендер айтуымен кеңейе түсіп, дақпырт пен дабыраның көлеңкесінен ақиқат астарын аршуға, батырдың бекзат болмысын таныта түсуге мүмкіндік туған.
- Шын мәнінде, елімізге қорған бола білерлік азаматтар саусақпен санарлықтай. Ал Оралбек жеке бас қамынан өз ұлтының мүддесін биік санады. Байлық жинауды, бизнесін өрістетуді мұрат қылмады, мансап қумады, есесіне артына өшпес өнеге қалдырды. Саналы ғұмырын еліне арнады. Мәселен, Жымпиты ауылында
«Сырым» күрес мектебін ашып, жастардың спортпен шұғылдануына өтпелі кезеңнің өзінде зор жағдай жасады. Сол арқылы жеткіншектерді шымырлыққа, қажырлы болуға баулып, түрлі қылмыстық жолға түсіп кетуден сақтады. Оралбек туралы, әсіресе, орыстілді БАҚ беттерінде түрлі қауесет тарағаны рас. Шын мәнінде, ресми органдардан оған бірде-бір айып тағылған жоқ. Заң шеңберінен аттап өтіп, түрмеге түспеген. Тарихта Қазақстан отар елдің қатарында болғаны, күні бүгінге дейін соның зардабын тартып келе жатқаны рас. Қилы кезеңде бодандық қамытын салған империя алдымен батырларымызды бұғаулап, қуғындады, жалған айыптар тақты. Мәселен, Махамбет-Исатай сынды арыстардың, «банды» Аманғалидың тағдыр талайы қалай болғанын білеміз. Оралбек туралы дерек жинағанда да кейіпкеріміздің халық сүйіспеншілігіне бөленгеніне анық көзіміз жетті. Сондықтан арда азамат «батыр» деген атаққа толық лайық, ержүрек ата-бабаларымыздың заңды мұрагері деп есептейміз. Кітап «Біздің елдің жігіттері» сериясымен шығып отыр. Алдағы уақытта ұлтқа нақты қызмет еткен, теперіш көрсе де сол жолдан тайсалмаған тарландар туралы дерекнамалық жинақтарды шығару жалғасады, - деді жоба авторы Абзал Құспан.
«Оралбек батыр» кітабында қайратты күш иесінің ешкімге илікпей, егесті жерде шарт кететін қызуқанды қасиеті де жасырын қалмаған. Кітап авторлары ер мінезін біржақты бағаламауға тырысып, көзкөргендерден тереңірек сұрағанда, ешкім палуан мінін айтарлықтай сөз қылмағанын да атап өтті. Керісінше оның кішіпейілділігін, асқан жомарттығын, қайырымдылығын кеңінен әңгімелеген. Басқосуда Оралбектің туған апасы Ақыл Мәтниязқызы, жездесі, облыстық қазақ драма театрының кадр бөлімінің меңгерушісі Ғалымжан Исқақов, немере қарындасы, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, жас ғалым Рита Сұлтанғалиева өз естеліктерімен бөлісіп, жинақты шығаруға қажыр-қайратын жұмсаған азаматтарға алғыс білдірді.
Атақты Сырым Датұлының аталас туысы Ерсары батырдың ұрпағы, Сырым ауданындағы Қособа ауылының тумасы Оралбек Қожагелдин туралы дерекке оқырман қауым молынан қанығары сөзсіз. «Даna.kaz» жорналының редакторы Қазыбек Құттымұратұлы да еңбектің ресми таныстырылымына қатысып, өз пікірін білдірді.
Газеттің 4 тамыз күнгі санында «Ұлттық банк төрағасын қабылдады» деген ақпаратта (www.akorda.kz) Елбасының Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевті қабылдағаны айтылған. Кездесу барысында Д. Ақышев Мемлекет басшысына Ұлттық банктің ағымдағы қызметі, ақша-несие саясатының басты бағыттары туралы, сонымен қатар елдің қаржы нарығындағы ахуал туралы баяндаған.
Елбасы ішкі валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз ету, республиканың банкі жүйесін дамыту және екінші деңгейлі банктер арқылы экономиканы несиелендіру көлемін арттыру жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттілігіне назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ теңге бағамымен байланысты жағдайға қатысты тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
- Еркін айырбас бағамын енгізу туралы шешім дұрыс болды. Алайда қазір белгілі келеңсіз жағдайлар орын алуда және оның себептерін тұрғындарға түсіндіру қажет, - деді Елбасы.
Ұлттық банктің төрағасы ұлттық валютаның долларға қатысты бағамының әлсіреуіне әсер еткен факторларды айтып өтті.
- Биылғы алғашқы алты айда мұнай бағасы барреліне 27-ден 52 долларға қымбаттады, алайда шілдеде 52-ден 42 долларға -15%-ке арзандады. Барлық шикізат экспорттайтын дамушы елдерде осындай жағдай орын алды. Олардың ұлттық валюталары Қазақстандағы сияқты бекіп, кейіннен 2-3%-ке төмендеді. Шілдеде теңге шартты түрде 4,2%-ға әлсіреді, бұл қалыпты өзгеріс деп санаймыз. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды. Алдағы уақытта бағам қандай да бір жағдайларға байланысты өзгереді деп күтілмейді. Теңгенің еркін айырбас бағамы жағдайындағы 2016 жылғы шілдедегі тербелісі ішкі экономикалық тұрақтылық үшін ешқандай қауіп төндірмейді, - деді Д. Ақышев.
Бұдан бөлек, Ұлттық банктің төрағасы елдегі инфляция үдерістерін ұстап тұру бойынша жүргізіп жатқан жұмыс туралы мәлімдеді.
- Жыл басынан бастап инфляция өсімі 5,2%-ды құрады. Осы көрсеткіште 2015 жылғы қыркүйек-қараша айларында баға тез өскен кезеңдегі бағамның түзету әсері қарастырылған. Бұл әсер енді артта қалды. Жылдың қорытындысы бойынша біз үкімет көздеген 6-8% инфляциялық дәлізге қол жеткіземіз деген сенім бар, - деді Д. Ақышев.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берген.
«Күздік дақылдардан рекордтық өнім» (Ләззат Шағатай) - бұл материалда Зеленов ауданының жетістіктері айтылады.
Биыл Зеленов ауданының диқандары күздік дақылдарды жинауда соңғы 20 жылда бірінші рет жоғары көрсеткішке ие болып, рекордтық деңгейді көрсетуде. Тек ағымдағы жарты жылдың ішінде 263 жаңа жұмыс орны ашылып, түрлі бағытты қамтитын алты нысан пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тәулігіне 7,2 тонна сүт өндіретін бес сүт фермасын құру жоспарлануда. Сондай-ақ алдағы қараша айында Рубежин және Макаров ауылдық округтерінде қуаттылығы жылына 30,0 млн. және 15,0 млн. болатын кірпіш зауыттары іске қосылмақ. Ал келер жылы Щапов ауылында қуаттылығы жылына 5 000 тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Бұл туралы сейсенбі күні Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз брифингінде Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов айтып өткен. Сондай-ақ ол бірінші жартыжылдық бойынша атқарылған жұмыстар мен ауданның 2020 жылға дейінгі даму жоспары туралы баяндады.
- Бүгінгі таңда ауданда 22 ауылдық округ және 68 елді мекен болса, халық саны 56 426 адамды құрайды. Экономикалық белсенді халық саны 34 828 адам немесе жалпы халық санының 61,7% пайызы. Әр түрлі салада жұмыспен қамтылғандар саны - 32598, оның ішінде 7727 адам - өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, сәйкесінше олар экономикалық белсенді халықтың 22,2%-ын құрайды. Жұмыссыздар - 2230 (6,4%), аз қамтылғандар - 4688 адам (8,3%). Ресейдің Орынбор, Саратов, Самара облыстарымен шектесетін Зеленов ауданы ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптің түрлі саласын дамытуға мүмкіндік беретін ресурстық әлеуетке ие.
Бірінші жартыжылдықта аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 56,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 7,1%-ға артса, сәйкесінше ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5,4 млрд. теңгені құрап, 2015 жылдың қаңтар-маусым айларындағы көрсеткіштен 39,5%-ға ұлғайған. Ал мұнай-газ өндіру өнеркәсіптің негізгі саласы болып табылатындықтан, өнеркәсіп өндірісі жалпы көлемінің 91,4%-ын құрайды. Аудандағы көмірсутек шикізатының негізгі қоры Чинарев мұнай-газ конденсат кен орнында шоғырланған. Саланың жетекші кәсіпорны «Жайықмұнай» ЖШС болып табылады.
Азық-түлік өнеркәсібі өңдеуші сектордағы жалпы өнімінің 92,4%-ын қамтып, бұл салада «БелесАгро» ЖШС (диірмен кешені), «Каркула» шаруа қожалығы (нан бөлкелік және сүт өнімдері), «Махорин» шаруа қожалығы (ет консервілеу), «Орал Каспий» ЖШС (балық өңдеу), жеке кәсіпкер «Пивень» (кондитерлік өндірісі) және т.б. жұмыс жасайды. Биылғы инвестиция көлемі 35,1 пайызға артып, негізгі қаржы қоры 42,0 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік бюджетке 2,9 млрд. теңге, аудандық бюджетке 930,4 млн. теңге жиналды, - деген аудан әкімі одан әрі әр шаруашылықтың даму жоспары туралы баяндады.
- Агроөндірістік кешен ауданның әлеуметтік маңызды және ірі секторларының бірі болып табылса, оның негізін ауыл шаруашылығы құрайды. Ауданда «Кроун Батыс» ЖШС ірі мал бордақылау алаңы, «Щапово» шаруа қожалығының шошқа фермасы, қуатты бидай өңдеуші терминал «Белес Агро» ЖШС, жұмыртқа өндіруші «Ақас» құс фабрикасы жұмыс істеуде. Сонымен қатар «Каркула В.Н.» ЖШС және «Баян» шаруа қожалығы аумағында сүт өнімдерінің өндірісі және сүтті өңдеу бойынша шағын сүт цехтары жұмыс істейді. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егінінің жалпы аумағы - 200 974 мың гектар, оның ішінде күздік дақылдар - 31 569 мың гектар, жаздық дақылдар - 93 439 мың гектар, майлы дақылдар - 22 284 мың гектар, біржылдық және көпжылдық шөптер 49 072 мың гектарды құраған.
Бүгінгі күнге дейін күздік дақылдардың ішінде 54,7 мың тонна бидай жиналды. Ауданның кейбір шаруашылықтарында өнімділік көлемі гектарына 45-48 центнерге дейін жетуде. Мұндай өнімділік 20 жылда бірінші рет байқалып отырғанын атап өту керек.
Көкөніс шаруашылығын дамытуда аудан халқы қажеттілігін толығымен өзінің картоп және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Ауданда «Алтын Болашақ» ШҚ, «Жайна» ШҚ, «Дәуқара» ШҚ-ның жылыжайларында бау-бақша және көкөніс өнімдері жыл-он екі ай бойы өндіріледі.
Мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. Ауданда жеті асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Етті бағыттағы ірі қара мал өсірумен алты шаруашылық айналысады, бір шаруашылық сүтті бағыттағы мал өсірумен айналысуда.
Отандық және шетелдік селекциялық асыл тұқымды мал алу бойынша жұмыс жолға қойылуда. Айталық, «Шканов» шаруа қожалығы сүтті бағыттағы асыл тұқымды 100 бас қашар, «Альменова» шаруа қожалығы етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымынан 52 бас ірі қара сатып алды. Сонымен қатар ауданда қазақтың ақбас тұқымынан 90 бас тұқымдық бұқа, «Құлан» бағдарламасымен «Жұмақай» шаруа қожалығы тауарлық бағыттағы 20 бас аналық жылқы сатып алды.
Ағымдағы жылдың аяғына дейін өнімділігі тәулігіне 7,2 тонна сүт өндіретін, 600 басқа шақталған бес сүт фермасын құру жоспарлануда.
Кәсіпкерлік бағыты бойынша ауданда 2 652 орта және шағын бизнес субъектілері тіркелсе, оның 2 245-і жұмыс істеуде. Кәсіпкерлік саласында жұмыс істеушілер саны 4 566 адамды құрап, 2,5%-ға өсіп отыр.
Шағын және орта бизнес саласында 2016 жылдың 1 шілдесі бойынша 263 жаңа жұмыс орны ашылып, ағымдағы жылдың алты айында алты нысан пайдалануға берілді.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы жұмысын бастағалы Зеленов ауданында жалпы сомасы 10,6 млрд. теңге болатын барлығы 57 жоба мақұлданып, мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Алдағы қараша айында Рубежин ауылдық округінде қуаттылығы жылына 30 млн. кірпіш болатын «134» ЖШС кірпіш зауыты, Макаров ауылдық округінде қуаттылығы жылына 15 млн. кірпіш болатын жеке кәсіпкер «Жанар» кірпіш зауыты, Переметный ауылдық округінде жеке кәсіпкер «Ижанованың» 300 орындық кафе-мейрамханасы іске қосылып, сәйкесінше 70 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Биыл ауданда екі тұлға ағылшын тілін оқыту орталығын ұйымдастыру және спорт мектебін ұйымдастыру (фитнес-орталық) үшін әрқайсысы 1 млн. теңге көлемінде грантқа қол жеткізді. Ал 2017 жылы Щапов ауылдық округінде қуаттылығы жылына 5000 тонна құс етін өндіретін «Жайық Агро ЛТД» ЖШС құс фабрикасының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Аудандағы ауылдардың табиғи газбен қамтылуы 72%, яғни 68 елді мекеннің 49-ы газбен қамтылған болса, биыл Горбунов, Кирсанов, Мирный, Павлов, Владимиров, Кіші Шаған, Кожевников және Факел ауылдарын газдандыруға техникалық-экономикалық негіздеме жасақтауға аудандық бюджеттен қаражат бөлу жоспарлануда. Ал керісінше сумен жабдықтау небәрі 26 елді мекенді қамтыған. 2017 жылға республикалық бюджет қаражатынан Володар, Көшім, Щапов, Павлов, Дариян, Ақжол елді мекендеріне су құбырларын өткізу жоспарланып отыр.
Ауданның білім беру жүйесіне 46 күндізгі мектептің 13-і бейімделген орындарда орналасқан, 35 мектеп екі ауысымда оқытады, 11 мектеп бір ауысымда. Бүгінгі күні ауданда мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселесі маңызды мәселе болып тұр. Қамту деңгейінің төмендеу себебінен мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу ұйымдарына кезекте тұрған балалар саны көбеюде. Аталған мәселені шешу мақсатында мектепке дейінгі ғимараттар салу жоспары құрылды. Олар:
- 2018 жылы Достық және Мичурин ауылдарында 200 орындық балабақша құрылысы;
- 2019 жылы Үлкен Шаған ауылында 120 орындық балабақша құрылысы және Дариян ауылында 280 орындық балабақша құрылысы;
- 2020 жылы Володар және Новенький ауылдарында 50 орындық балабақша салу жоспарланып отыр. Биыл Достық ауылында «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік» (МЖӘ) бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер «Туралиева А.С.» 100 орындық жеке балабақша ашу жоспарлауда. Өкінішке орай, аудан бойынша биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге 230 түлек немесе 64% (2015 жылы - 66,3%) қатысса, ҰБТ-дан орташа балл - 80, 86 балды құрап (2015 жылы - 81,09), өткен жылғыдан төмен көрсеткіш көрсеткен. Яғни ҰБТ нәтижесі бойынша Зеленов ауданы облыс бойынша жетінші орында.
Ауданда 2020 жылға дейін бірнеше тұрғын үй құрылысы мен спорт және мектеп кешендерін салу жоспарлануда. Оның ішінде Переметный ауылдық округінің Мұнайшы шағынауданында 23 бір пәтерлі тұрғын үй құрылысы, Переметный ауылдық округінің Калинин ауылында жалға берілетін екі қабатты алты пәтерлік тұрғын үй және 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, Дариян ауылында 100 орындық интернаты бар, 300 оқушыға арналған орта жалпы білім беретін мектеп құрылысын салу жолға қойылған.
Баспасөз мәслихатының соңында Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов журналистердің сұрақтарына жауап берген.
«Сен де менің тағдырымды қайталадың-ау, қарғам-ай...» (Айша Өтебәлі) - 1-беттен басталған бұл мақалада әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық сөз болады.
«Орал қалалық әйелдерді әлеуметтік оңалту және бейімдеу орталығының жұмыс істей бастағанына үш жылдың жүзі болды. Мұндай мекеменің ашылуына жанұяда зорлық-зомбылық көріп, паналайтын жерге зәру болатын әйелдердің көбейе түскені себеп болған-ды. Ал арада өткен үш жылда оның көмегіне сүйенгендер 500-ден асып жығылғанды. Алдағы уақытта да мейірім күтіп, аталмыш мекеменің табалдырығын аттайтын әйел заты көбеймесе, азаятын түрі жоқ сияқты. Оған біз осынау мекемеге барып, оның тыныс-тіршілігімен танысқан бір күнде көз жеткіздік», деп басталған мақала әрі қарай былайша баяндалады.
Орталық басшысы Ганди Шамкелова ұсынысыма қарсылық білдірген жоқ. Сөйтіп, келіскен күні аталмыш мекемеге ат басын тіредім. Мен барғанда, сыртта жас мөлшерлері әр түрлі 3-4 бала ойнап жүр екен.
- Бұл балалардың аналары жұмыста, - деді Ганди Ізтұрғанқызы менің оларға қарап қалғанымды байқап. - Олар кеште бір-ақ келеді. Сөйлесемін десеңіз, іште тағы екі әйел бар. Қазір олар осындағы медбикелер мен психологтың, заңгердің көмегін алуда, - деп Ганди Ізтұрғанқызы мені оларға бастап алып барды. Құстың ұясындай ғана шағын мекеменің бір бөлмесінде орталықтың психологы Нұргүл Қуанғалиева зәбір көруші әйелдермен әңгімелесіп отыр екен.
- Біз күнде осындай уақытта кестеге сәйкес жәбірленушілермен кездесіп, әңгімелесеміз. Олардың өмірінде кездескен қиын жағдайды өзара талқылаймыз. Бұл жерде қиындық көрген жандарға тек мен ғана кеңес беріп қоймаймын, сонымен қатар жәбірленуші әйелдер де бастарынан өткен жағдайлар жөнінде бір-біріне әңгімелеп, ақылдарын айтады, - дейді орталық психологы. Сол жерде жәбірленушілерді әңгімеге тартқым келген, бірақ өздері қиын жағдайда жүргесін бе, олар әуелі қашқақтап, менімен сөйлесуге онша ықылас таныта қоймады.
- Орал қалалық әйелдерге арналған әлеуметтік оңалту және бейімделу орталығы 2013 жылы ашылды. Бұл мекеме тұрмыста зорлық-зомбылық көрген және өмірдің қиын жағдайына тап болған, жастары 18-ден асқан әйел затына және олардың жасы 18-ге толмаған балаларына әлеуметтік тұрғыдан тегін көмектер көрсетеді. Мұндай мекемелер әзірге еліміз бойынша өте аз, республикада бар болғаны бесеу, - дейді Ганди Ізтұрғанқызы. Көп ұзамай психологтың дәрісінен босаған екі әйелді біз отырған бөлмеге шақырды. Қысылып-қымтырылып кірген әйелдерге жылышырай танытып, оларды менімен таныстырған орталық басшысы әйелдерді ашық әңгімеге шақырды. Тиісінше, мен де оларды суретке түсірмейтінімді, газетке мақала әзірлегенде олардың шын есімдерін жазбайтынымды айтып, жәбірленушілерден тұрмыста көрген қиыншылықтары жөнінде баяндап беруін сұрадым.
Нұргүл, 32 жаста. Тұрмыс құрғанына төрт жыл болған. Бөрлі ауданының тумасы. Қала жігітіне тұрмысқа шыққан, қазіргі уақытта «Құс фабрикасы» аумағында тұрады. Орталыққа жақында келіп түскен. Айтуынша, күйеуі ішімдікке үйір, карта ойнайды.
- Үйге үнемі кешігіп келеді, себебін сұрасам, жұдырығын ала жүгіреді. Биыл желтоқсан айында қылғындырып, өлтіріп тастай жаздады. Одан әрең қашып құтылып, анамның үйіне барып тығылдым. Оның осы қылығынан әбден шаршадым, тіпті оның даусын естісем, тұла бойым түршігеді. Бұдан әрі шыдай алмаймын. «Құс фабрикасы» аумағынан жер телімін сатып алып, үй салып жатқанбыз, ол әлі біткен жоқ. Ол үйге тұру маған жазылмаған шығар. Отбасымды қаншама сақтағым келсе де, мүмкін болмай тұр. Бір күні өлтіріп тастай ма деп қорқамын. Басқа жаққа кетіп қалып, жаңа өмір бастағым келеді. Жұмыс тапсам, өз күнімді өзім көрер едім. Бала кезімде әкем арақ ішіп алып, шешемді жиі сабайтын. Айналып келгенде, өзім де сондай адамға тап болдым. Анам байғұс: «Сен де менің тағдырымды қайталадың-ау, қарғам-ай...» деп жылайды.
Өз бетімше өмір сүрсем, шешемді қолыма алып бағар едім, інімді де үйлендіріп, адам қатарына қосқым келеді. Қазіргі уақытта күйеуім қызым екеумізді іздеп әуре. Ұялы телефонға үздіксіз қоңырау шалуда, бірақ мен телефон тұтқасын көтермей отырмын. Өйткені ол қай жерде екенімізді біліп қалса, тағы үйге алып кетіп, бізді ұрып-соғады. Бұрын да үйден қашып кеткенімде, іздеп тауып алып, үйге апарып бұрынғы әнін қайта бастайтын. Енді менің оған қайтып қосылғым келмейді, - деген Нұргүл өз жақыныңнан көрген қорлықтың өзге адамдардан көрген қиянаттан әлдеқайда ауыр болатынын айтты.
Сәуле, 41 жаста. Жоғары білімді, қаладағы бір мекеменің бас маманы. Сәуле Жаңақала ауданынан қалаға сонау 2007 жылы көшіп келген. Тұрмыс құрғанына 20 жылдай уақыт болған, бүгінде үш баласы бар. Үйден кеткен себебі күйеуі өте қызғаншақ, соның кесірінен әйеліне әрдайым кінә тағып, күн көрсетпейді. Күйеуінің жоғары білімі жоқ, сондықтан өзін әйелінен кем санай ма екен, әйтеуір, ұрыс-керіс жиі туындайды.
- Үйленгеннен кейін 1-2 жыл тату-тәтті тұрдық, содан кейін ырың-жырың өмір басталды. Күйеуім арақты салынып ішпейді, жалақысын соңғы тиынына дейін санап, қолыма әкеліп береді. Балаларын жанындай жақсы көреді, оларға барлық жағдайды жасайды. Бірақ мені үйге сыйғызбайды. 20 жылдан бері көрген күнім осы, енді менің онымен бірге тұрғым келмейді. Осы күні жұмыс уақыты аяқталар кезде, үйде күтіп тұрған кикілжіңді ойлап, жүрегім соғатын болған. Күнде болатын ұрыс-керістен шаршап кеттім. Балаларымның алды, міне, 9-сыныпқа көшті, үш балам да оқу озаты. Соңғы кездері үйдегі берекесіздік балаларымның мінезіне теріс әсер ете ме деп қорқатын болдым. Сол себептен күйеуімнен ажырасқым келеді. Енді балалардың каникулында бір жағына шыққым келіп, кезекті айқай-шудан соң осында келгенмін. Бірақ күйеуім біздің осында екенімізді біліп алып, күнде келіп, тыныштық бермей жүр. Бізге «Мен басқа пәтер таптым. Балаларды қаңғыртпа, үйге жүр. Енді бұрынғыдай ұрыс-керіс болмайды. Мен бала-шағамның қадірін енді түсіндім. Сендерді жоғалтқым келмейді» деп телефоныма үздіксіз хабарлама жазады. Күйеуім тіпті осында келіп, Ганди Ізтұрғанқызына да «Отбасымды сақтауыма көмектес» деп көмек сұраған. Оған тағы бір мүмкіндік беремін бе, қайтемін, білмей жүрмін. Әбден басым қатты... - дейді Сәуле күйеуінің бұл әрекетіне не сенерін, не сенбесін білмей.
Осы кезде біз отырған бөлменің есігі қағылып, ішке бет-аузы ісіңкі бір жас келіншек енді. Ол Ганди Ізтұрғанқызымен бұрыннан хабарласып жүрген адам екен. Қал-жай сұрасқан орталық басшысына ол өткен түні күйеуінің тағы да ұрыс-керіс шығарып, үйінің ойранын шығарғанын айтты.
- Күйеуім - мемлекеттік қызметкер, өзім де бір мекемеде бас маманмын. Екеуміз де жоғары білімді адамдармыз. Бірақ солай бола тұра, жақсы отбасын құра алмадық. Күйеуім маған жиі қол көтереді және онымен қоймай, үйдегі заттың бәрін қиратып тастайды, - деген жас келіншек орталық басшысынан уақытша тұратын орын сұрады. Бұл жолы «скандальный» күйеуімен біржолата ажырасқысы келетінін жеткізген келіншек шыдамының әбден шегіне жеткенін айтып, өксіп-өксіп жылады. Оны сабырға шақырған Ганди Ізтұрғанқызы бұл келіншектің орталыққа бұдан бұрын да келіп, көмек сұрағанын айтты.
- Бір-екі күнде орын босап қалар деп ойлаймын. Орын босаған бойда өзім хабарласамын. Ал әзірге біздің психологпен, заңгермен сөйлесіп, тегін кеңес алыңыз, - деген орталық басшысы жабырқау келіншекті мамандарға бастап апарды. Медбике жалма-жан көңілі қаяу келіншектің қан қысымын өлшеуге ұмтылды.
Сөйтіп жатқанда, асхана қызметшісінің «Тамаққа!» деген даусы естілді. Жәбірленушілердің ас мәзірін көрмек болып, асханаға мен де кірдім. Бұл жолы түскі асқа үй кеспесі мен ет қосылған картоп беріліпті. Бұларға қоса қияр мен қызанақтан жасалған салат та бар. Осы жерде Ганди Ізтұрғанқызы кешкі асқа келетін адамдардың саны бұдан көбірек болатынын айтты. Оның сөзінше, тағы екі әйел жұмыста жүр, олар түскі асты жұмыс басында ішеді. Орталық басшысының сөзінше, бұл жерде тамақ пісірілмейді. Орталық тұрғындарына ыстық тамақты мемлекеттік тендерді жеңіп алған «Ал-Ер» ЖК (жетекшісі Қаламқас Хайруллина) даярлайды екен. Кәсіпкердің жұмысты таза әрі адал істейтінін айтқан Ганди Ізтұрғанқызы оның кейде, әсіресе, мейрам күндері жандары жабырқау жандарға мейірімін төгіп, қайырымдылық шарасын ұйымдастырып жіберетінін жеткізді.
Жұрт ауқаттанып жатқанда, біз директордың қызмет бөлмесіне барып, манағы үзіліп қалған әңгімені қайта жалғастырдық.
- Қорғансыз қалғандарды уақытша паналату мақсатында ашылған бұл орталықта осы үш жыл ішінде 500-ден астам адам болып, оларға қажетті көмектер көрсетілді. Соның ішінде 400-ге жуығы әйел, төрт ер адам, 100-ден аса балалар болды. Кеңес алуға 390 адам жүгінді, оның ішінде психологтың көмегін 212, заңгердің кеңесін 178 адам алды. Уақытша паналағандар саны - 197, оның ішінде 76 әйел және 121 бала. Соның 48-і ішкі істер басқармасының жолдамасымен, 28-і қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар жолдамасымен келді. Биыл жарты жыл ішінде 57 әйел, оның ішінде психологқа 36, заңгерге 21 әйел келіп, тегін кеңес алды. Уақытша паналау орнын 24 адам пайдаланды, оның 12-сі - әйел, 12-сі - бала. Соның сегізі жергілікті полиция басқармасының жолдамасымен, төртеуі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар жолдамасымен келді. Орталыққа келіп паналаушылардың 44-і отбасына қайта оралды, 22-сі ажырасты.
Бұл - бізге ресми түрде тіркеліп, көмек алуға келгендердің саны, ал отбасының абыройын ойлап, ешкімге шағымданбай, өз қасіретін жалғыз өзі тартып жүрген әйелдер қаншама?! Статистикалық мәліметке сүйенсек, зорлық-зомбылық, әйелдерге күш көрсету көбінесе тұрмысы төмен, табыс-кірісі мардымсыз отбасыларда болып жатады. Бірақ әйелдерге қол көтеретіндер арасында мемлекеттік қызметкерлер де, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері де, кәсіпкерлер, тіпті жоғары лауазымды қызметтегі адамдар да ұшырасады. Жалпы, әйел сабап, өзінің туған баласынан жеріну деген ер-азаматтың жасайтын ісі емес қой, - деген орталық басшысы мұнда өз балаларынан зәбір көрген ата-аналардың да көмек сұрай келетінін жеткізді.
- Біздің орталыққа тек жәбірленген әйелдер ғана емес, сонымен қатар қиянатқа шыдамаған ер-азаматтар мен туған балаларынан зәбір көрген үлкен апайлар да келеді. Мысалы, осы орталық ашылғалы бізден төрт ер-азамат көмек сұрап келді. Олардың үшеуі осы Орал қаласынан, тағы біреуі - Оңтүстік Қазақстан облысынан. Олардың барлығы да өз бала-шағасынан қиянат көргендер. Біреулерін туған баласы тұрғызбаса, екіншісін қыздай қосылған қосағы сыйғызбаған. Тағы біреуі өз әйелінің туған шешесіне жасаған озбырлығын көріп, шарасыздықтан екі қолын төбесіне қойып, тентіреп кетуге мәжбүр болған. Бұдан басқа мұнда келіндерінен таяқ жеген енелер де келді көмек сұрап. Бұл жүректі ауыртатын-ақ жағдай, әрине. Біз оларға қолымыздан келгенше көмегімізді көрсеттік. Бұған нақты мысалдар келтірер болсақ, 1927 жылы туылған Е. есімді және 1942 жылы туылған О. есімді аналар туған қыздарынан жәбір көріп, осы орталықты паналады. Сондай-ақ баспанасы тұруға жарамсыз болып қалғанда, туған балаларынан қайыр көрмеген 1938 жылғы А. есімді әжей де біздің орталықтың көмегін алды. Панасыз қарияны ақыры осы қаладағы халық арасында "Қарттар үйі" атанып кеткен мекемеге орналастырдық. 1950 жылғы тағы бір зейнеткерді жоқ жерден жанжал шығарып, өзінің туған келіні үйінен қуып жіберген. Баратын жері болмағандықтан, ол кісі де біздің орталыққа келді. 1945 жылы туған зейнеткер де туған келінінен жәбір көріп, орталыққа көмек сұрап келді. Екі кейуана да кезінде оқытушылық қызметте болып, ұзақ жылдар бойы бала тәрбиесімен айналысқан адамдар. Оларға зәбір көрсетуші келіндер де бала тәрбиесімен айналысатын ұстаздар. Тәрбие жұмысымен айналысатын ұстаздық қызметтегі адамдар осындай ұят істерге барып тұрғанда, басқалары не істемейді?! Бұдан басқа тағы жалғызбасты екі бірдей ананы Аналар үйіне орналастыруға көмектестік. Өкінішке орай, қоғамда осындай жүректі ауыртатын оқиғалар жиі орын алып тұрады. Бұл, әрине, жақсы емес, - деген Ганди Ізтұрғанқызы бұл орталыққа зорлық-зомбылық көрген жандар тек қаладан ғана емес, сондай-ақ облыстың түкпір-түкпірінен келетінін айтты. Бірақ орталыққа бөлінген орынның тым шағындығына байланысты олардың бәрін сиғызу мүмкін емес. Қаладан тыс жерлерден келгендер көбінесе тек орталықтан психологиялық және заңгерлік көмек алумен ғана шектеледі екен. Менің сол күнгі орталықтан көріп, көңіліме түйген нәрселерім мен орталықтың үш жылдық жұмысының қорытындысы бұл мекеменің облыстық деңгейге сұранып тұрғанын байқатады. Әзірге қиын жағдайда қалған қала тұрғындарына ғана көмек қолын созып отырған бұл мекеме, егер өздеріне арнайы үлкен орынжай бөлінсе, өз жақындарының кесірінен тағдыры тас-талқан болған талай адамның кешенді көмек алып, дұрыс өмір бастап кетуіне себепші болар еді...
Кешкі сағат алтыдан кете мен осы мақаланың жазылуына мүдделілік танытқан орталық басшысына рақметімді айтып, үйге қайтуға жиналдым. Сол кезде тағы біреу есік қақты. Бұл бұдан екі ай бұрын осы орталықта тұрып, қажетті көмек алған Раушан есімді жас келіншек екен. Екі баласын жетектеп алыпты. Кезінде күйеуінен таяқ жеп, көкала қойдай болып жүрген келіншектің бүгінде жүзі жарқын. Өйткені ол бақытты, бала-шағасымен, күйеуімен бірге өз шаңырағында тату-тәтті өмір сүруде. Раушанның сөзінше, бала-шағасының арты-нан келген күйеуі орталық қызметкерлерінің ақыл-кеңесін тыңдап, қазіргі кезде өз қателігін біржола түсінгенге ұқсайды. От-басындағы берекелі тіршілікті қуанышпен жеткізген Раушан бұл жолы өзінің отбасын аман сақтап қалуға себепші болған орталық қызметкерлеріне алғысын айтуға әрі күйеуінің көмегімен сырттай оқып жүрген оқуын бітіріп, күні кеше дипломын алғанын жеткізуге келіпті. Оның бұл қуанышына орталық қызметкерлерімен қоса, сол жердің уақытша тұрғындары да ортақтасты. Олар да Раушанға ақ тілектерін арнап, өздерінің де осындай уайымсыз-қайғысыз, шаттыққа толы отбасылық өмірді аңсайтындарын жеткізді.
«Иә, бұл өмірде шаңырақ шаттығына жететін еш нәрсе жоқ. Бұрынғылар мұны «Бала-шағаң - бақытың» деп қысқа қайырған. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома емес пе?!..» осындай сөздермен тәмамдалған мақала оқырман көзіне түсері анық.
«Бейбіт күннің қадірі қымбат» - БҚО мемлекеттік мұрағатының директоры Айжан Сауғабаева Ұлы Отан соғысы кезіндегі аға ұрпақтың батырлығын, соның ішінде көзі тірі майдангер Мұхтар Әжіғұловтың өнегелі істерін сөз ете келіп, бейбіт күннің қадірін білуге шақырады.
Әлі күнге екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті жаныңды түршіктіреді әрі аға ұрпақтың ерлігіне басыңды иіп таңғаласың. Ел басына күн туған кезде рух пен намыстың мықтылығы сыналды. Ерлеріміз қанға бөккен даласы, аңыраған анасы, жетім қалған баласы үшін кектенді. Қарсы келген ажалға қасқайып қарсы тұрды.
Ер басына күн туып, етегімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» ауыр сында қазақстандықтар да ерлік пен батырлықтың баға жетпес үлгісін көрсетіп, орасан зор жігері мен қайтпас қажыр-қайрат жұмсады. Қанды қырғын шайқаста жаумен айқасып ажал құшқан ағаларымыз бен апаларымыздың рухы алдында мәңгілік қарыздармыз. Өйткені солардың арқасында біз бүгін бақытты ғұмыр, салтанатты тірлік кешіп келеміз.
Сұрапыл кезеңнен сыр шертетін мағлұматтар мен деректерді мұрағатта сақтау арқылы тарих тәбәрігін ұрпақтан ұрпаққа мирас ете аламыз. Осы орайда облыстық мемлекеттік мұрағатта Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жеке тектік құжаттары көздің қарашығындай сақтаулы екенін айта кеткен жөн. Солардың қатарында соғыс және еңбек ардагері Мұхтар Әжіғұловтың құжаттары да (биографиялық мәліметтері, мақалалар, шақырулар, құттықтау хаттары, журналдар, құрмет грамоталары, анықтамалар, фотосуреттері) бар. Онда Ұлы Отан соғысында жаумен арпалысып, Отан үшін от кешкен, өмірде кездескен ауыртпалықтарға мойымай, керісінше алға ұмтылып, елін, жерін ту етіп, таудай талабы мен еңбегінің арқасында еленген жанның өмір жолы көрініс тапқан.
Күрмеулі тұстарда көрегенділік жасай алу да пайымдылық пен парасаттылықтан туындайтынын ескерсек, Әжіғұлов Мұхтар аға тамырын тереңге тартқан бәйтерек, мейірімділік пен адамгершіліктің нұрын төгіп, адамдық пен адалдық сынды асыл қасиеттерді дәріптеп жүретін, бойдағы тума таланты мен ішкі қуаты біте қабысқан парасатты жан деп есептейміз. Ұлы Отан соғысынан соң ол мектепте ұстаз, кейін директор болып, партия, кеңес органдарында зейнеткерлікке шыққанша абыройлы қызмет атқарды. Тынымсыз еңбектену мен үздіксіз ізденудің арқасында сарбаздан сардарға, бейбіт еңбекте қосшыдан басшыға дейінгі баспалдақтан өтіп, өз уақыты мен дәуірінің азаматы, жай ғана ел ағасы емес, адамгершілігі үлгі, өнегесі мол ұстаз бола білді. Абзал аға талай талантты жасты демеп, іскер маман болып қалыптасуына себепші болды.
Бітімі кесек, байламы бөлек, білімі мен білігі елден ерек Мұхтар Әжіғұловтың майдандағы ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегі мемлекет тарапынан I және II дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін» және т.б. көптеген медальдармен лайықты бағаланды.
М. Әжіғұлов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткізілген «Әлем: XXI ғасыр манифесі» атты шараның қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған елеулі оқиғалардың бірі екенін тілге тиек етіп отырады. Күмәнді көбейтіп, тұманды қоюлатқан сұрапыл жылдарда көңілді көлегейлеген күдікті үкілі үмітке сеп қылған, әлемді фашизмнің бұғауынан азат етіп, бейбіт өмірдің бақуатты күндерін сыйлаған сарбаздар мен сол жолда жанын қиған боздақтардың есімі, қандыкөйлек майдандастарының бейнесі мен Жеңіс күнінің қадірі Мұхтар ата үшін тым қымбат. Бұл соғыс оның жүрегіне өшпес жара салған болатын. Сондықтан ол қазақ елінде желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін бағалауға шақырады.
Бүгінде Елбасымыздың сарабдал саясатының және ұлттар арасындағы достық пен бірліктің арқасында елімізде тыныштық орнап тұр. Жаһандық мәселелер шиеленісіп отырған тұста аса табысты 30 елдің қатарына кіру жолында ұлы көшке ілескен мемлекетіміздегі халқымыздың мінезіне тән төзімділік, сындарлылық, салмақтылық, мейірімділік, прагматизм сынды ұлы қасиеттеріміз Мәңгілік ел құру жолындағы арманымызды жүзеге асыратын қасиетті құндылықтар болмақ.
«Қара көзге қара су іліндірген» кезеңдерді көрген аға ұрпақтың өкілі ретінде жеткіншектерге өнегелі ісімен үлгі болып, арамызда отырған Мұхтар атамызға амандық тілейміз», дейді автор.
«Жөндеу жұмысын жандандыру қажет» (Рауан Сатыбалдиев) деген ақпаратта облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың жұмыс сапарымен Тасқала ауданында болып, ауыл-аймақ тіршілігімен танысқаны айтылған.
Өңір басшысының орынбасары алдымен аудандық өрт сөндіру бөлімінде болып, аталмыш мекеменің техникалық базасымен және ғимараттың жай-күйімен танысты. Тозығы жетіп тұрған ескі ғимаратты қарап шыққан Бағдат Оразалдыұлы аудан әкімі Санжар Әлиевке жаңа ғимарат салу жолын қарастыру керек екенін және өз тарапынан қолдау білдіретіндігін айтты. Сондай-ақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге бас сұққан облыс әкімінің орынбасары аудан басшысына ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алуды тапсырды.
Сонымен қатар өңір басшысының орынбасары биыл күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Шежін ауылындағы орта мектепке арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.
- Жөндеу жұмысының нобайы аяқталғанымен, әлі күнге қабырғасы әктеліп, еденіне төсемесі төселмеген. Оның үстіне жылу жүйесі де толық аяқталмаған. Жұмысшылар саны да аз. Бүгіннен бастап жұмыс күшін көбейтіп, 20 тамызға дейін мектеп толық дайын болу керек, - деді Бағдат Азбаев.
Газеттің штаттан тыс тілшісі Тілес Жазықбай «Көнеккеткендегі бағбан» деген хабарында тәжірибелі бағбан жөнінде сыр шертеді.
Ақжайық ауданына қарасты Көнеккеткен ауылдық округіндегі Жайық өзенінің ертедегі арнасы атанған қарт Жайықтың қабағынан 1,2 гектар жерге көптен бері бақша салынып келеді. Бұл жердің иесі -«Фирма Родник» ЖШС-ның Қамыстыкөл аңшылық шаруашылығы бөлімшесінің қорықшысы Сержан Қаменов.
- Он сегіз жылдан бері негізгі атқаратын жұмысым - орманды, ондағы жан-жануарларды бақылаймын. Төңіректегі тағы аң-дарға қыс қатты болғанда жемшөп беру, оларды броконьерлерден қорғау, ел байлығын өрттен сақтау сияқты жауапты міндеттерім бар. Осыған қоса бақша саламын, жеміс ағаштарын күтемін, - дейді табиғат жанашыры.
Сержан зайыбы Нұрлыгүл, ортаншы баласы Оразай, кенжесі Армат, балдызы Наурызбекпен осы бақшаны өсіруге мүдделі. Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы колледждің биылғы түлегі Оразай - өзіне үлкен көмекші. Оның қол күресіндегі спорттық табысы да аз емес.
Оған республикалық, облыстық түрлі жарыстарда алған дипломдары мен алғысхаттары куә. Жас жігіттің табысына риза болдық.
Олар өздеріне жылға жетерлік бақша өнімдерін дайындап алады. Оралда жұмыс істейтін үлкен ұлы Жәнібектің де бақшалықта үлесі бар. Қолдары қалт еткенде келін мен немересін ертіп, туған үйіне аунап-қунап кетеді. Бұларға қолғабыс етеді.
Бүгінде бақта 70 түп алма ағашымен қатар, алмұрт, қияр, қызанақ, алхоры, жүзім, асқабақ, картоп молынан өсуде. Өздерінен артылғанын сатып, пайда етуде. Биылдың өзінде 500 келі алма сатып үлгеріпті.
- Осы өнімдердің қай-қайсысында қыс маусымына уыттап алуға болады. Қазір сол жұмыспен айналысудамын. Оның шаруасы да аз емес, - дейді зайыбы Нұрлыгүл.
Жер-ананың адамзатқа берері көп қой. Кезінде осы бақтың негізін салған Вавиль Хайруллинді (ұлты татар) жергілікті халық үлкен құрметпен еске алады. Құнарлы жерге құт құтайтқан сол азаматтан да Сержанның үйренгені көп болыпты.
Әрине, күтпесе, бақ өспейді. Оған жыл бойы қамқорлық қажет. Мәселен, орманның қорқақ қояны да қауіпті екен. Алма аға-шының қабығын мүжіп, жалаңаштап кетсе, ол тұқым бермейді. Сондықтан үнемі бақтың қоршауын мұқияттап жүрмесе болмайды.
Еңбекке деген құлшынысы мол, қара жердің игілігін көріп отырған еңбекқор жанұяның ісі - көпге үлгі.
«Адамдардың қайтыс болуына дәрігерлер емес, жасанды қалқаншаны жасаған компания кінәлі болып шықты». Өткен жылы «Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы Сәкен Мұратұлы экономика, индустрия тақырыптары бойынша республикалық инновациялық байқаудың жеңімпазы атанып, соның нәтижесінде Лондонға барып қайтқан болатын. Бұл жолы оның осындай тақырыппен сұхбаты жарық көріпті.
«Кони Сент-Луи - Лондон қалалық университеті журналистика факультетіндегі ғылыми журналистика бөлімінің жетекшісі. Еңбек жолын «Би-Би-Си» телерадиокомпаниясында радиожурналист болып бастап, онда табан аудармастан жиырма жылдай қызмет атқарыпты. Еуропаның біраз елінде меншікті тілші болған. Міне, он жылдан бері аталмыш оқу орнында тәлім-тәрбие беріп келе жатқан Кони Сент-Луимен Лондонға барған сапарымыз барысында сұхбаттасқан едік», делінген кіріспесінде.
- Ғылыми журналистика дегеніміз не? Ол қоғамда қаншалықты маңызға ие?
- Маған мұндай сұрақты қойған сайын оған белгілі америкалық ғылыми журналист Дороти Нэлкиннің сөзімен жауап беремін. Оның айтуынша, ғылым саласындағы жетістіктер жөнінде көпшілікті тұрақты түрде хабардар етіп, ғылыми жаңалықтарға, зерттеулерге байланысты өзіндік бағасын беріп отыратын және жұртшылық өкілдеріне жаңа шыққан ғылыми өнімді тұтынуға көмектесетін немесе одан сақтандыратын, яғни адамдардың бұл өнімдерді тұтыну арқылы қандай тәуекелге баратындарына талдау жасайтын журналистиканы ғылыми журналистика деп айтуға болады.
Ғылыми журналистиканың қоғамдағы маңызын бір мысал арқылы келтірейін. Осыдан он жыл бұрын Лондондағы Вуэкпэлд деген бір дәрігер аутизм ауруына душар болған балалар арасында зерттеу жүргізіп, аталмыш ауру мен АКДС вакцинасы арасында байланыс бар деген қорытындыға келген. Айта кету керек, аталмыш зерттеуге тек бес сәби қатысыпты. Балалардың ата-аналары дабыл қағып, бұл дәріні жасаушыларды сотқа берген. Осы ата-аналардың адвокаттары манағы дәрігерге ақша беріп, вакцинаның осындай кері әсері бар деп жарнамалатады. Көптеген журналистер оны өз мақала-материалдарына арқау еткен соң, аталмыш дәрілік препаратқа байланысты қоғамда теріс пікір қалыптасады ғой. Бұған дейін Англиядағы сәбидің бәрі алып келген екпеге осылайша көптеген ата-ана қарсы шығады. Артынан бір газеттің тілшісі журналистік зерттеу жүргізіп, түрлі олқылықтарды анықтайды. Яғни адвокаттарға сатылған Вуэкпэлд зерттеу қорытындысы жазылған құжаттарға жалған ақпараттар енгізген. Тиісті мекемелер тарапынан жүргізілген тексерулер Вуэкпэлдтің зерттеуі шындыққа сай келмейтінін дәлелдейді. АКДС вакцинасының аутизмге еш қатысы жоқтығы қанша жерден айтылып, жазылса да, сәбилердің бұрынғыдай толыққанды екпе алу-ын қалпына келтіре алған жоқ. Екпе жасау маусымы кезінде емдеу орындары ата-аналарға арнайы шақырту қағазын жіберсе де, әлі күнге дейін оған 60 пайыздан астамы келеді. Соның нәтижесінде Англияда сәбилер арасында қызылша, дифтерия, шошқаборық (свинка) сынды аурулар азаймай отыр. Жасанды жүрек қалқаншаларына (клапандарына) да қатысты оқиға болды. Жасанды қалқанша салынған адамдар бірінен соң бірі қайтыс бола бастағасын журналистік зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде бұған кінәлі дәрігерлер емес, қалқанша жасаушы компания екендігі анықталып, әлгі қалқаншалар қолданыстан алынды. Мұндай мысал көп. Міне, ғылыми журналистиканың маңызы осында!
Кейбір әріптестеріміз өздерін ғылыми журналиспіз деп есептеп, Вуэкпэлд сынды ғалымдардың айтқанын заң санайды. Соған орай біз студенттермен бірігіп карикатура дайындадық. Оның бірінде мінберде сөйлеп тұрған адам бейнеленген. Ал бір топ кісі төменде оны қолдап-қолпаштап тұр. Бұл жерде мінбердегі ғалым болса, төменде «Ғылым жасасын!» деп айқайлап тұрған журналистер. Екінші мысқыл суретте қожайынына тағзым етіп тұрған бір қызметкер салынған. Бұл да ғалымның алдындағы журналистерді көрсетеді. Еуропа елдерінің біразында осындай жағдай орын алып отыр. Мұның бәрі ғылыми журналистиканың мақсатына сай келмейді. Журналист бірінші кезекте алынған ақпараттың ақ-қарасын анықтап, тексере білуі қажет. Яғни ол ақпарат қандай зерттеу негізінде пайда болғанын анықтап барып, қоғамға ұсынғаны дұрыс. Бұл турасында мен әлемдік деңгейдегі баспасөздерге мақалалар жазып, телерадио хабарларда айтып жүрмін. Сөздің шыны керек, мұны бәрі бірдей жақтыра бермейді...
- Әлемде ғылыми журналистика жақсы дамыған ел қайсы?
- Қазір әлемнің көп елінде ғылымның дамуына үлкен қаражат бағытталуда. Әсіресе, Еуропа елдерінде бұл үрдісті анық бай-қауға болады. Сөзім жалаң болмас үшін айта кетейін, өткен жылы Лондонда ДНК-ны зерттеуге арналған ғылыми орталық ашылды. Аталмыш ғылыми мекемені салуға 2 млрд. фунт стерлинг жұмсалды. Осыдан-ақ ғылым саласындағы қаржы айналысын көруге болады. Бұл өз кезегінде ғалымдардың қоғамдағы ықпалын күшейтті. Жоғарыда айтып өткенімдей, журналистердің ғалымдарға табынуының басты себебі осында жатыр. Ал АҚШ-тағы менің әріптестерім осындай түрлі ықпалдан қорғалған. Оларда тәуелсіз ғылыми журналистика жақсы дамуда.
- Сіз Қазақстандағы журналистиканы қаншалықты білесіз?
- Өте мардымсыз деңгейде, негізінен бізде оқыған студенттер арқылы Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі БАҚ жөнінде хабарым бар. Тәуелсіз журналистика, ғылыми журналистика сіздерде енді-енді дамып келе жатыр ғой. Егер ғылыми журналист болуға талпынысы бар жастар болса, мен Лондон қалалық университеті журналистика факульте-тіне оқуға шақырғым келеді. Мәселен, Ресейдегі фармацевтика, мұнай саласындағы компаниялар демеушілік танытып, өзде-ріндегі жастарды бізде оқытуда. Бұл бағытта Қазақстанмен де серіктес болуға дайынбыз.
- Ғылыми журналистиканы игеруге талпынып жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Бірінші кезекте ғылыми материалдарды көпшілік түсінетіндей қарапайым тілмен және анық етіп дайындауға мән беру керек. Журналист әрбір ақпаратқа сыни тұрғыдан қарай білуі тиіс. Егер бір нәрседен күдіктенсеңіз, журналистік зерттеу жүргізген жөн. Соның нәтижесінде жалған ақпарат таратушыларды анықтап, олардың осындай әрекеті үшін жауап беруіне қолжеткізе алсаңыз, онда ғылыми журналистиканы игеру қиынға соқпайды...
М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Аллаярұлы «Бөкей хан тарихындағы ақтаңдақтар» атты көлемді мақаласында Бөкей хан мен оның ұлы Жәңгір ханға қатысты тарихи деректерді тілге тиек етеді.
Бөкей хандығының төл тарихымыздан маңызды орын алатынына ешкімнің шүбә келтіре алмасы анық. Еділ мен Жайық арасындағы осы киелі атамекен талай тұңғыштарды дүниеге әкелуімен де құнды.
Тарихнама не дейді?
Бөкейдің ата-тегі Қазақ хандығының негізін салған Жәнібек ханнан бастау алатын хан, сұлтандар әулетінен. Әйгілі Әбіл-қайыр ханның тұңғыш ұлы Нұралы хан шаңырағында дүниеге келген Бөкейдің анасы да төре тұқымынан. Ол жөнінде Бөкей 1806 жылы 22 ақпанда әскери министр С. Вязмитиновке жолдаған хабарында «Бірге туған ағайынды үшеуміздің әкеміз хан, ал шешеміз хан қызынан тарайды» деп, өз тегінің таза ақсүйектер әулетінен екендігін алға тартады [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Т. IV. Под рук. М. Вяткина. - Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1940. 268-б.]. Князь Г. Волконскийге жазған хатында да Бөкей өзінің хан мен хан қызынан туғандығын айтып, ата-тегі бойынша өзін ақсүйек санаған.
Алайда Бөкейдің анасының нақты есімі әрі қай әулеттен тарайтыны осы күнге дейін құжаттық деректермен нақтыланған емес. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Атырау өңірінде өмір сүрген шежіреші Ыбырай Қорқытов Бөкейді Нұралы ханның үшінші әйелі Аққолтықтан өрбіген үш ұлдың ортаншысы деген. Біздіңше, Бөкейдің анасы Орта жүздегі төрелер тұқымынан болуы мүмкін. Себебі, Бөкей, оның інісі Шығай есімдері Орта жүздегі Жәдік әулетінен тарайтын төрелерге тән. Әрі бабаларының есімдерін өз балаларына қайталап қою төрелер тарихында жиі кездеседі.
Бөкей ханның дүниеге келген уақыты жөнінде де бірізділік жоқ. Бүгінде отандық зерттеушілердің иек артып, табан тірер дерегі 1901 жылы «Астраханский листок» газетінде жарық көрген зерттеуші И. Ивановтың еңбегі болып табылады. Ол бойынша 1811 жылы төменгі Орал шебінде Бөкеймен жүздескен Орынбор кеденінің директоры сұлтанның жасын 60-тан асқан деп шамалаған. Осыны негізге алған И. Иванов Бөкейдің дүниеге келуін XVIII ғасырдың 40-жылдарының соңына жатқызады [Иванов И. К столетнему юбилею Внутренней (Букеевской) киргиз-кайсацкой орды // История Букеевского ханства. 1801-1852 гг.: Сб. документов и материалов. - Алматы: Дайк-Пресс, 2002. 940-б.]. Осы дерекке сай тарихшы И. Ерофеева Бөкейді шамамен 1748 немесе 1749 жылы туған десе, мұрағатшы Б. Жанаев 1749/1750 жылдарды топшылайды. Ал Ө. Қажымғалиев пікірінше, Бөкей хан 1757 жылы туған [Қажымғалиев Ө. «Бөкей хан таңдап қонған Нарын еді...» // Ана тілі. - 2015. - 21-27 мамыр. - № 20. 9-б.].
Оның үстіне Бөкейдің Нұралы ханның нешінші ұлы екендігі де дәл анықталды деу қиын. Тарихшы Ж. Қасымбаевтың анықтауынша, Бөкей Нұралының тұңғышы [Касымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств. XVIII - первой половины ХІХ вв. Жангир хан (1801-1845 гг.). Т.4. - Алматы: Наш Мир, 2001. 10-б.], А. Самиғоллаұлының саралауынша, екінші ұлы [Самиғоллаұлы А. Қазақтың мақтанышы // Президент және халық. - 2011. - 28 қаңтар.], И. Еро-фееваның есебінше Есім, Пірәлі хандардан, Қаратай сұлтаннан кейінгі төртінші ұлы [Ерофеева И. Внутренняя, или Букеевская, Орда в первой половине ХІХ в.: история и историография // История Букеевского ханства. 1801-1852 гг.: Сб. документов и материалов. - Алматы: Дайк-Пресс, 2002. 8-б.]. Жазушы Әнес Сарай алғашында Бөкейді Нұралының тұңғышы деп анықтағанымен, [Сарай Ә. Исатай-Махамбет тарихы. Зерттеу. - Алматы: Өлке, 1997. 9-б.], кейіннен «Бөкей - осы Нұралының көп ұлдарының бірі. Орынбор әскери губернаторы Г. Волконский оны хан тағайындау тұсындағы мінездемесінде «сұлтандардың үлкені» деп көрсеткен. Бұл анықтама - Нұралының тұңғышы дегендік пе, жоқ, Нұралы ұлдарының көзі тірісінің арасындағы қазіргі үлкені дегені ме - анық емес. Қайсыбір жазбалар Бөкейді Нұралының тұңғышы деп көрсетеді. В. Воскресенский Бөкейді Нұралының кенжесі деп жазады. Олай болуы мүмкін емес. Бөкейдің Сығай деген туған інісі болғаны және белгілі. Бұл мәселе әлі де анықтай түсуді қажет етеді» [Ә. Сарай Екі тарлан. Исатай-Махамбет тарихы туралы зерттеу. - Алматы: Арыс, 2003. 11-б.] деген тоқтамға келді.
Жалпы, Бөкейдің қашан туғандығын, соған орай Нұралының белінен өрген 40 ұлдың нешіншісі екендігін анықтау үшін ханның өзге балаларына тоқталу қажет. Орынбор, Мәскеу мұрағатының құжаттары Нұралының тұңғышы Есім, екінші ұлы Пірәлі екенін дәлелдейді. Нұралы ұлдарының есімдері орыс деректеріне 1750 жылдан бастап түскен. Өйткені бұған дейін Әбілқайыр хан ұлдарын аманатқа алып келген Орынбор әкімшілігі осы кезден Нұралы ұлдарын ала бастады. 1750 жылы Әбілқайыр ұлы Әділдің орнына Орынборға аманатқа алынған Нұралының баласы Пірәлінің бес жаста болғанын А. Левшин, Л. Мейер, В. Витевский, А. Добросмыслов секілді орыс зерттеушілері атап өтеді. Нұралы хан 1751 жылы баласы Пірәліні елге қайтаруды сұрап, орнына Мұхаметәліні (Мәмбетәлі) ұсынғанымен, орыс үкіметі сұлтанның жастығын, яғни үш жасқа да толмағанын алға тартқан. Осыған байланысты үкімет Нұралыдан үлкен ұлы Есімді сұрағанымен, хан оған келіспеген. Міне, осы аманат төңірегіндегі текетіресте Нұралы ұлдарының үлкендері ауызға алынған.
Деректер не дейді?
Егер де жоғарыдағы зерттеушілер айтқандай, Бөкей сұлтан 1748/1749 жылдары шамасында дүниеге келсе, неліктен орыс үкіметі ол жөнінде үнсіз қалған. Әлде Нұралы хан айналасын «бес саусақтай» білетін Орынбор ұлықтарының хан балалары туралы мәліметтері болмаған ба? Алайда Орынбор мұрағатындағы құжаттарға тиянақты зер салған адам олай дей алмайды. Өйткені 1750-1770 жылдары Нұралы ұлдарын кезекпен Орынборға аманатқа алып отырған патша үкіметі олар жөніндегі ақпараттарды әрдайым кеңсе журналдарына мұқият тіркеп отырған. Мәселен, 1750 жылы Пірәлі, 1752 жылы Мұхаметәлі, 1753 жылы Жаналы, 1754 жылы Бегәлі, 1756 жылы Абылай, 1757 жылы Бердәлі, 1758 жылы Айтөре, 1759 жылы Артыққали, 1760 жылы Бекғали, 1763 жылы Бердіғали, 1765 жылы Абылай, 1767 жылы Бегәлі, 1768 жылы Оразғали, 1769 жылы Нәдірғали сұлтандар аманат ретінде Орынборға келген. Тарихи деректерге сүйенсек, Нұралы ұлдары Есім 1744 жылы, Пірәлі 1745 жылы, Мұхаметәлі 1748/1749 жылы шамасында дүниеге келген. Бүгінде Есімнің басына қойылған құлпытас табылып, онда ханның 1797 жылы 53 жасында опат болғаны жазылған [Қ. Құттымұратұлы Құлпытас сырын ашайық. - Орал: ЖК «ADIL PARASAT», 2014. 16-17 бб.].
Олай болса, Нұралының тұңғышы Есім сұлтан 1744 жылы атасы Әбілқайыр ханның көзі тірісінде дүниеге келген. Нұралы ханның орыс үкіметінен өзіне мұрагер тағайындау мәселесі бойынша 1768 жылы наурызда Кіші жүзге келген Я. Гуляев жазбасында Есім 23 жаста, Пірәлі 22 жаста деп көрсетілген [ОрОММ. 3-қ., 1-т., 88-іс, 133-п.]. Оған қоса 1767-1768 жылғы мұрағат құжаттарынан Есім, Пірәлі, Мұхаметәлі сұлтандардың Кіші жүздің оңтүстігінде түрікменге қарсы күресте қол бастап жүргенін байқаймыз. 1770 жылы күзде Әбілқайыр хан немерелері Пірәлі Нұралыұлы түрікменге, Сүйікәлі Айшуақұлы қарақалпаққа, Ағым Әділұлы Хиуаға хан сайланды [РИССМ. 122-қ., 122/2-т., 1769-1773, 19-іс, 184, 189 пп.]. Ал 1771 жылғы «шаңды жорыққа» Нұралы хан бес баласымен бірге аттанды. Ол 19 ақпанда өзінің Есім, Жаналы, Арыстан, Абылай атты ұлдарымен жорыққа шығып, Пірәлі сұлтанға шақыру жібергенін Ресейдегі ұлы Бекәлі сұлтанға хабарлайды. Бұл туралы князь Н. Урусов та 1771 жылы 16 сәуірде Астрахан губернаторы Н. Бекетовке жазған рапортында айтып өтеді [ОрОММ. 3-қ., 1-т., 119-іс, 389-п.]. «Қалмақ қашу» кезінде қазақ даласына келген капитан Н. Рычков 3 мамыр күні Нұралы ханмен кездесуін: «Хан қалың кілем үстінде, екі ұлы Есім және Пірәлі сұлтандардың ортасында отыр екен.
Есім сұлтан үлкен болғандықтан, оң жағында отырды, екіншісі, түрікмен ханы болғанына қарамастан, сол жағына отырыпты» деп сипаттайды [Рычков Н. Дневные записки путешествия в Киргиз-Кайсацкую степь в 1771 г. - Санкт-Петербург: Императорской Академия Наук, 1772. 49-50 бб.].
Тарихшы И. Ерофеева Нұралының ұлы Қаратай сұлтанды қалмақ тұтқыны Рыстан 1746/1747 жылы туған дейді. Қаратай тарихын арнайы зерттеген А. Рязанов, А. Ахмет, Ә. Мұқтар сынды ғалымдар осы әулеттің ұрпағы Бақытжан Қаратаевтың қалдырған мәліметтеріне сүйеніп, Қаратайды 1771 жылы туған, Бөкейдің інісі десе, тарихшылар А. Рязанов, М. Вяткин, Ж. Қасымбаевтар Қаратайды Нұралының екінші ұлы деп жаңсақтыққа жол берген. Мұрағат құжаттары мен төңкеріске дейінгі орыс авторларының еңбектері Қаратайдың жас жағынан Бөкейдің ағасы екендігін айғақтайды. Бұған 1811 жылы 19 тамызда Айшуақ сұлтанның Орынбор әскери губернаторы Г. Волконскийге жазған хатында «үлкен ағасы (Қаратай - Ж. А.) ханды (баласы Жантөре - Ж. А.) өлтірді, ал кішісінің (Бөкей - Ж. А.) хан болуды қалауы маған соншалықты жағымсыз» деген хабары дәлел бола алады [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 716-іс, 259-п.].
Кіші жүз хандарын зерттеуші Ж. Қасымбаев «Хан Айшуак (1719-1810)» атты еңбегінде Айшуақ ханның 1810 жылы қайтыс болғанын келтіреді. Ал Л. Мейер, А. Добросмыслов, И. Ерофеевалар Айшуақ ханның 1811 жылы бақилық болғанын жазса, А. Рязанов, Ә. Мұқтар, А. Ахмет секілді тарихшылар 1812 жылы фәниден озғанын алға тартады. Орынбор мұрағатының деректері соңғы пікірді құптайды. Ол бойынша Айшуақ хан 1812 жылы сәуірдің соңында дүние салған. Сонымен бірге Ж. Қасымбаев, И. Ерофеевалар Жантөре ханды Айшуақтың үлкен ұлы деп, тағы да жаңсақтыққа жол береді. Себебі, 1768 жылы көктемде Кіші жүзге келген Я. Гуляев Нұралы ханның, Ералы сұлтанның үлкен ұлдарымен бірге Айшуақтың тұңғышы Сүйікәліні 16 жаста деп анықтаған [ОрОММ. 3-қ., 1-т., 88-іс, 133-п.]. Олай болса, Айшуақ шаңырағындағы алғашқы ұл бала 1751 жылы дүниеге келген Сүйікәлі еді. Осы әулеттің ұрпағы Сейітжафар Асфендиарұлы 1898 жылы 21 қазанда Ташкентте өз қолымен жазған өмірбаянында өзінің туған атасы Сүйікәлі сұлтанды Айшуақ ханның үлкен ұлы деп көрсетеді [ӨРОММ. 1-қ., 27-т., 30-іс. https://kungrad.com/history/doc/ avtobiog/]. Сейітжафар әйгілі Санжар Асфендияровтың әкесі екендігін ескерсек, Сүйікәлі сұлтан оның тікелей атасы: Санжар - Сейітжафар - Асфендиар - Сүйікәлі - Айшуақ - Әбілқайыр.
Сүйікәлінің інісі Жантөре хан Ж. Қасымбаев, И. Ерофеева жазғандай 1759 жылы емес, 1760 жылы дүниеге келген. Бұған Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылындағы «Хан зиратынан» табылған Жантөре хан басындағы құлпытас дәлел. Онда ханның 1809 жылы 49 жасында өмірден озғаны оймышталған [Нұрманова А. Жантөре Айшуақұлы құлпытасы // DANAkaz. - 2015. - № 6-7 (20). 75-б.].
Сайып келгенде, мұның барлығы өлкеміздегі хан, сұлтандар тарихын саралауда дәйекті деректермен байыпты байлам жасамай тұрып, тиянақты түйін, тұжырымға ерекше көңіл бөлуді білдіреді. Мәселен, И. Казанцевтің Қаратай сұлтанды 70 жастан асқан шағында қайтыс болды деуі [Казанцев И. Описание киргиз-кайсак. - СПб.: Типография Товарищества «Общественная польза», 1867. 75-б.], Орынбор әскери губернаторы П. Эссеннің 1825 жылы 2 желтоқсанда Сыртқы істер министрі К. Нессельродеге жолдаған хабарында Қаратайды «өзінің өте қарттығына қарамастан» [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Т.IV. Под рук. М. Вяткина. - Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1940. 478-б.] деп сипаттауы, сұлтанның егде жаста екендігін, яғни 1771 жылдан бұрын туғандығын растай түседі.
Атан ханым хақында не білеміз?
Ал 2011 жылы Бөкей хан басына тұрғызылған келбетті кесене ішіндегі жаңа құлпытаста оның 1747 жылы дүниеге келгені көрсетілген. Астрахандық ағайындар бұрынғы ескі кесене жанында құлпытас болғанын айтады. Еділ өңірінің тумасы Ләтифолла Қапашев Сейіт бабадағы Бөкей ханның бұрынғы кесенесі туралы: «Ол - тік бұрышты (жобамен 40+5,7 м²) күйдірілген кірпіштен қаланған қоршау ішінде темір күмбезді кесене. Қоршаудың бұрыштары төрт жағына қарайды. Кесене қасында сұлтан таңбасы бар құлпытас орнатылған. Араб әріптерімен Нұралы ханның баласы Бөкей аты жазылған, оған қоса 62 жасында қайтыс болды деген жазу бар» [Л. Қапашев Қайран да қайран Еділ жұрт... // Ана тілі. - 2008. - 25 желтоқсан.- № 52 (941). 15-б.] - деп баяндайды.
Алайда этнограф Серік Әжіғали Бөкей хан кесенесіне қашық емес жерде жатқан сұлтан таңбасы бар құлпытастың Бөкейдің жұбайы Ғатан ханымға арналғанын анықтады. Онда «Бөкей хан Нұралыұлының жұбайы һижра бойынша 1239 (1823/1824) жылы 52 жасында Ғатан ханым офат болды» деген жазу қашалған [Ажигали С. Архитектура кочевников - феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). - Алматы: Ғылым, 2002. 169-б.]. Бұл құлпытас бүгінде Бөкей хан кесенесі жанындағы Атан ханымға арналып салынған кесененің ішіне қойылды. Шын мәнінде, Атан ханым Бөкей ханның екінші жұбайы, Жәңгір ханның анасы еді. Жергілікті тұрғындардың «Ғатан» деп атауы да ханымның дұрыс ныспысын көрсетеді. Ол араб қарпімен жазылған ханым есіміндегі алғашқы «айн» мен «ғайн» әрпінің өзара ұқсас болуына орай оның қазақша оқылу кезінде өзгеріске ұшырауына байланысты еді. Ал Тілекқабыл Боранғалиұлы, Өтепберген Әлімгереев секілді жазушылардың ханым есімінің дұрысы Әтен болуы керек деген пікірімен келісу қиын. Себебі, Атан ханымның өзі 1815 жылы 8 маусымда Орынбор әскери губернаторы Г. Волконскийге жолдаған арабша түпнұсқа хатының соңына «хан Бөкей Нұралыұлы халалы ханым Атан Нұралиева» деп қол қойған [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 1286-іс, 8-п.]. Бұл жазуды қазақ тіліне Қазбек Құттымұратұлы тәржімалаған еді. Оның үстіне қиямет күні махшар алаңында азан шақырылған атымен шақырылатын болғасын құлпытасқа марқұмның дұрыс есімі жазылатын. Тастағы төре таңбасы Атанның да ата-тегі ақсүйек, яғни хан әулетінен шыққанын айқындап тұр. Өлкетанушы Ө. Әлімгереев «Кейбір деректерде оны Қаратай тұқымы деп көрсетеді» [Әлімгереев Ө. Бөкей хан. - Атырау: «Атырау-Ақпарат» ЖШС, 2015. 235-б.] дегенімен, атақты Жанұзақ жырау Жәңгір ханға арнаған толғауында:
Ал Шыңғыс ханның әулеті, Хандар өтті хан соңы, Хан ұлының кенжесі Патша иемнің ана сойын сұрасаң, Қарабай ханның нәсілі [Шайыр. Құрастырған М. Ізімұлы. - Алматы: Арыс, 2002. 54-б.] - деп жырға қосқан. Бұдан Жәңгір хан анасы Атан ханымды Қарабай хан тұқымынан тарайтынын нақтылай түсеміз. Жырау келтірген Қарабай хан - өлке тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлға. Ол - Бөкейдің атасы атақ-ты Әбілқайыр ханның замандасы Батыр сұлтанның ұлы. Батырдың өзі әз Тәукеден кейінгі қазақтың аға ханы Қайып Хұсырауұлының баласы. Бұлар Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның Жәдік атты баласынан, ал Әбілқайыр әулеті Жәнібек ханның Сүкәлі (Сөк, Өсеке, Сүйік) деген баласынан тарайды. Яғни екі әулеттің арғы тегі Жәнібек ханнан барып қосылады. Қазақ ақсүйектеріне тән құдандалық дәстүр бұл әулет арасында XVІІІ ғасырдан басталып, одан әрі өз жалғасын тапқан. Әбілқайыр ханның немере қарындасына үйленген Батыр сұлтан оған күйеу бала болса, Айшуақ сұлтан Батырдың қызын қалыңдық қылған. Нұралы ханның қарсылығына қарамастан анасы Бопай ханым өзінің туған қызын Батырдың баласы Қарабай сұлтанға ұзатқан. Әулет арасындағы құдандалық ілік-шатыс тек осымен шектелмей, кейін бөкейлікте дәстүрлі түрде кең өріс алды. Бөкейдің інілері Шығай сұлтан Қарабайдың туған немересі Ифақ ханым Асанқызына [М. Жахатов Шығай сұлтанның зайыбы // Орал өңірі. - 2015. - 9 сәуір.] үйленсе, Меңдікерей сұлтанның бәйбішесі Ұлпеш Құлман Қарабаевтың қызы. Ал Жантөре хан Айшуақұлы Қарабайдың Меңді атты қызын алған. Орынбор мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш мүфтиі Мұхамеджан Хұсайыновтың Қарабай сұлтанның Қаракөз деген қызымен 1800 жылы 1 тамызда Орынборда өткен неке қию рәсіміне қазақ қоғамының барлық билеушілері қатысқан. Бұған қоса М. Хұсайынов түріктің Анапа бекінісінен шыққан Кәрима бике Жұмалықызына үйленіп, одан туған Фатима тоташ Жәңгір ханның жұбайы болды. Бөкей ханның үлкен ұлы Тәуке сұлтан Жібек Қарабайқызымен отбасын құрса, Бөкейдің Қазына деген қызына Қарабай немересі Бажақ Қасымұлы үйленген.
Өзінің туған ағасы Батырұлы Қайып ханның 1758 жылы Хиуадан кетуінен соң Қарабай сұлтан төрт айдай уақыт Хиуаның хан тағына отырған. Академик В. Бартольдтың зерттеуінше, Хиуада хандыққа отырған Қайыптың інісі Абдолла, сондай-ақ түрікше Қарабай есімін иеленген [Бартольд В. К истории орошения Туркестана. - С.-Петербург: Типография «Сельского Вестника», 1914. 111-б.]. Қарабайдың хан атануы осымен байланысты. Оның Әбілқайыр ханның кенже қыздарының біріне (Айдархан ханым деп те айтылады - Ж. А.) үйленіп, Нұралы ханға күйеу бала болуы, әкесі Батыр хан басқарған Әлімұлы руларынан Байұлы руларына, яғни Нұралы хан ұлысына келуіне ықпал еткен. Бұл жерде Қарабай сұлтан шеркеш руын басқарды. Ел аузында сақталған әңгімелер бойынша, XVIII ғасырдың екінші жартысында шеркеш руының старшыны Тұрмамбет бидің қолдауымен Қарабай осы руға хан сайланды [История киргизских султанских родов // Астраханские губернские ведомости. - 1898. - №4. 3-б.]. Қарабай сұлтан өз әулетімен (27 ұлы болған) 1802 жылы Бөкейдің соңынан ішкі тарапқа бет бұрса, кейін 1810 жылдың басында түпкілікті өтіп, сол жылдың жазында өмірден озды. Бұл жөнінде Бөкей сұлтан 1810 жылы 11 тамызда Орынбор коменданты полковник А. Тарарыкинге хабарлаған. Алматы мұрағатындағы осы құжатқа қарамастан тарихшы И. Ерофеева соңғы еңбегінде Қарабайдың қайтыс болуын негізсіз 1822 жылдан кейін деп көрсетеді. Бүгінде өздерін «Қарабай төреміз» дейтін ұрпақтары бабалары табан тіреген бөкейлікте, Қазталов ауданында өмір сүруде.
Жәңгір хан қай жылы туған?
Қарабай тұқымы Атан ханымнан дүниеге келген Жәңгір Бөкейұлының туған жылы туралы да бірыңғай пікір жоқ. 1826 жылы қазан айында Жәңгірді көрген Қазан университетінің профессоры Фукстің сөзінше, хан 24 жаста болған. 1834 жылы ханға бар-ған Гебель сол кезде Жәңгірдің 30 жас шамасында болғанын айтады. 1837 жылы Ордада болған Казанцев ханды 40 жас шамасында деп анықтаған. Ханыков пікірінше, Жәңгір немере ағасы Шығайдың 1822 жылдың соңында өзіне таққан жаласынан ақтала отырып, өзінің кәмелеттік жасқа жеткендігін алға тартып, Орданы басқаруға рұқсат сұраған. Осы деректерді жан-жақты саралаған зерттеуші И. Иванов хан замандастарының мәліметтері 1815 жылы шілде айында Жәңгірді 14 жаста деген анасы Атан ханымның мәліметімен айтарлықтай сәйкес келмейтінін айтып, Бөкей ханның ұлы Жәңгірдің туған уақытын нақты анықтау қиын деп жазды [Иванов И. Джангер, хан внутренней Киргизской орды. - Астрахань, 1895. В сб. Букеевской Орде 200 лет. Книга 2. - Алматы: «Өлке», 2001. 8-9 бб.]. Тәуелсіздік жылдары да Жәңгір хан тарихына қалам тартқан тарихшылар ортақ пікірге келе алмады. «Жангир хан (1801-1845 гг.)» атты еңбегінде тарихшы Ж. Қасымбаев 1801 жы-лы туғандығын жазса, Б. Жанаев 1803/1804 жылы, И. Ерофеева 1804 жылы дүниеге келген дейді. Бүгінде басына қойылған құлпытастағы арабша жазуды оқып, талдаған Жаңақала аудандық мешітінің имамы Мұратбек қажы Жахатов 1845 жылы 11 тамызда 42 жасында фәниден озған Жәңгір ханның 1803 жылы дүниеге келгенін анықтап берді [Т. Кенжеғалиев Құлпытастың құпиясы // Алаш айнасы. - 2012. - 21 сәуір. - №68 (750). 5-б.]. Мұны мұрағат деректері де қуаттайды. 1837 жылы 3 сәуірдегі қызметтік тізімінде Жәңгір хан 34 жаста делінген. Ал келесі 1843 жылы 31 қаңтардағы қызметі туралы жазбада 39 жаста деп берілуінің өзі дұрыс болатын [ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 1607-іс, 6-п.,; 78-қ., 4-т., 178-іс, 131-п.]. Себебі, ол кезде қазақтар жыл басы наурыз айынан соң өздеріне бір жас қосатын. Егер наурыздан кейін сұраса, хан өзін 40 жастамын деп көрсетер еді. И. Казанцевтің анықтауынша, Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда кешкі сағат 6 ½ шамасында 42 жасында Торғын бойындағы жаз жайлауында жүйке қызбасынан бақилық болған [Казанцев И. Описание киргиз-кайсак. - СПб.: Типография Товарищества «Общественная польза», 1867. 220-б.]. Осыған орай алдағы уақытта Жәңгір хан 1803-1845 жылдары өмір сүрді деген тоқтамға келу керек. Ал Жәңгірдің әкесі Бөкейдің басына орнатыл-ған құлпытастың бүгінге жетпеуі ханның 1815 жылы неше жасында өмірден озғанын және нақты қай жылы туғанын анықтауға мүмкіндік бермей отыр. Міне, сондықтан да қолымызда қандай да бір құжаттық деректің болмауына байланысты Бөкейдің туған жылын тұспалдап айтуға асығыстық жасамаған жөн. Себебі келешекте мұрағат құжаттары арасынан ол жайлы мәліметтердің табылуы ғажап емес. Оның үстіне Ә. Сарай, Ө. Әлімгереев секілді жазушылар Бөкей ханның шикі судан жұғатын бөсір дертіне шалдығып, санаулы күн ғана ауырып, көз жұмғанын жазады. Бұл арада Бөкей хан өлімін Орынбор әскери губернаторы Г. Волконскийге хабарлаған Астрахан казак полкінің командирі В. Скворцовтың 1815 жылы 26 мамырдағы рапортында келті-рілген «будучи одержим водяною болезнью» деген сөзі негізге алынған [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 1286-іс, 1-п.]. Шын мәнінде, бөсір ауруының орысша мағынасы аскаридоз болса, «водяная болезнь (водянка)» деген аурудың қазақ тіліндегі аудармасы шемен деп берілген. Шемен - денеге ұйыма сұйықтық, яғни сарысу пайда болудан болатын ауру. Анықтамасын келтірсек, шемен - қан мен лимфа сұйығының қалыптан тыс көп бөлініп, ағза тініне қайта сіңуінің нашарлауынан тері асты май қабаттарына, тіндерге, буынға, органдарға сұйықтықтың (транссудаттың) жиналуы [https://kk.wikipedia.org/wiki/Шемен]. Сондықтан Бөкей хан денеге сарысу жиналудан пайда болатын шемен ауруынан дүниеден озған.
Тобықтай түйін
«Түйіндеп айтқанда, бұл Бөкей хан тарихындағы таңдақтардың басы ғана. Өйткені оның өмірі мен қызметіне тереңірек үңіле түскен сайын ашылмаған ақтаңдақ беттер алдыңнан шыға береді. Мұның өзі «Халқына шекер шайнатып, бал ішкізген» Бөкей хан бітім-болмысының бүгінге дейін арнайы зерттелмеуімен байланысты. Ел жадында сауатты, ақылды, ұстамды адам кейпінде әдіптелген, қаншама жерді кейінгі ұрпағына аманаттап қалдырған, өз қаржысына Астраханнан астық пен түрлі жарма алдыртып, халқына таратқан, заманында «Байларға құба жайлатқан, Жарлыға мыңдап жылқы айдатқан», яғни жұртының мерейіне бөленген Бөкей ханның ел алдындағы еңбегін бүгінгі ұрпақтың толық танып, одан тағылым алуы үшін әлі де айтылмай һәм ашылмай жатқан тұстарына сәуле жүгіртіп, кеңірек насихаттау қажет», дейді автор.
«Үйренгеннің ісі алға басады» (Болат Есқалиев) атты ақпаратта Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков бастаған өңірдің шағын бизнес өкілдері Ақжайық ауданында болғаны арқау етілген.
Бір-бірінің кәсіпкерлік көкжиегіндегі тірлігімен танысып, тәжірибе алмасуды көздеген бұл жүздесу делегацияның Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановпен бірге жол бойындағы сервистер кешендерімен, аты алысқа мәлім Жаңабұлақ ауылдық округіне қарасты «Жәмиға» шаруа қожалығымен танысудан басталды. Сондай-ақ Чапаев маңында тұрғызылған, жобалық құны 560 млн. теңге болатын, қуаты тәулігіне 50 бас сиыр етін өңдейтін «Батыс-Нық» ЖШС кешенінде, қой жүнін бастапқы өңдеу цехында кездесулер өтті.
Бұдан соң екі аудан өкілдері дөңгелек үстелде бас қосты. Ақжайық ауданы әкімі Әділ Жоламанов сырымдықтарды үлкен ауданның экономикалық-әлеуметтік тынысымен таныстырды. Айталық, жылдың өткен кезеңінде-ақ 278 жаңа жұмыс орны ашылды, бұл ең алдымен кәсіпкерлікті барынша өркендетудің арқасында мүмкін болған. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілетін несиеге 27 субьекті қатысып, 382 млн. теңге көлемінде қаржыландырылған. «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламаларын тиісті бөлім, ұйымдар мамандары кеңінен насихаттауда.
Әділ Тауфиқұлы өңір аудандарындағы кәсіпкерліктің дамуынан ақжайықтықтардың үйренері де аз емес екенін, сырымдықтардың елге мәлім ілгері істерін атап өтті. Сондықтан олармен қарым-қатысты нығайту басты назарда ұсталып отырғанын баяндады.
Абат Шыныбеков өз сөзінде көршілес аудандардың осындай байланысы тек берекелі нәтижелерге негіз қалайтынын, мал, бақша шаруашылықтарында және жол бойындағы сервиске байланысты ақжайықтықтардан тәжірибе алудың зор маңыздылығын атап көрсетті.
Екі ауданның кәсіп иелері бір-бірімен ынтымақтастыққа, қажет болса көмекке дайын екендіктері жайында ой-пайымдарын ортаға салды. Олар кейбір түйіткілді мәселелер бойынша да пікір алмасты.
Осыдан соң Сырым ауданындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы орта мектеп пен Ақжайық ауданындағы Жұбан Молдағалиев атындағы орта мектеп арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл аталған көршілес білім ұялары бұрыннан-ақ бір-бірімен жақсы қарымқатысты жолға қойған. Енді мұндай байланыс одан әрі тереңдей түсіп, жас ұрпақтың жарқын тағдыры үшін тың істер қолға алынбақшы. Сондай-ақ ақжайықтық «Балауса» шаруа қожалығы мен супермаркетте ауыл шаруашылығы өнімдері саудасымен шұғылданатын сырымдық жеке кәсіпкер Мэлс Сапаров арасындағы меморандумға қол қойылды. Нұрлан Жұмашев басқаратын «Балауса» шаруа қожалығы - бақша өсіруден бай тәжірибе жинақтаған ұжым.
«Жаңа карта қылмыстың алдын алмақ» (Айымгүл Төлеуғали) - бұл материал өңірдегі құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған жиын жөнінде хабарлаған.
«Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен, облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық кеңестің кезекті жиыны өтті. Кеңеске аудан әкімдері онлайн режимде қатысты», делінген онда.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин өңірдегі қылмыстық жағдай мен оның алдын алу амалдары туралы баяндады.
- Бейнебақылау қондырғыларының арқасында биыл 51 қылмыстың ізі суымай ашылып, 7252 құқықбұзушылық анықталды. Соның 1908-сі - көше қылмысы. Облыс орталығында тоғыз тұрақты, бес көшпелі полиция бекеті жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда қылмыстық жағдай 2,2 пайызға (1062-ден 1039-ға) төмендеді. Сонымен қатар былтыр тоғыз қорқытып-үркіту және алты зорлық-зомбылық әрекеттері тіркелген болса, биыл олардың бірде-бірі тіркелмеді. Әйтсе де қоғамдық орындардағы қылмыстың саны 1,5 пайызға көтерілді. Қарақшылық екі есеге (6-дан 12-ге) өсіп тұр. Қарақшылық әрекеттер көбінесе полицей қызметі қамтылмаған жерлерде орын алады. Бөрлі, Бөкей ордасы, Қазталов, Тасқала, Теректі аудандарында көше қылмысы өршіп тұр. Ал Зеленов ауданында қылмыс деңгейі төмен. Қылмыстың алдын алу мақсатында облыстық бюджеттен 3 млн. 500 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Дегенмен кейбір аудандарда жұмыстар дұрыс жолға қойылмаған, - деді Манарбек Серікқалиұлы.
Бұдан соң полиция қызметінің басшысы қоғамда «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру мақсатында бірлескен жұмыс тиімділігін арттыру және мәселелерді шешу бойынша жергілікті атқарушы органдардың бірлескен іс-қимылы туралы баяндады. Жыл басынан бері 31523 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Нақты құқықбұзушылықтар бойынша мысалдар келтірген М. Ғабдуллин кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің құқығы туралы да баяндады. Соның ішінде жасөспірімдердің ата-анасының бақы-лауынсыз тұрғын үйлерден тыс жерлерде жүруінің нәтижесінде түрлі қылмыскерлердің құрбанына айналатынын айтты.
- Алғашқы жартыжылдық бойынша жасөспірімдердің ата-анасының қарауынсыз түнгі уақытта көшеде жүргені үшін 829 хаттама толтырылды. Кәмелетке толмаған жастардың түнгі сауық көтеру орындарында жүргені үшін екі хаттама толтырылған. Елбасы Н. Назарбаев әрбір азаматты тіпті ең төмен деңгейлі құқықбұзушылыққа немқұрайлы қарамауға, ішкі құқықтық мәдениетті тәрбиелеп, қоғамдық мінез-құлық талаптарын орындауға шақырды. Қазақстанда тыныш және қауіпсіз өмір сүру жағдайын жасау үшін барлық азаматтар өз үлестерін қосып, атсалысуы тиіс, - деді полковник Ғабдуллин.
Сонымен қатар Манарбек Серікқалиұлы Ішкі істер органдары, оның ішінде жергілікті полиция қызметкерлерінің ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсанындағы №153 Жарлығымен бекітілген «ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) сақтауы» туралы баяндады.
- Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстық ІІД жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысына байланысты тұрғындардан 21 өтініш түскен. Соның ішінде 8-і негізді болып табылады. Қызметкерлерге қатысты тәртіптік жаза қолданылып, екеуі қызметінен босатылды. Азаматтардан ең көп түсетін шағым олардың алдын ала берген арыздары бойынша іс жүргізу шешімдерімен келіспеушілігімен байланысты. Жасөспірімдер ісін қарауда ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзғаны үшін инспекция қызметкері жұмыстан қуылды, - деді М. Ғабдуллин.
Халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында жергілікті полиция қызметінің басшысы ауылдық аймақтарға шығып жүр. Алты айда 80 азамат М. Ғабдуллиннің қабылдауында болған. Аталмыш іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық басқармасының басшысы Жаннат Нұрмағамбетова бүгінде құқықбұзушылықтың алдын алудың тиімді жүйесі құрылғандығы жөнінде айтты.
- Жыл басынан бері «Қылмыстық карта» негізінде «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» құрастырылды. Ол жерге қылмыстық құқықбұзушылықтар, сотқа дейінгі тексерістің бірыңғай тізімі енгізілген. Ол алдын алу шараларының нақты бағытын анықтауға мүмкіндік береді. Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы бойынша жүргізілген талдаулар бойынша бұзақылықтың 6,6 пайызға, ал ұрлықтың 4 пайызға көбейгені белгілі болып отыр. Аталмыш картаны сараптай отырып, Ақсай қаласындағы Сырым Датұлы көшесінің бойындағы 31 мекенжай аумағында бір күнде үш қылмыстың орын алғандығын анықтадық. Сол бойынша бейнебақылау қондырғысын орнату жөнінде ұсыныс түсірдік. Ол интернет портал арқылы қылмыстық ахуалды қадағалап, алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді, - дейді Жаннат Жондалайқызы.
Оның айтуы бойынша, өткен оқу жылында №1 кешкі мектепте алты факті тіркелген. №13, 40 мектептерде және ҚазИИТУ. БҚИТУ, педагогикалық және қалалық №4 колледждердің әрбіреуінде үш қылмыстық жағдай тіркелген.
Жалпы облыс бойынша жасөспірімдер арасында 91 қылмыстық іс орын алған.
- «Наркотикалық қылмыс картасы» кез келген аймақтағы нашақорлық қылмысты қадағалауға мүмкіндік береді. Комитеттің мүмкіндіктері мен оның қызметі туралы халықты неғұрлым кеңінен ақпараттандыру үшін Facebook, Twitter, ВКонтакте әлеуметтік желілерінде арнайы парақшалар аштық. Азаматтар бұл парақшаларға өз пікірлерін жазып, онымен бөлісе алады, - деді Жаннат Нұрмағамбетова.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қоғамдық орындардағы тәртіпбұзушылықтарға байланысты қатаң шаралар алу, тиісті айыппұлдарды өндіру мәселесіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Өйткені 2010-2014 жылдар аралығында тиісті хаттамалар бойынша 122 млн. теңгедей айыппұл аяқсыз қалған. Ал биылғы жылдың алты айында 19 мыңнан астам қаулыға сәйкес 214 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Қазіргі таңда тек 111 қаулы бойынша тиісті тұл-ғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
- Таза көше, қауіпсіз аула шаралары тұрғындардың тыныштығы үшін аса қажет. Бұл жұмысты тек Орал қаласында ғана емес, аудандарда да жолға қою керек. «Қылмыстылық картасын» жасақтауда да салғырттық танытпай, мәселені шешу керек. Бүгінгі кеңес қорытындысы бойынша аудан басшыларына осы бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырамын, - деді облыс әкімінің орынбасары Арман Кәрімұлы.
Газеттің 6 тамыз күнгі санында жарияланған «Медиация институттарын дамыту - ассамблея қызметінің жаңа бағыты» (Нұртас Набиоллаұлы) деген ақпаратта Медиация күніне арналған шара қамтылған.
«Медиация күні» республикалық акциясы аясында «Медиация институтының дамуы» атты форум өтті. Қаламыздағы Достық үйінде өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты», делінген онда.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясы қызметінің жаңа бағыттарының бірі елдегі медиация институттарын дамыту болып табылады. Ағымдағы жылдың 30 маусымында Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты елімізде медиация институтын дамыту жайлы меморандумға, сонымен қатар меморандумды жүзеге асыру бойынша іс-қимыл жоспарына қол қойды. Біз бүгін Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясы аясында барлық аудандарда, ауылдық округтерде және ірі кәсіпорындарда «Медиация күні» республикалық акциясын өткізіп отырмыз. Ондағы мақсат - медиация институттарын Қазақстан халқы ассамблеясы жұмысының негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастыра отырып, оны шиеленістер мен дауларды шешудің әдісі ретінде насихаттау, келіспеушілік пен дауларды шешудегі табыстыру процедураларының тиімділігін түсіндіру болып табылады, - деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиынды ашқан кіріспе сөзінде.
Форумда облыстық соттың төрағасы Бек Әметов, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, кәсіби медиатор Дархан Қабиев даулы мәселелерді шешудегі, бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы медиацияның маңызы жайында баяндамалар жасады.
- Медиация ғасырлар бойы бейбітшілік пен келісімді орнықтыру мақсатында қолданылғаны мәлім. Бүгінгі таңда, бүкіләлем-дік тәжірибе медиацияның ірі бизнестерден бастап, отбасылық дау-жанжалдарда, үй шаруашылығына байланысты дүниені бөлісу мәселелерінде қолданылатынын дәлелдейді. Халықаралық санаққа жүгінетін болсақ, медиация арқылы бүкіл келіспеушіліктердің 30-40 пайызы қаралса, оның 85 пайызы ойдағыдай нәтижеге ие болады. Медиация достық қарым-қатынастарды сақтап қалумен қатар абыройға кір келтірмеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Достық үйлерінің базасында, селолық әкімдіктер жанында медиация кабинеттері ашылып, бірқатар жұмыстар қолға алынды. Бұл бағытта алда атқарылар істер көп. Сол жоспарланған жұмыстардың пәрменділігін арттыру - бүгінгі кездесудің басты мақсаты, - деді Ғайса Хамидоллаұлы өз баяндамасында.
Шара барысында «Татулас» медиация орталығының кәсіби медиаторы Дархан Хабиев, Батыс Қазақстан облысының әділет департаменті бастығының орынбасары Хамидолла Құсдәулетов, «Медиация дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің директоры, кәсіби медиатор Қатира Құлмағамбетова медиация саласындағы белсенді жұмыстары үшін облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.
Аталмыш акция аясында қаламыздағы Достық үйінде, «Батыс су арнасы» АҚ-да, сондай-ақ аудандарда, ауылдық округ әкімдіктерінде барлығы 144 медиация кабинеті жұмыс жасады. Онда тұрғындар өздеріне қажетті құқықтық мәселелер бойынша кеңес алды.
«ҮЕҰ-ның қызмет аясы кеңеймек» (А.Өтебәлі) - бұл ақпаратта облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік және мемлекеттік емес секторда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамыту» атты семинар-кеңес жөнінде хабардар етілген.
Бұған қала және аудандар әкімдерінің орынбасарлары, қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары, үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің мамандары, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысқан.
Семинар жұмысын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Исқақова жүргізді.
- Қазіргі таңда ҚР «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңына сәйкес елімізде әлеуметтік қызметтер жүйесіне реформалау жүргізілуде. Мемлекеттік, жеке және үкіметтік емес секторларда стационар, жартылай стационар жағдайында және үйден әлеуметтік қызмет көрсету, белгілі тұрағы жоқ тұлғаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары кезең-кезеңімен енгізілуде. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа, баламалы нысаны - үкіметтік емес ұйымдарда (бұдан әрі ҮЕҰ-да) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету болып табылады. Біздің басқармада 2010 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарда арнаулы әлеуметтік қызмет бойынша сатып алу өткізіліп келеді. Бүгінгі күні Орал қаласы бойынша Батыс Қазақстан облыстық мүгедек балалардың «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі психоневрологиялық ауруы бар 20 баланы, Сырым ауданы бойынша «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігі психоневрологиялық ауруы бар 10 баланы жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтып отыр. Осы семинар-кеңес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту мақсатында өткізіліп отыр, - деді ол өз сөзінде.
Бұдан кейін сөйлеген аталмыш басқарманың медициналық-әлеуметтік мекемелердің жұмысын үйлестіру бөлімінің басшысы Е. Доспаев интеграциялық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстардың сапасын арттыру туралы баяндады.
Заңға сәйкес жетімдік жағдайына байланысты ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар, қадағалаусыз қалған кәмелетке толмағандар, оның ішінде девианттық мінез-құлық иелері, ерекше режімде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмаған балалар, туғаннан бастап психофизикалық даму мүмкіндіктері шектелген үш жасқа дейінгі балалар, дене немесе ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты ағза қызметтері тұрақты бұзылған жандар, әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігі шектелген адамдар, жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтындар, әлеуметтік бейімсіз-дікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қатыгездік жағдайындағы адамдар, баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар), бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар, қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметінің есебінде болу негіздері бойынша өмірлік қиын жағдайда қалғандар арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж болып танылады. Арнаулы әлеуметтік көмек психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға, психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектерге, бірінші, екінші топтағы мүгедектерге және егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға көрсетіледі. Арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж өмірлік қиын жағдайда жүрген адам тұрғылықты жері бо-йынша жоғарыда аталған стандартта көрсетілген құжаттармен жергілікті атқарушы органға жүгінеді.
Бүгінде облыс бойынша тоғыз медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс жасайды. Олар стационарлық үлгідегі сегіз медициналық-әлеуметтік мекеме және жартылай стационарлық үлгідегі «Шапағат» балалардың күндіз болуына арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі. Сонымен қатар облыста 33 үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелері, белгілі тұрағы жоқтарға арналған әлеу-меттік бейімдеу орталығы және үкіметтік емес ұйымдар арқылы мұқтаж тұлғаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі, - деген Е. Доспаевтың сөзін облыстық ішкі саясат басқармасы саяси партиялармен және ҮЕҰ-мен жұмыс бөлімінің бас маманы Е. Рахматуллин одан әрі жалғастырды. Оның сөзінше, Ұлт жоспарының 97-қадамын жүзеге асыру барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құзыретіндегі ҮЕҰ салалары бойынша мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды іске асыру мониторингісін және әлеуметтік тапсырыстарды қалыптастыратын тақырып жобалар, атаулар немесе лот-атауларды ҮЕҰ-ға немесе екінші секторларға беру қарастырылуда.
- Жоғарыда аталған мемлекеттік функциялар ҮЕҰ-ға 2017 жылдан бастап біртіндеп берілмек. Бұл функциялар бәсекеге қабілетті ортаға берілу үшін мемлекеттік функциялардың алдын ала жасалған тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда біздің басқарма тарапынан ҮЕҰ-ға жоғарыда айтылған екі функ-цияның берілуі көзделіп отыр. Сондықтан аталған функциялардың бір бөлігін 2017 жылдан бастап аукцион механизмімен Үкіметтік емес секторға беруді ұсынамыз. Сондай-ақ ҮЕҰ-ның аккредитациялау процедураларын енгізу қажет деп санаймыз. ҮЕҰ-ны аккредитациялауды Қазақстандағы қолданыста жүрген тәжірибеге сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерін, спорттық федерацияларды аккредитациялай отырып жүргізген жөн. Бұдан басқа мемлекеттік сектордың әлеуметтік қызмет көрсету құқығын ҮЕҰ-ға беру ісіндегі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, ҮЕҰ-ның талап-шарттарын енгізуді ұсынамыз. Бірінші шарт бойынша ҮЕҰ-ның қабілеттілігін растайтын құжаттардың, жарғылық құжаттардың болуы керек. Екіншіден, ұсынылатын әлеуметтік қызметтердің мақсат-міндеттеріне ҮЕҰ-ның Жарғылық мақсаттары міндетті түрде сәйкес келуі тиіс. Үшіншіден, ҮЕҰ-ның ұйымдастырушы құрылымы, яғни ұйымның штаттары болуы тиіс. Төртіншіден, ұйымның стратегиялық жоспары және нақты мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жоспары болуы керек. Бесіншіден, ресурстарды тиімді басқару, бухгалтерлік байланыстың куәліктері, басшылық пен қызметкерлердің оқытылуы туралы, яғни біліктілікті көтеру жөніндегі сертификаттар болуы тиіс. Сондай-ақ аталған ұйымды мониторингтеу және бағалау жұмысы енгізілуі керек. Бұған қоса ҮЕҰ-ға бөлінетін сенімділік деңгейінің болуы қажет және ол қоғамға танымал ҮЕҰ-ның қатарында болуы тиіс. Сонымен қатар мақсатты топтардың ұсынымдары және БАҚ-та жарияланымдары болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырушы ҮЕҰ шынайы болуы керек және ол өз жұмысына есеп бере білуі шарт. Ағымдағы жылдың 19 ақпанындағы ҚР Мәдениет және спорт министр-лігінің №51 бұйрығына сәйкес ҮЕҰ-ның жеке қоры (база данных) жасақталды. Соған сәйкес болашақта мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа қатысу үшін әрбір үкіметтік емес ұйым осы ҮЕҰ-ның жеке қорына тіркелуге міндетті. Егер ҮЕҰ осы аталған дерек-қорға тіркелмеген болса, онда олардың 2017 жылдан бастап мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа қатысу жұмысында кедергілер туындайды. Сондықтан өңіріміздегі барлық ҮЕҰ-ның осы аталған дерекқорға өз мәліметтерін беріп, осы қазірден тіркелгені дұрыс, - деген облыстық ішкі саясат басқармасының өкілі өздерінің биылғы наурыз айынан бастап осы жұмысты қолға алғандарын айтты. Оның сөзінше, бүгінгі таңда еліміз бойынша 18-20 мың ҮЕҰ бар. Біздің облыста ағымдағы жылдың 25 шілдесіне дейін 671 ҮЕҰ тіркелген. Соның тек 120-сы ғана ҚР ҮЕҰ-ның дерек қорына тіркелген.
Облыстық газет «Нұр Отан» партиясы өңірдегі филиалдарының атқарған істерін жария етіп отырады. «Ешбір сауал назардан тыс қалмайды» (Нұрәлі Жапақ) осыған дәлел.
«Нұр Отан» партиясының Зеленов аудандық филиалы облыстық мәслихат депутаттарының көшпелі қоғамдық қабылдауын өткен аптада Дариян ауылында ұйымдастырды. Облыстық мәслихаттың депутаты Иван Енютиннің қатысуымен өткен қоғамдық қабылдауға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау кабинетінің меңгерушісі Гауһар Шайхиниязова, аудандық мәслихаттың хатшысы Рамазан Исмағұлов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров, сондай-ақ коғамдық кеңес, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл белсенділері, шағын және орта кәсіп иелері қатысты.
Қоғамдық мәселелерді қаузаған жалпы отырыста аудандық мәслихаттың хатшысы Рамазан Исмағұлов ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етті.
- «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы ауданға бөлінген 258 млн. теңге қаражат жылдар бойы тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған 560-тан астам тұрғынға берілетін жер телімдеріне инфрақұрылым тартуға бағытталды. Трекин округіне қа-расты Володар ауылы маңынан берілетін аймаққа электр желісі, аудан орталығынан бөлінген жер телімдеріне электр желісі мен ауыз су тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа Рубежин ауылдық клубы, Переметный мектебі күрделі жөнделсе, Озерный ауылынан 48 орынға шақталған мектеп құрылысы басталды. Садовое және Зеленый елді мекендерінің тұрғындарын қала орталығымен Шаған өзені арқылы байланыстыратын, жалпы құны 92 млн. теңге болатын екі аспалы (ванттық) көпір құрылысы да басталмақ. Аудан орталығында орталық стадион мен алаң жаңғыртылып, мектептер мен ауылдық клубтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауыл-аймақты абаттандыру жұмыстары әр округте «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы негізінде іске асырылуда, - деген ол бөлінген қаражат-тың тиімді әрі мақсатты игерілуі партия тарапынан қатаң бақылауда екендігін жеткізді.
Облыстық мәслихаттың депутаты И. Енютин өзінің сайлауалды бағдарламасында жоспарланған жұмыстардың орындалу ретін баяндап өтті.
- Қазір Трекин, Володар, Дариян, Озерный, Рубежка, Красноармейск, Раздольный, Кирсанов, Январцев ауылдарын облыс орталығымен жалғайтын «Орал - Кирсанов» тас жолы жөнделуде. Мемлекеттік «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы несие алған тұрғындар өз кәсіптерін ашып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттерін орындауда халықтың мұң-мұқтажын ұдайы назарда ұстап, мәселелерінің оң шешілуіне қол-дан келгенше ықпал етудеміз, - деген депутат Чувашка, Достық ауылдарынан көң-қоқыс павильоны жасақталып, Володар мектебін оңтайландыру мәселесінің түбегейлі шешілгендігін атап өтті.
- Облыстық филиалдың қоғамдық қабылдауына тұрғындардың көптеп келуі ауылдық деңгейде шешімін күткен мәселелердің әлі де баршылық екендігін аңғартады. Негізінен өңір тұрғындарын жеке үй салуға жер телімін беру, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қолдау білдіру мәселесі алаңдатады. Тұрғын үй салуға жер телімін беру ісі биыл Зеленов пен Бөрлі аудандарында шешімін табуда және бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта жалғасын табатыны бізді ерекше қуантады. «Нұр Отан» партиясының алға қойған негізгі міндеттерінің бірі - Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын уақтылы жүзеге асыру, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Ұлттық қордан бөлінген қомақты қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуін қадағалау. Бұл жұмыстарға аудандық мәслихат депутаттары белсенділікпен атсалысуда, - деген Гауһар Жәрдемқызы қатысушыларға мазалаған сұрақтарымен кез келген жұмыс күні облыстық филиалдың 24-44-77 телефонына хабарласуын қаперлеп өтті.
Партияның аудандық филиалының бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысына қысқаша тоқталған Нұржан Тоғызбайұлы Дүзбатыров сайлауалды бағдарламада межеленген міндеттердің орындалу барысын түйіндеп, аудан басшылығы, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары төрағалары, салалық бөлім-мекеме басшыларымен жоспарлы жүргізілетін қоғамдық қа-былдауларға халықтан түсетін өтініш-талаптардың қаралуын баяндады.
Басқосуда еңбек ардагерлері Р. Бабақожа мен Н. Калашникова ауылды абаттандыру ісіне халық болып жұмылудың қажеттігін сөз етсе, Сұлукөл ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы С. Сәрсенғалиев ауылға барар жолдың жөнделуіне депутаттардың ықпал етулерін талап етті. Сонымен қатар қоғамдық қабылдауда Макаров округіне қарасты Садовое ауы-лындағы электр қуатының тапшылығы, ауылішілік жолдарды қалыпқа келтіру қажеттігі айтылды.
«Көтерілген мәселелердің оң шешімі рет-ретімен табылатынын жеткізген депутаттар ешбір сауалдың ескерусіз қалмайтынына сендірді. Жеке сұрақпен келген тұрғындарды арнайы қабылдаған депутат И. Енютин мен облыстық филиалдың өкілі Г. Шайхиниязова әр мәселенің шешімі бойынша жауап берілетінін алға тартты», делінген ақпарат соңында.
Журналист Түгелбай Бисеннің «Үміттер тоғысқан Рио» атты шолу мақаласында Рио олимпиадасы жөнінде сөз болады.
«Кеше төрт жылда бір рет төрткүл дүниенің назарын өзіне аударатын жазғы олимпиада ойындары басталды», делінген онда.
Бұған дейін бес жазғы олимпиадаға қатысқан еліміз ешқайсысынан жүлдесіз қайтқан емес. Сол ойындардағы жетістіктерімізді еске түсіріп көрейік. Тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет жазғы ойындарға 1996 жылы қатысыппыз. Америка жерінде үш алтын, төрт күміс, төрт қола медаль иеленген спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте 24-орыннан көрінді. Ол кезде алтын медальдарды бессайысшы Александр Парыгин, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко мен боксшы Василий Жиров иеленген болатын. Айта кетейік, Балқаштың барысы Василий Жиров олимпиада ойындарының үздік боксшысына берілер Вэл Баркер кубогын да елге алып келген-ді сол жылы. Одан кейін Сиднейде өткен ойындар қорытындысында үш алтын, төрт күміс еншілеп, командалық есепте 22-орынға көтерілдік. Осы 2000 жылы өткен ойындар елімізді әлемдегі бокс державасы ретінде танытқан еді. Бірден төрт боксшымыз финалға шығып, олардың екеуі алтын алғанда, қуанбаған қазақ болмады десем, артық айтқаным емес. Оған дейін де, одан кейін де боксшыларымыз Австралиядағы жетістігін қайталап көрмеді. Австралия төрінде алтынды Ольга Шишигина, Бекзат Саттарханов пен Атлантадағы қоласын алтынға айналдырған Ермахан Ыбрайымов мойындарына тақты. Жасыл құрлық ойындарына аттанар алдында Елбасының қолынан көк Туды алып тұрып, міндетті түрде алтын медальмен ораламын деген уәдесін орындаған Ермахан ағамыздың ерлігі әр қазақтың есінде. Сиднейден соң Грекия астанасы Афинада өткен ойындарда медаль санын көбейткен спортшыларымыз алтын алуға «асықпады». Ол жылы асыға күткен алтынымызды сол олимпиаданың соңғы күні боксшымыз Бақтияр Артаев алып берді. Онымен қоса Вэл Баркер кубогын тағы да біздің боксшы еншіледі. Афина ойындарында бір алтын, төрт күміс, үш қоламен жалпы есепте 40-орынға табан тіредік. Кейін олимпиада алауын шығыстағы көршіміз тұтатты. Бейжің ойын-дарында екі алтын, төрт күміс, жеті қола еншілеп, 29-орыннан көріндік. Осы ойындарда еліміздің ауыр атлеттері өздерін жақсы қырынан танытты. Бұл үлкен жетістіктің басы ғана болатын.
Бейжің төрінде Әнұранымызды Илья Ильин мен Бақыт Сәрсекбаев шырқатты. Бұл ойындар қазақ есінде тағы бір жайтпен қалады. Ол - бірден екі қазақ баласының мінберде тұруы, бірі Қытай намысын қорғаған Қанат Ислам болса, бірі - біздің Бақыт. Араға төрт жыл салып Лондонға аттанған спортшыларымыз жеті алтын, бір күміс, бес қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте отандық олимпиадашылар 12-орынға тұрақтады.
Ойындардың алғашқы күнінен-ақ алтын медальдарды қанжығасына баса бастаған қазақ елінің спортшылары әлем назарын өздеріне аударды. Александр Винокуров (велошабандоз), Ольга Рыпакова (жеңіл атлет), Илья Ильин, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова (бәрі ауыр атлет) және Серік Сәпиев (боксшы) сияқты спортшыларымыздың жеңіс тұғырынан қол бұлғаған сәттерін жанкүйер қауым әлі ұмытқан жоқ. Араға жеті жыл салып, Серік Сәпиевтің Вэл Баркер кубогы қазақ еліне қайта оралды. Әзірге Лондон ойындары еліміз үшін ең нәтижелі олимпиада болып тұр. Енді Риода осы жетістігімізді қайталай аламыз ба?
Еліміздің атынан аттанған 104 спортшымыздың қайсысы қуантуы мүмкін? Әрине, ең басты үміт боксшыларымызда. Алғаш рет толық құрамда аттанған былғары қолғап шеберлеріміздің ішінде Біржан Жақыпов сияқты тәжірибесі толысқан шеберлер мен ересектер сынына енді қосылған Абылайхан Жүсіпов сияқты жас перілер де бар. Бабы келіскен әр боксшымыз олимпиада жүлдесіне таласа алады. Ал негізгі үміт аса ауыр салмақтағы Иван Дычко, 69 келідегі Данияр Елеусінов пен 81 келіде шаршы алаңға шығатын Әділбек Ниязымбетовке артылады. Бұдан бөлек бүкіләлемдік бокс сериясында қарсылас шыдатпаған Василий Левит пен әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына да сенім артсақ болады. Сондай-ақ грек-рим күресінен әлем біріншіліктерінде қола алудың шебері (дүниежүзілік доданың үш мәрте қола жүлдегері) Нұрмұхан Тінәлиев пен еркін күресте өзін көрсете білген Дәулет Шабанбай да алысқа баруы мүмкін. Алмас Кебісбаев пен Досжан Қатықов, Гюзель Манюрова мен жерлесіміз Екатерина Ларионова сияқты палуандарымыз бен жүзуден Азия ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин де «өліспей беріспейтіні» анық. Жеңіл атлетикаға келер болсақ, үмітті Ольга Рыпаковаға артамыз. Дзюдо күресінде Максим Раков пен Елдос Сметов те барын салатын болады.
Бұған дейінгі ойындарда алтыннан тау тұрғызған толағайларымыз да өз сөзін айтуы мүмкін. Иә, қазақ елінің жанкүйерлері Жазира Жапарқұл мен Нижад Рахимов және Маргарита Елисеевадан да жақсы нәтиже күтеді.
Үлкен спорттық жарыстарда күтпеген нәтиже де тіркеліп жатады. Ондай кереметті біздің спортшылар да көрсеткен. Ғасырлар тоғысында әлі таныла қоймаған 20 жасар Бекзат Саттарханов әлемді аузына қаратқаны ел спорты тарихында қалды емес пе? Сол сияқты жас талант Абылайхан Жүсіпов те алтыннан алқа тағып жатса, тақиямызға тар келмесі анық. Көркем гимнасшымыз Сәбина Әшірбаева жүлде салса, Әлия Жүсіпованың ғана емес, барша қазақ елінің арманы орындалған болар еді. Ауыр атлет Жазира Жапарқұл мен жеңіл атлет Гүлжанат Жанатбек қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы атануына кім қарсы?!? Қалай десек те, біздің қолымыздан келетіні - үміттену. Жақсы нәтижені тек спортшылардың өздері көрсетеді.
«Ал өңірімізден олимпиадаға кімдер барады?» деген сұрақ тууы мүмкін. Оның да жауабы бар. Биыл облысымыздан бес спортшы Пеленің Отанына барады. Олар байдарка және каноэ есушілер Андрей Ергучев пен Алексей Дергунов, спорттық жүрісте бақ сынайтын ерлі-зайыпты Григорий Шейко мен Полина Репина, әйелдер күресінде бақ сынайтын Екатерина Ларионова. Бұл бестіктің ішінде жүлдеге Екатерина ғана таласуы мүмкін. Бірақ басқалары да турист емес. Бұған дейінгі олимпиадаларда облыс спортшылары арасында еркін күрес шебері Таймураз Тигиев 2008 жылы күміс медаль алып берсе, 2012 жылы тағы бір палуанымыз Даниял Гаджиев қола еншіледі. Өңірімізге алтын ғана жетпей тұр. Иншалла, ол да болып қалар.
Мақала «Баласы атқа шапса, үйде отырып тақым қысатын халықпыз ғой. Ел намысын арқалап, мұхит асқан спортшыларымызға жаппай қолдау білдірейік, ағайын!» деген сөздермен аяқталған.
Газетте түрлі тосын оқиғалар жөнінде де беріліп отырылады. «Ақсайдағы жарылыс» соған дәлел.
«Бейсенбі күні сағат 14.45-те Ақсай қаласына кіреберістегі газ құю стансасында жарылыс болып, өрт шықты», делінген онда.
Өрт көп ұзамай сөндірілгенімен, одан 1958 жылғы және 1957 жылғы екі ер едам қатты зардап шегіп, Бөрлі аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Екеуінің де жағдайы аса ауыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмек көрсету бөлімінің бас маманы Ғалия Құлмұханованың айтуынша, олардың бірін 95 пайыз, екіншісін 75 пайыз күйік шалған. Жансақтау бөлімінде жасанды дем алу аппаратына қосылулы жатқандықтан, оларды әзірге облыстық ауруханаға жеткізу мүмкін емес. Облыстық клиникалық аурухана мамандары сол күні-ақ кеңес берсе, кеше санавиациямен комбустиолог (күйіктен емдеу маманы) пен реаниматолог жіберілді. Науқастардың жағдайын жақсарту бағытында барлық қажетті шаралар алынуда.
Газеттің 9 тамыз күнгі нөмірінде жарық көрген «Жұмысты ширатып, сапасын арттыру керек» деген көлемді хабарда (Галина Самойлова) облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Орал қаласындағы инженерлік-коммуникациялық желілерді жөндеу барысымен танысқаны айтылған.
Өңір басшысы, қала әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев және «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен біргежөндеу жұмысы жүріп жатқан Темір Масин, М. Мәметова, Әбубәкір Кердері, Жымпиты, Петровский, Гагарин көшелері мен Достық және Еуразия даңғылдарында болып, жұмыстың орындалу барысын бақылады.
- Бүгін біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан инженерлік желілерді жөндеу жұмысымен та-ныстық. Аталмыш бағдарлама бойынша облыс орталығына 2,5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Осы маусымда 40 шақырым-нан астам инженерлік желі жөнделмек, бұлар 7 және 8 магистральды жылу трассалары, су құбырлары желісі, қәріздер. Еуразия даңғылы бойынша төрт шақырым су құбыры жөнделмек, бұл ретте толық жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазір кәріз құрбырының екі шақырымы ауыстырылды. Мұз сарайына дейінгі аумаққа жаңа асфальт төселді, бұйырса, бұл жұмысты қазан айына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Мердігер компанияларға белгіленген барлық жұмыстарды жаңа жылу маусымы басталғанға дейін бітіру жөнінде тапсырма берілді. Инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде қаланың инженерлік инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындарға көрсе-тілетін коммуникациялық қызмет сапасы жақсарады. Бұл жұмыстың игілігін қала тұрғындарының үштен бірі көретін болады, - деді өз сөзінде Алтай Көлгінов.
Бұдан басқа қазір қаланың 14 көшесі күрделі жөндеуден өтуде, бұған 3,7 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ 30 ауланы жөндеуге және абаттандыруға жергілікті бюджеттен 555 миллион теңге бөлініпті.
Рейд барысында облыс әкімі мердігерлермен кездесіп, олардан жұмыстың сапалы болуын талап етті және міндеттеріне алған жұмысты жаңа жылыту маусымына дейін белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
- Бұл - маусымдық жұмыс, сондықтан демалыс бізде болмайды. Егер қажет болса, екі ауысымда жұмыс істеңіздер, қосымша жұмыс күшін тартыңыздар. Қалай еткенде де, жаңа жылу маусымына дейін осы жұмысты аяқтап, тапсыруларыңыз керек. Және жасаған жұмыстарыңыз сапалы болсын, - деді әкім мердігерлерге жұмысты ширатуды тапсыра тұрып.
Жол жөндеу жұмысын бақылау барысында кейбір мердігерлердің жұмысына өңір басшысының көңілі толмады. Мысалы, ол Достық даңғылы мен Темір Масин көшесінің қиылысындағы ТМ-7 жылу жүйесін жаңғырту жұмысымен айналысып жатқан «Бірлік» ЖШС-ның жұмыс қарқынын сынға алып, ұжымның мойындарына алған жұмысты жаңа жылыту маусымына дейін аяқтап, тапсыратындарына күмән келтірді. Сәлден соң аталмыш нысандағы жұмыспен айналысып жатқан жұмысшылардың нақ сол сәтте жалпы ұзындығы 485 метрлік құбырды қысыммен сынауға дайындалып жатқаны белгілі болды. Құбырлардың диаметрі - 530 мм және 426 мм. Жұмысшылар гидравликалық есепке сәйкес қажет болып тұрған ұзындығы 250 метрлік, ені 426 мм болатын тік тігісті құбырдың нысанға жеткізілуін күтіп тұр екен. Алдағы уақытта топырақтың отырып қалмауын тапсырған өңір басшысы мердігерлерден жұмысты сапалы атқаруды талап етті. Ол сондай-ақ жұмысын мерзімінде орындамаған мердігерлерге айыппұл салынуы мүмкін екенін жеткізді.
Рейд барысында әкім бастаған топ Петровский көшесі бойындағы (М. Мәметова көшесінен Алмазов көшесіне дейін және Еуразия даңғылынан Сарайшық көшесіне дейінгі аралықта) су құбырларын жаңғырту жұмыстарының кестеде көрсетілген мерзімнен ертерек орындалып жатқанын көрді. Бұл жердегі жұмысты «Газкотломонтаж» ЖШС көлбеу бұрғылау әдісімен жүргізіп жатыр екен. Құбырдың жалпы ұзындығы - 1,643 шақырым. Серіктестік директоры Олег Соколовтың айтуынша, бұл нысанда 800 метр құбыр қазірдің өзінде тартылған. Аталмыш серіктестік бұдан басқа Гагарин көшесіндегі (С. Датұлы көшесінен «2-база» жол айырығына дейін) су құбырларын да жаңғыртуды қолға алыпты.
- Жалпы, Гагарин көшесіне 900 метр құбыр орналастырдық. Соның 400 метрі көлбеу бұрғылау әдісімен салынса, қалғаны ашық әдіспен қойылды. Бұрғылау барысында кейде күтпеген жерден ескі желілерге тап болып жатамыз. Оларды анықтап, шығарамыз, сосын жұмысымызды одан әрі жалғастырамыз. Жаңағы орта жолда кездескен жұмыс-тар жоспарға енгізілмеген. Біз жоспарда көрсетілген жұмыстарды жақсы білеміз, бірақ коммуникациялық желі жүйесінде ескі желілердің де кездесіп қалатынын қаперден шығармауымыз керек. Қалай болғанда да, қыркүйек айына дейін жер қазу жұмыстарын аяқтап, қалған жер бетін тегістеу жұмыстарын қазан айында жасаймыз деп отырмыз. Жоспарлы жұмыстарды қайта қараудың нәтижесінде жұмысымыз барынша жеделдеді. Бір аптада 400 метрдей жерді өттік, - дейді «Газкотломонтаж» ЖШС директоры Олег Соколов.
Облыс әкімі мердігерлерге жер қазу жұмысын жаз мезгілінде аяқтауды тапсырды. Өйткені күзге қалса, жаңбыр жауып, жұмыс жасауға кедергі келтіреді.
Еуразия даңғылындағы жөндеу жұмысының барысына әкім разы болды. Мұнда екі шақырымдық канализациялық құбырлар қайта жаңғыртылған, қазір төрт шақырымдық су құбырларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нысанға 56 адам және 17 техника жұмылдырылған.
Рейд барысында өңір басшысы Достық даңғылы мен Ықсанов көшелерінің қиылысындағы жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан "АзияТехСтрой" ЖШС-ның басшылығына бірқатар ескертулер жасады.
- Егер мердігер міндетіне алған жұмысын белгіленген мерзімде аяқтай алмаса немесе жасаған жұмысы сапасыз болса, онда оған қатаң шаралар қолданылып, тіпті айыппұл салынуы мүмкін, - деген әкім ондай жауапсыз компаниялардың алдағы уақытта осындай ауқымды жұмыстарды орындаудан аластатылатынын айтты. Ол сондай-ақ кездесу барысында мердігер компаниялардың басшыларына міндеттеріне алған жұмыстарын жеделдетіп, белгіленген уақытында және сапалы орындауды тапсырды. Әкімнің сөзінше, жұмысын сапасыз орындаған мердігерлерге айыппұл салынбақ.
Жөндеу жұмыстары Жымпиты көшесінде де жүргізілуде.
- Өткен жылы Алматы және Қазталов көшелеріне жөндеу жүргізілген болатын. Биыл Еуразия даңғылы мен Жымпиты кө-шелерін жөндеуден өткіземіз. Аталған аумаққа сапалы асфальт төсеуді міндет қылып отырмыз. Бұл аймақта онкологиялық диспансер, әйелдер босанатын үй, ХҚО және тағы басқа да әлеуметнысандар көп орналасқандықтан, асфальттауды қажет деп санаймыз. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 65 млн. теңге бөлінді, - деді өңір басшысы.
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиевтың айтуынша, «Нұр-лы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 10 нысан жөндеуден өткізілмек. Оның біреуі Бөрлі ауданының Ақсай қаласында, қалғаны облыс орталығында. Қаржыландырудың жалпы сомасы 2 млрд. 554 млн. теңгені құ-райды. Барлық нысандарды жөндеу жұмысы жылыту маусымына дейін аяқталмақ.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов нысандарды аралауды қорытындылай келіп, ең алдымен Орал қаласының тұрғындарынан уа-қытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, бұған түсіністікпен қарауды өтінді.
- Бұл - науқандық әрі қажетті жұмыстар. Біз оларды уақытында және табысты аяқтасақ, келер жылдарда мұндай қиындық-тарды кездестірмейтін боламыз. Жұмыс сәтінде кездескен қиындықтар бар. Біз оларды жұмыс барысында шешуге тырысамыз, бұл - өндірістік үрдіс. Жүріп жатқан барлық жұмыстар әкімдіктің бақылауында, техникалық бақылау бар, авторлық қадағалау да бар, «Нұр Отан» партиясы тарапынан да қадағалау бар. Біз бәріміз бірге облыс орталығын одан әрі дамытуға қажетті маңызы зор әрі пайдалы жұмыстарды орындап шығуымыз керек. Он нысанда мердігерлер жұмыс істеуде, бұл жергілікті компаниялар үшін үлкен демеу, жаңа жұмыс орындары құрылуда, салықтар төленуде. Мұның бәрі жиналып келгенде аймақтың экономикасын алға жылжытады, - деді облыс басшысы Алтай Көлгінов. - Қаланың инфрақұрылымдарын қайта құрылымдайтын ауқымды жұмыстар жүруде. Біздің алдымызда қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған міндет тұр. Біз нысандарды тексердік, жұмыстар кесте бойынша жүруде, кейбір нысандарда аздаған кейін қалушылық бар, егер олар жұмысты мерзімінде аяқтай алмаса, онда біз оларға айыппұл саламыз. Нақты шаралар алынады. Ең бастысы - жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау керек.
Облыс әкімі қаланың шағынаудандарында, теннис орталығына жақын орналасқан 300 орындық көпбейінді жаңа ауруханаға байланысты түсінік берді.
- Бұл - облыс орталығына өте қажет әлеуметтік нысан. Аурухана осы заманғы жабдықтармен қамтылған, олардың біраз бөлігі әкелінді. Жалпылай алғанда, аурухана әзір, бірақ онда жұмыс істейтін қызметкерлер әлі оқып жатыр, өйткені біз олардың жұмысының осы заман талабынан шығуын қалаймыз. Бұдан басқа аурухана жанынан жаңа жол салынуда, ол біздің қалалықтарға қолайлы жағдай туғызу үшін қажет. Біз жолды салуды және дәрігерлерді оқытуды аяқтаймыз, сөйтіп, аурухананы жуырда пайдалануға береміз. Бұл біздің қаламызда адамдарға дәрігерлік қызмет көрсетуді бұрынғыдан да жақсарта түсетін болады. Біз бұл күндерде аймақтың денсаулық сақтау саласын дамытумен түбегейлі айналысудамыз. Облыстық мәслихаттың екі сессиясында «Жедел жәрдем» стансасына 60 аутокөлік алу үшін қаржы бөлінді. Оның ішінде облыс орталығына берілетін осы заманғы реанимобильдер және барлық аудандарға тиесілі «Жедел жәрдем» көліктері бар. Алайда бұл да әзірге аз. Келер жылы денсаулық саласына тағы да көліктер алынатын болады. Қазір біз дәрігерлер құрамын, бас дәрігерлерді оқыту үшін кеңесшілерді шақырып отырмыз. Өйткені халыққа медициналық қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Бүгінде №6 емханаға электрондық кезек орнату үшін қанатқақты жобаны қолға алудың жолдары қарастырылуда. Бұл емханада бұған дейін емделушілердің арыз-шағымы басқалармен салыстырғанда көп болғаны белгілі. Электрондық кезекті одан әрі басқа емханаларға тарататын боламыз. Денсаулық сақтау саласымен біз алдағы уақытта да өте мұқият айналысатын боламыз, - деп нақтылады сөзін облыс әкімі.
«Иран инвестициясы игілік әкелмек» (Нұртай Текебаев) атты ақпаратта өңір басшысының ирандық инвесторды қабылдағаны айтылған.
Өткен айдың аяғында облыс әкімі Алтай Көлгінов Иран Ислам Республикасына жұмыс сапарымен барып, Тегеранда өткен кездесуде қос тарап өнеркәсіп, мұнай-химия және ауыл шаруашылығы салалары бойынша екіжақты келісімдер мен меморандумға қол қойғаны мәлім. Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов Иран Ислам Республикасынан келген инвестор Таваколь Ибраими мен голландиялық «КGS» компаниясының президенті Андриес Коппертті қабылдады.
- Елбасымыз инвесторларға қолайлы жағдай жасауды алға міндет етіп қойғаны мәлім. Біздің тарапымыздан қандай мүмкіншіліктер бар, соны қарастыруға дайынбыз. Сіздерге сенімді серіктес ретінде қараймыз. Келгендеріңізге өте қуаныштымыз, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов меймандарды қош алған соң.
Облыс басшысының қабылдауына ризашылық білдірген Таваколь Ибраими облыста қолға алынатын басты жоба - жылыжай салу үшін Иран тарапы инвестиция құюға әзір екендігін жеткізді. Мердігер ретінде тартылған «КGS» компаниясы құрылысты бір ай ішінде бастамақ. Яғни заманауи жылыжайды салуға голландиялық технология қолданылмақ. Жобаның алғашқы кезеңіне сәйкес құрылыс аумағы 40 гектарды құрамақ. Жылыжай өнімдері болашақта Ресей Федерациясына экспортқа шығарылмақ.
- Қазақстан Еуразиялық одақтың құрамында болғандықтан, көптеген мемлекеттермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Ауқымды экономикалық кеңістікке кіретін елімізге ирандық инвесторлар да Тегеранда өткен іскерлік кездесуде зор қызығушылық танытты. Нәтижесінде өңірімізге жаңа жылыжай салу үшін 176 миллион доллар құюға ниет етіп отыр. Біз шетелдік компаниялармен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз, - деді «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма басшысы Ержан Балтаев.
«Азия чемпионы атанды» деген ақпаратта Оңтүстік Кореяның Хвасун қаласында ММА аралас жекпе-жегінен ІІІ Азия чемпионатында батысқазақстандық Еркінбек Инжельдің жеңімпаз атанғаны жария етілген.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Еркінбек 93 келі салмақта үздік шықты.
Қазақстан ұлттық құрамасы осы Азия чемпионатында теңдессіз өнер көрсетіп, жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді. Еркінбектен басқа Азамат Марқабаев, Гойти Дазаев, Исмаил Героев, Мохмад Сулиманов өз салмақ дәрежелерінде чемпиондық атаққа қол жеткізсе, Неймад Асадов пен Бауыржан Қуанышбаев күміс жүлдені қанағат тұтты.
Парламент депутаттарының елге келіп, тұрғындармен кездесуі газет назарынан тыс қалмаған - «Аудан активімен кездесті».
«Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары Ерболат Мұқаев, Рашид Ахметов және Кеңес Әбісаттиров арнайы жұмыс сапарымен Қазталов ауданына келіп, аудан активімен кездесті», делінген онда.
Кездесу барысында сөз алған халық қалаулылары Елбасымыздың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам ұлт жоспары аясында елімізде атқарылып жатқан жұмыстар туралы түсінік беріп, ел тәуел-сіздігінің 25 жылдығы қарсаңында атқарылған оң істер туралы да әңгімеледі.
Сонымен қатар депутаттар бүгінгі жұртшылықты мазалап отырған мәселелер төңірегінде сөз қозғап, болашақта 30 дамыған елдің қатарына кіру үшін елімізде кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту керектігі жөнінде айтып өтті.
Кездесу соңында халық қалаулылары қойылған сауалдар мен ұсыныстарға жауап берді.
«Жер кодексіне байланысты жиырма ұсыныс жолданған» (Н.Текебаев) атты хабарламада «Қазақстан - 2050» демократиялық күштері Батыс Қазақстан облыстық коалициясының отырысы өткені айтылады. Оны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Мағжанқызы кіріспе сөзбен ашып, жүргізген.
Басқосуда алдымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының екінші бөлігі - «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты жайында облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Нағашыбаев баяндама жасады. «Жыл басынан бері сот реформасына қатысты Ұлт жоспарында көрсетілген оңтайлы он бір қадам жүзеге асты. Сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру үшін үш сатылы сот төрелігі жүйесі қолданысқа енді. Судья лауазымына үміткерлерді іріктеу тетіктері қатаңдауына байланысты кандидаттар психологиялық тестілеуден өтеді әрі оларға қатысты құжаттарға полиграфиялық зерт-теу жүргізіледі. Бір жылда 100 үміткердің ақы төленетін тағылымдамадан өтуіне республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 199,3 млн. теңге бөлінді. Судьялардың жаңа Әдеп кодексі әзірленді. Алдағы уақытта ҚР Судьялар одағының кезектен тыс VІІ сиезінде аталған заң жобасы қабылданады деп жоспарлануда. 20-қадамға сәйкес сот ашықтығын қамтамасыз ету үшін еліміздегі 1300-ден астам сот залының 75 пайызына аудио және бейне жазбалар орнатылған. Облыстағы 54 сот залының 42-сі осындай құралдармен жабдықталған», - дей келе, Мейрамбек Ибрагимұлы сот реформасына қатысты әрбір қадамның маңызын тәптіштеп түсіндірді. Ұлт жоспарына сәйкес әр өңірде жергілікті полиция қызметі құрылғаны белгілі. Коалиция мүшелері отырысында облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин құқықбұзушылыққа қатысты заңнамалар қатайып, қылмыс санатына өзгеріс енгізілуіне байланысты бұл салада бірқатар көрсеткіштің ұлғайып отырғанын жасырмады. Дегенмен облыста ауыр және аса ауыр дәрежедегі қылмыстар, көшедегі құқықбұзушылықтар азайған. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында биыл жергілікті мәслихат депутаттарының қолдауымен бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген. Облыс орталығында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 103 бейнекамера орнатылған. Өкінішке орай, жол-көлік апаты салдарынан кісі өлімі артып отырғаны байқалады. Бұған негізінен өңірдегі автокөліктердің көбеюі, жол ережесінің бұзылуы себеп көрінеді. Сондай-ақ ауылдық жерлерде мал ұрлығы дерегі артқан. Басқосуда коалиция мүшелері учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысын ширату керектігі жөнінде ой бөлісті. Манарбек Ғабдуллин бұл сынға қатысты жауабын беріп, қосымша 53 учаскелік полиция қолы жетіспейтінін атап өтті.
Коалиция мүшелері Елбасы мораторий жариялаған ҚР Жер кодексінің нормаларын талқылау және түсіндіру бойынша атқа-рылған іс-шаралар жайы бойынша облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұхамбетжанованың баяндамасын тыңдады. Оның айтуынша, облыста 5753,5 мың гектар жер ауыл шаруашылығын дамыту мақса-тында қолданысқа берілгенін айтса, облыс қорында әлі пайдаланылмаған 5248,1 мың гектар жер бар. 2012-2014 жылдары жергілікті атқарушы органдар 1004 мың гектар жер телімдері пайдаланылмағанын анықтады. Күні бүгінге 728 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. ҚР Жер кодексінің халық арасында дау тудырған бірқатар нормаларына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу мақсатында тұрғындармен 400-ден астам кездесу болса, БАҚ құралдары арқылы қажетті материалдар жарияланған, интернет ресурстары арқылы жолданған сауалдарға жауап берілген. Бүгінге дейін қоғамдық кеңестің 91 отырысында Жер кодексінде көрсетілген реформа жайы талқыланған. Бес отырыс облыстық деңгейде өткен. Нәтижесінде республикалық комиссияға 20 ұсыныс жолданған.
Коалиция отырысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Мағжанқызы Жер кодексіндегі баптарға қатысты түсінік жұмыстарын жүргізгенде, әсіресе, әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануды тапсырды.
«Жөндеу жұмыстары «Нұр Отанның» бақылауында» (Манас Әжіғалиев» деген ақпаратта «Нұр Отан» партиясы Тасқала аудандық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен депутаттық фракция мүшелерінің «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес салынып жатқан Орал - Тасқала - Саратов халықаралық тас жолының жөндеу жұмыстарымен танысқаны сөз болған.
Шараға филиал төрағасының бірінші орынбасары Думан Ғазез, аудан әкімінің орынбасары А. Сафималиев және жауапты мекеме басшылары қатысты.
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауын іске асыру мақсатында «Нұрлы жол» инфроқұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Тасқала ауданының аумағымен өтетін тас жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Топ мүшелері «РусКазДорСервис» ЖШС-ның учаске басшысы Олег Саренкомен кездесіп, жолдың бүгінгі жағдайын біліп қайтты. Жүздесу барысында депутаттар жол жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатқанын тілге тиек етіп, бұған аудан тұрғындарының көңілі толмайтынын жеткізді. Сонымен қоса көктем мезгілінде және жаңбырлы күндері Орал қаласымен арадағы қатынастың өзі қиынға соғатынын айтып өтті.
- Қазір жөндеу жұмыстары ойдағыдай атқарылуда. Құм төселуде, енді екі аптадан кейін біртіндеп қиыршық тас салынатын болады. Жалпы, Мерей ауылының қиылысынан бастап аудан орталығына дейінгі жолдың бірінші қабатын күзге дейін бітіреміз деген жоспардамыз, - дейді Олег Николаевич.
Өткен жылғы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақтағы айналма жолдардың сулы маусымда тұрғындарды біраз әбігерге салғанын ескере отырып, партия өкілдері мердігерге ондай олқылыққа жол бермеу керектігін баса айтты.
Жұмыс жоспарының кешеуілдеу себебін «РусКазДорСервис» ЖШС-ның учаске басшысы Олег Саренко қолайсыз ауа райы мен кейбір қажетті материалдардың уақтылы болмай қалуымен байланыстырады.
10 тамыз - ұлы Абайдың туған күні. Осыған орай Қаратөбе ауданы Қаракөл жалпы орта білім беретін мектеп-балабақшасының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Самал Жұминаның «Абайдың кемел адамы» атты шағын мақаласы берілген.
Артына қалдырған мол әдеби мұрасы тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналған данышпан Абайдың 10 тамыз - туған күні. Ұлы ақын қазынаның үлкені, әр жігерлі жастың талпынатын арманы ғылым, білім үйрену жолы болуы керектігін ашып айтты. «Дүниенің кілті өнер мен ғылымда тұр. Сол малды сарып қылып ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды» дейді (10-қарасөзінде).
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дей келе: «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, ғылым сол үшеуінің тілін білмек» деп ғылымды аса жоғары бағалайды. Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға: «Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі... Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе...» деп ескерту жасайды (32-қарасөзінде). Кемеңгер Абай адам бойындағы мінез-құлық, ақыл-парасат, білім-ғылымды бір-бірімен тығыз байланыстырады. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» деген қорытынды жасайды (18-қарасөзі). Ұлы Абай жастардың адам болу үшін жаман қылықтан аулақ болуын қалайды.
«Пайданы көрсең, бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйге алма.
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден», - деп жастарға насихат, үгіт айтады. Күншілдіктен аулақ жүріп, бос мақтанға салынбау керектігін, пайданы ойлап, ардан безу адамды аздыратын қылық екенін ұғындырады. Толық адам болғысы келген әр жастың алдына мақсат қойып, соған жету үшін ізденуі, талпынуы, ерінбей еңбек етуі керектігін ескертеді. «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, не болмаса айына бір өзіңнен өзің есеп ал» дейді. Ұлы данышпан надандықты, еріншектікті, зұлымдықты «күллі адам баласын қор қылатын кеселдер» деп есептейді (38-қарасөзі). Үшінші қарасөзінде еріншек, жалқауға мынадай сипаттама береді: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз қорқақ, мақтанғыш келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады».
Алдау, арбау, қулық, екіжүзділік мінездерді: «Залымдық - адам баласының дұшпаны» дейді. Ол жастардың адам баласын қор қылатын осындай мінездерден аулақ болуын аңсайды. Әр саналы жастың пайдалы іспен айналысып, өнер үйренуін талап етеді (33-қарасөзінде). «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек.Мал жұтайды, өнер жұтамайды.Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерші - қазақтың әулиесі» дейді. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» дей отырып, еңбек етпеу, жұмыссыздық адамды теріс жолға түсіріп, бұзатындығын дәлелдейді. Ақын адал еңбекті адамның барлық рақатының көзі санайды. «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» деп, еңбекті сүйген адамның жаны ізгі, өмірі нұрлы болатынын насихаттайды. Абай ғақлияларындағы ғибратты ойлар, терең толғаныстар бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне де қажет-ақ.
Облыс басшысы өңірге келген шетелдік делегация өкілдерін қабылдауды жалғастыруда. Бұл туралы газеттің 11 тамыз күнгі санында жарияланған «Фин инвесторлары жаңа өндірісті қолға алмақ» (Л.Шағатай) деген ақпаратта сөз болады.
Фин инвесторлары біздің өңірімізде жаңа технология арқылы өндірілетін энергия сақтаушы есік пен терезелерді өңдейтін болады. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлермен бірлескен кәсіпорын құрмақ. Финляндия елінің бір топ өкілдері бұл туралы ойларын сейсенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгіновпен кездесуінде мәлім етті.
Өңірімізге іссапармен келген делегация құрамында финляндиялық «General Finland» компаниясының аймақтық директоры Калвер Каппер, «Lammin» компаниясының өкілдері Тапани Тайсто Койвула, Якко Маркку Хоппания, Олави Ханну Сааринен облыс әкімдігімен жаңа бизнес-жобаны іске асыруға келісімге келді. Енді дүние жүзіне жылу сақтағыш есік-терезе шығарумен танымал «General Finland» компаниясы біздің өңірде өндіріс ашып, жаңа жұмысты жолға қоймақшы. Әлемнің бірнеше елінде филиалдары бар кәсіпорын Қазақстанға даму мүмкіндігі зор ел ретінде қарайды. Осы ретте облыс әкімі шетелдік инвестор барынша жағдай жасалатынын атап өтті. Мұның өзі бизнестің тез қарқын алуына септеседі.
- Құрметті қонақтар, өңірімізге қош келдіңіздер! Біздің облысымызда бизнесті дамыту үшін инвестиция тартуға және жергілікті тауар өндіруші кәсіпорынмен ортақ жұмыс көзін ашуға мүдделі болғандарыңыз үшін қуаныштымын. Инвестиция көлемінің артуы біздің жұмысымыздың басты жетістігі болып табылады. Өйткені Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым ауқымды инвестициялық ахуалдың жақсаруына зор көңіл бөліп келеді. Фин елінде құрылыс индустриясы өте жақсы дамығандығын білеміз. Сіздердің жұмыс тәжірибелеріңізден жаңа технологияны меңгеру біздің мамандар үшін өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасындағы бизнесті дамыту үшін барлық күшті жұмылдырамыз, әріптестік байланыс орнатуға әзірміз, - деп атап өтті Алтай Сейдірұлы.
Құрылыс индустриясындағы фин технологиялары бүгінде сапасы жөнінде әлемді мойындатып отыр.
Бұған бір жағынан қатаң климаттың да әсері бар. Жылу сақтағыш өнімдер Қазақстанмен қатар көрші елдерде де үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз. Сондықтан шетелдік инвесторлар облыс нарығына енуді көздеп отыр. Жыл соңына дейін барлық құжаттар рәсімделіп, бірлескен кәсіпорынның тұжырымдамасы бекітілмек.
- Біздің ұйым бірнеше фин компаниясын біріктіреді, бүгінде компанияның жалпы айналымы 600 млн. евроны құрап отыр. Азия елдерінің ішінен Батыс Қазақстан облысын арнайы таңдадық. Бүгін өндірісті дамыту туралы консепцияға қол жеткізсек, ағымдағы жылдың соңына дейін жұмыстың алғашқы кезеңін бастаймыз. Біз дамудың үш бағытын белгілеп отырмыз. Біріншісі - экологиялық қуат өндіргіш өнімдер дайындау, екіншісі - машина жасау, оның ішіне мұнай-газ саласы да кіреді. Үшінші бағыт - тамақ өнеркәсібі. Аталған салаларды дамыту үшін мұнда барлық жағдайлар жасалған. Бұдан бөлек түрлі саладағы жобаларды қолға аламыз. Батыс Қазақстанда энергия сақтаушы әрі экологиялық тұрғыдан тиімді, климаттық жағдайға төзімді құрылыс материалдары мен есік-терезелерді шығару ойдағыдай іске асатынына сенімдіміз, - дейді «General Finland» компаниясының бас директоры Тапани Койвула.
- Мен Финляндиядағы «Lammin» компаниясында болып, есік-терезе шығаруды көзбен көріп, ерекше әсер алғаным рас. Өнімдерінің сапасы өте жоғары. Осы жоба негізінде бірлескен кәсіпорын құрып, оларды әйнек өнімдерімен қамтитын боламыз. Нәтижесінде қуат үнемдегіш есік-терезелер пайда болмақ, - дейді «Стекло-Сервис» ЖШС директоры Аркадий Рубцов.
Орталық коммуникациялар қызметі БҚО өңірлік филиалында аудан әкімдерінің брифингтері одан әрі жалғасуда. Бұл жолы «Іркіліс те, ілгерілеу де бар» деген ақпаратта (Серік Иқсанғали) Қазталов ауданының әкімі Н. Бекқайырдың мәлімет бергені айтылған. Нұрлан Мағазұлы ағымдағы жарты жылдың қорытындысы туралы әңгімелеп, 2017-2020 жылдары атқарылар істер туралы баяндады. Соңынан БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап қайтарды.
1928 жылы құрылған Қазталов ауданында бүгінде 30512 тұрғын өмір сүреді. Құрамында 16 округ бар. Әкімінің өзі «күрделі аудан» деп атап өткен бұл өңірдің бүгінгі өмір тынысында ілгерілеу басым екен. Әрине, кейбір іркілістен де кенде емес.
Биылға аудан бюджетіне 5 237 973 мың теңге қаралған. Жарты жылда кіріс 489 991 мың теңгені құраған. Өңірде 575 шаруа қожалығы, бес ЖШС болса, өндірістік кооперативтің саны - біреу. Халықтың қолындағы ірі қара 76,8 мың болса, қой мен ешкі 298,5 мыңға жетіпті. Жылқы саны 21 мың бастан асып, жылданжылға өсіп келеді. Қазір аудан басшылығының алдында тұрған міндет - Жайықтың суын Қараөзенге жеткізу. Сөйтіп, мол су қорын жасақтау. Әзірге аталмыш жұмыстың бірінші кезегі аяқталды. Сонан соң Қараөзен бойынан бөгет салынуы тиіс. Сарыөзенді тиімді пайдалану да кезек күтіп тұр.
Ауыл шаруашылығын алға бастырудың бір кепілдігі - техника мен құрал-сайманды ұдайы жаңғырту. Биыл «ҚазАгроқаржы» АҚ арқылы 27 бірлік «МТЗ-82» тракторы сатып алынған. Сондай-ақ екіжылдық мал азығы қорын жасақтау мақсатында жұмыс ойдағыдай атқарылуда. Екіжылдық жоспар бойынша 343,13 мың тонна шөп дайындау қажет болса, бүгінгі көрсеткіш 67 пайызды құрап отыр. Бұдан басқа егіс құрылымын әртараптандыру мақсатында 2020 жылға дейін өңдеудегі жер 690 гектарға дейін өспек. Онда басымдылық мал азықтық дақылдар мен картоп, бау-бақшаға берілуі тиіс. Елбасымыз Н. Назарбаевтың айтқанындай, экономиканың қозғалтқышы - кәсіпкерліктің дамуы да қарқынды. Бүгінде өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 2470 адамды қамтып отыр. «Бизнестің жол картасы - 2020» мембағдарламасы бойынша аудан орталығында үш жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Бір жақсысы, өзгеге емес, тек өзіне сеніп үйренген көптеген қазталовтықтар бүгінмен шектеліп қалмай, ертеңгі күнін де ойлайды. Мәселен, ауданда құс фабрикасын, Қазталов ауылынан балаларға арналған дәмхана ашу ойластырылуда. Мейрамханалар да салынбақ. Шағын клуб, монша салып, ел игілігіне ұсынып жатқандар да кездеседі. Екі мешіт салынып, мүміндер игілігіне берілген. Басқа да әлеуметтік жобалар жоспарлануда.
Қазір аудандағы елді мекендердің газбен қамтылуы 44 пайызды құрайды. Әрине, бұл аздық етеді. Әлі де 29 елді мекен «көгілдір отынға» мұқтаж. Бәріне бірдей газ құбырын тартуға әзірге қаржы тапшылығы кедергі. Сондықтан аудан әкімшілігі мәслихатпен бірлесе отырып, биыл он ауылға газ жеткізу үшін техникалық-экономикалық негіздемеге 10 миллион теңге бөлген. Газ бірінші кезекте Талдыапанға жеткізілуі тиіс. «Ақбұлақ» бағдарламасын әрі қарай жалғастыру ісінде алдағы уақытта сумен қамтудың екі жобасы жүзеге асырылады. Алты елді мекенді тұщы сумен қамтудың жобалық-сметалық құжаттары даяр. Оның ішінде Бостандық, Ақпәтер және басқа елді мекендер бар. Жол салу ісіне келсек, «ҚазАвтожол» АҚ облыстық бөлімшесінің тапсырысымен А-31 «Чапаев - Жалпақтал - Қазталов - РФ шекарасы 97-157 (60 км)» көлік жолының жобасына республикалық бюджеттен бөлінген 9 457 237,434 мың теңге қаржының 2,2 млрд. теңгесіне биыл бас мердігер «Uniserv» ЖШС 127-145 (18 км) аралығына күрделі жөндеу жүргізуде. Білім саласына келсек, аз қамтылған отбасынан шыққан және барлық бастауыш сынып оқушылары үшін күніне бір рет тегін ыстық тамақ беру ұйымдастырылып, ол 3208 оқушыны қамтыды. Аудан оқушылары бүкіл жаз маусымы бойына төрт демалыс лагерінде болып тынықты және денсаулығын түзеді. Бұдан басқа 2017 жылы төрт, 2018 жылы екі, одан арғы жылы тағы да екі білім нысаны күрделі жөндеуден өтеді немесе қайтадан салынады. Денсаулық саласында аудан қазір бес маманға мұқтаж. Олардың жетіспеушілігін дәрігерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру жолдарымен шешу көзделген. Биыл ауданға үш жалпы тәжірибелі маман келіп, жұмысқа орналасты. Келесі жылы үш елді мекенде емдеу орындары күрделі жөндеуден өтуі не қайта салынуы тиіс.
Әкімнің айтуынша, халықтың тұрғын үй салуға да ынтасы жақсы. Қазір 113 жер телімі тұрғындарға бөлініп берілді. 15 жер теліміне коммуналдық-жалға беру үйлері салынады. Бүгінде 24 жеке үйдің құрылысы аяқталуы қарсаңында. Бұдан басқа келешекте Қазталов ауылында 100 орындық мектеп-интернат салып, пайдалануға беру көзделген. Әрі қарай аудан әкімі әлеуметтік салаларға тоқталып, атқарылған істер мен қиындықтар жөнінде де айтты. Бүгінде экономикалық белсенді халық - 16721 адам. Есепте тұрған жұмыссыз 92 адам екен. Жұмыссыздық деңгейі 0,5 пайызды құрайды. Жарты жылда 101 жаңа жұмыс орны ашылды. Мәдениет саласында да тындырылған жұмыстар бар. Аудан орталығында «Достық» саябағы, Жалпақтал ауылының «Нұр Отан» саябағында балалар ойын алаңы, тағы басқа нысандар салынды. Бұлардың бәрі - демеушілердің көмегімен атқарылған істер. Сонымен қатар Астана күніне орай Қазталов ауылында шағын футбол алаңы ашылған. Ал аудан орталығында балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі пайдалануға берілді. 2017-2020 жылдары бес елді мекенде мәдениет орындарын жаңғырту көзделуде.
Гүлжамал Жолдығалидың «Кәсіпкерлермен кездесті» деген ақпаратында ҚР Парламентінің депутаттары Рашит Ахметов, Ерболат Мұқаев, Кеңес Әбсатыров, Снежана Имашева облыстық кәсіпкерлік палатасында жергілікті кәсіпкерлермен кездескені айтылған.
Кәсіпкерлік палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов кәсіпкерлердің күнделікті жұмыс барысында кездесетін біраз мәселесін атап өтті. Соның ішінде ішкі әуе рейстерін (Орал - Атырау, Орал - Ақтөбе, Орал - Ақтау) қалпына келтіру мүмкіндігін қарастыру, импорт алмастыру мақсатында өңірімізде тағам кластерін одан әрі өркендету, жергілікті етті өңдеушілерге субсидия төлеу мәселесін жолға қою қа-жеттігін алға тартты. Отырыста кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу, жалған кәсіпкерлік, тағы да басқа заңнамаларға өзгерістер енгізілсе, бухгалтерлік және салық есебін біріздендіру жолға қойылса деген ұсыныстарын білдірді. Кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берген халық қалаулылары олардың ұсыныс-тілектерінің жұмыс топтарында қаралатынын айтты.
Кездесуде кәсіпкерлер талап-тілектерімен қоса, бизнестегі түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған өз ойларын да ортаға салды.
Журналист Нұрбек Оразаев "Стройкомбинат" сенімді серіктес» деген мақаласында аталған кәсіпорынның тыныс-тіршілігі жөнінде жазады.
Қазақта "Өз ісінің білгірі" деген әдемі сөз тіркесі бар. Бұл тегінде мамандығын терең меңгерген, өз кәсібіне адал, жан-жүрегімен шын берілген адамға қатысты айтылса керек. Оралдағы "Стройкомбинат" ЖШС-ын 32 жылдан бері табан аудармай, басқарып келе жатқан Бақытжан Нұрбаев осындай азаматтардың қатарына жатады. Шындап келсек, Бәкең аталмыш кәсіпорында 43 жыл еңбек етіп отыр. Кәсіпорынның өзі сонау 1956 жылы құрылыпты.
Әрине, ол кезде өндіріс ошағының атауы да, жұмыс ауқымы да өзгеше болғаны белгілі. Дейтұрғанмен, Батыс Қазақстан облысындағы құрылыс саласының қарыштап дамуына "Стройкомбинаттың" да қосқан үлесі салмақты. Еңбек жолын қатардағы қарапайым құрылыс шеберлігінен бастаған Бақытжан Аманғалиұлы қысқа уақыттың ішінде цех меңгерушілігі, бас инженер секілді кәсіби лауазым баспалдағымен өрлеп, бас директорлыққа дейін жетті. Өмір осылайша өтіп жатты, өндіріс жылдан-жылға өсті. Алайда мәңгі мызғымастай көрінген Кеңес одағының құлауы, онымен бірге қалыптасқан экономикалық қатынастар жүйесінің күйреуі, мемлекеттік тапсырыстың тоқтауы кәсіпорынды күйретіп жібермегенмен, кәдімгідей тізерлетіп тастағаны ешкімге де жасырын емес. Тәжірибелі ұжым мүшелері "балапан басына, тұрымтай тұсына" деп әркім өзіне жайлы жағдай, жалақылы жұмыс іздеп, жан-жаққа тарай бастағанда Бәкең белді бекем буып, "Стройкомбинаттың" қабырғасын қалап кеп жіберді. Бастапқыда сенетін бірді-екілі досымен, тозығы жеткен техникамен жұмыс істеуге мәжбүр болды. Тіпті қажет кезде өзі де сол техниканы ұршықша үйіріп әкете беретін.
Күні бүгін ол қиындықтардың бәрі артта қалған. Серіктестік аяғынан нық тұр, 240 адамға нәпақа тауып беріп отырған өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі. Шығарған өнімдері облысымызды былай қойғанда, іргедегі Ресейге, қала берді, көршілес Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарына жөнелтілуде. Өндіріс ошағының қазіргі тыныс-тіршілігі туралы бас директордың өзінен суыртпақтап сыр тарттық.
- Біз негізінен керамзит кірпіш, темірбетон бұйымдарын, жалпы саны мыңға тарта бұйым түрлерін өндіреміз. Жаз маусымы құрылыс қарқын алатын уақыт болғандықтан, тапсырыс көлемі жаман емес. Қыстыгүні де қарап отырмаймыз, екі ауысымда тәу-лік бойы жұмыс істегендіктен, тапсырыс та, табыс та жаман емес. Күні бүгін Астана, Ақсай қалаларынан өнімдерімізге сұраныс бар. Өзіміздегі Тасқала - Саратов тас жолының құрылысына қатысудамыз. Жақында өнім сапасын анықтайтын жаңа зертхана жабдығын сатып алдық. Өзге құралдар, техникалар да жаңартылуда. Ең бастысы - біз шығарған өнімдердің сапасы өте жоғары, - дейді Бақытжан Аманғалиұлы.
Сапаға баса мән беретін кәсіпорындағы зертхана барлық халықаралық талапқа сай. Зертхана меңгерушісі Қатира Құпниязованың айтуынша, мұнда шығарылатын барлық өнім, келетін шикізат "бүге-шігесіне" дейін мұқият тексеріліп, сапасына әбден көз жеткеннен кейін ғана өндіріске жіберіледі. "Құм, тас, цемент, те-мір толық тексеріледі. Сертификат мәселесіне қатаң қараймыз. Стандарттың толық сақталуын талап етеміз. Зертханада бес адам жұмыс істейді. Тағы бір атап айтатын жағдай - қаладағы өндірістік кәсіпорындардың ішінде жалғыз біздің зертхана ғана арнайы аккредитациядан өткізілуі ұжымымыз үшін үлкен мақтаныш", - дейді зертхана басшысы.
"Еңбек еткен емеді" демекші, кәсіпорынның толағай табысқа жетуінің бір сыры кәсіби білікті еңбек ұжымының арқасы десек жарасады. Әңгімеміздің әлқиссасында айтқанымыздай, нарықтың атан белін қайыстырған қиындығына сынып кетпей, аяққа тұрған "Стройкомбинатқа" тәжірибелі мамандар ықыластана жұмысқа келген. Енді бір тобы Бәкеңмен баяғыдан бірге келе жатқан әріптестерден тұрады. Олардың қатарында "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері Мұрат Қайырбеков, Галина Шмидт, Нүрия Ғұмарова, Роза Ілиясова, Сұңғат Қабышев, Любовь Сушко, Гүлназ Есенғалиева және т.б. бар. Бақытжан Нұрбаевтың өзі де - "Құрмет" орденінің иегері, "Қазақстанның құрметті құрылысшысы" деген мәртебелі атақты иеленген азамат.
«Стройкомбинат» ЖШС - жас мамандарды тартумен табанды түрде айналысып отырған кәсіпорындардың бірі. Соның ішінде Батыс Қазақстан индустриалды колледжімен тығыз байланыста.
- Бұл колледжбен көп жылдан бері әріптестік байланыстамыз. Еліміздің болашағы үшін бізге сапалы мамандар қажет. Олардың өз ісін жетік меңгерген майталман маман болып қалыптасуына өндіріс орны ретінде біз де атсалысуымыз керек. Сондықтан өзімнің орынбасарларыма тәжірибеден өтуге келген студенттерге бейжай қарамай, маман ретінде қарап, әрқайсысына білмегенін үйретіп, қатаң қадағалауды тапсырдым. Оған қоса оларға жа-лақы төлеу керек деп шештім. Өз еңбегінің нәтижесін сезініп, жалақы алған студент өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Әрі жас маманның осы жерде жұмысқа қалып, көп ақша табамын деген сенімділігі күшейеді. Біздің кәсіпорында тәжірибеде көзге түсіп, кейіннен жұмысқа қалған мамандар жетерлік. Сондықтан біз жұмыс берушілер жас мамандарды кеудеден итермей, жанашырлықпен қарауымыз керек, - дейді кәсіпорын жетекшісі Бақытжан Аманғалиұлы.
Кәсіпорын цехтарында керамзит кірпіш, іргетас блоктары, темірбетон жабындар, маңдайшалар, құдық сақиналары, тіреулер, жаяужол жабыны, баспалдақ белдеулері өндірілуде.
- Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында республикамызда тұрғын үй салу мен құрылыс индустриясын дамытуды, сөйтіп, қазақстандықтардың баспанаға мұқтаждығын тездетіп шешуді, оның оңтайлы жолдарын қарастыруды басты назарда ұстап келеді. Біздің комбинат жұмысшылары да өздеріне жүктелген міндетті шынайы сезініп, барынша жемісті еңбек етіп, халықтың көңілінен шығуға тырысады, - дейді комбинат жетекшісі Бақытжан Нұрбаев.
«Сүт өңдеу зауыты ашылмақ» - Т.Бисеннің ақпаратында Зеленов ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы ауқымында тұрғындарды жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өндіру, жайын талқылаған кеңес өткені айтылады. Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Берік Ниғмашев қатысты.
- Елімізде 675 мыңнан астам адам жеке қосалқы шаруашылық жүргізумен айналысады. Сүт және еттің 70-80 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Алайда мал шаруашылығы өнімдерін дайындау және өткізу мәселелерінің шешілмеуіне байланысты өңдеуші кәсіпорындардың 60 пайызы ғана шикізатпен қамтылған. Осыған орай біз ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылымындағы шаруашылықты жүргізудің шағын үлгілерін дамытуды ұсынамыз. Олардың біріншісі сүт қабылдау пункттерінің желісін құру, екіншісі, отбасылық бордақылау алаңдарын құру, - деді Берік Болатұлы.
Оның айтуынша, жеке қосалқы шаруашылықтар сүт зауыттарына 1,3 миллион тоннадан астам сүт жеткізуге дайын. Сауалнама нәтижесінде еліміздегі 152 сүт өңдеуші кәсіпорынның 93-і жеке қосалқы шаруашылықтардан 380 мың тонна сүт қабылдай алатыны белгілі болған. Ал 59 кәсіпорын құрғақ сүт дайындаумен айналысатындықтан, таза шикізат сатып алуға қызығушылық танытпаған.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, сүт қабылдау пункттерін ашқандарға «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ тарапынан несие және лизинг ұсынылады. Осы іске тікелей жауапты болатын ауылдық округ әкімдеріне отбасылық бордақылау алаңын құрудың тиімді екені де түсіндірілді. Жиында бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Мәселен, өңіріміздегі шағын сүт өңдеуші цехтар кейде екі тоннадан артық сүт қабылдамайды. Ал аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Виктор Баштавенконың пікірінше, ауданға сүт сақтаушы қосындар емес, сүт өңдеуші цехтар мен зауыттар керек. Мемлекеттен берілер несиелер мен жеңілдіктерді өңдеуші кәсіпорындардың пайдаланғаны жөн. Жиында кей кәсіпкерлер қасапханаларда сойылған малдың көк еті мен майын іремей, терісінде қалатындығын және өлшеу кезінде салмақ жейтін жайттардың кездесетіндігін айтты.
Барлық пікірді мұқият тыңдаған Берік Ниғмашев жиынды қорытындылай келе, облысымызда үлкен сүт өңдеу зауытын ашу жоспарланып жатқанын жеткізді.
«Құрылысшылар сайысты» деген ақпаратта (Н.Набиоллаұлы) Құрылысшылар күніне орай Орал қаласында аталмыш кәсіп иелерінің кәсіби шеберліктерін анықтаған байқау ұйымдастырылғаны жария етілген.
Облыстық құрылыс басқармасы ұйытқы болған шара Орал-Саратов, Орал-Атырау тас жолдары арасындағы аумақта орналасқан бес қабатты тоқсан пәтерлік тұрғын үй құрылысы алаңында өтті.
- Бірінші кезекте бүгінгі байқауға қатысушыларға алғысымды білдіріп, сәттілік тілеймін. Елбасымыз өзінің «Нұрлы жол» атты Жолдауында құрылыс саласының алдында тұрған маңызды мақсаттарды атап көрсеткен болатын. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақтылы орындалуы сіздердің біліктіліктеріңізбен тікелей байланысты. Соңғы кездері шаһарымызда тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар көптеп салынып, құрылыс саласы дамып келеді. Бұл мақсаттарға өздеріңіздің кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында жетіп отырмыз, - деді облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев сайыскерлерді құттықтау сөзінде.
Байқауға қатысушы құрылысшылардың жұмысына аталмыш саланың ардагерлері және құрметті құрылысшылардан жасақ-талған арнайы топ қазылық етті.
Жарты сағатқа созылған сайыстың қорытындысында «Үздік тасшы» аталымы бойынша «СКФ Отделстрой» ЖШС-ның кафель қаптаушылары Ерген Балахметов және Өнербек Жұмағалиев же-ңімпаз атанса, «Альтаир» ЖШС-нан Валерий Киричков пен Александр Разумец екінші, ал «СВ плюс» ЖШС-ның жұмысшылары Асхат Әдиетов және Асхат Ғабдолов үшінші орынға ие болды. «Үздік тас қалаушы» аталымы бойынша Ербол Сағынғалиев және Асланбек Ғұмаров («Альтаир» ЖШС), Арман Молдағалиев және Жасұлан Бақтыбаев («СВ плюс» ЖШС), Зердебек Есқалиев және Бекжас Бекенов («Жиенбай» ЖШС) сәйкесінше бірінші, екінші, үшінші орындардан көрінді. Сондай-ақ «Үздік сылақшы» аталымы бойынша Эльхан Абдурахманов және Яхиа Насибов («СВ плюс» ЖШС) бірінші, Нұрғайша Есентемірова және Райгүл Ахметова («СКФ Отделстрой» ЖШС) екінші, Раушан Айдамиров және Асиф Ибрагимов («Альтаир» ЖШС) үшінші орын алды.
Жүлдегерлер облыс әкімінің дипломдарымен, ақшалай, өзге де бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Той сізден, көмек бізден!» атты мақалада (Л.Шағатай) «100 нақты көмек» жобасы аясында ұйымдастырылған игі істер паш етілген.
«Өткен аптада қаламызда тағы бір шаңырақ бой көтеріп, Манас пен Жазира есімді жас жұбайлардың некесі қиылды. Қазақы дәстүрге сай тойлары дүркіреп өтті. Алайда «бұл той бұрынғы тойдан өзгерек». Өзге болатын себебі қыздың ұзатылу тойының шығынын «100 нақты көмек» бойынша демеушілер көтеріпті», делінген онда.
- Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап облыстық жастар ресурстық орталықтарының көмегімен өңірімізде «100 нақты көмек» жобасы жүзеге асып келеді. Қаражат талап етпейтін бұл жоба қазірге дейін 50-ге жуық көмекке мұқтаж жастың негізгі мәселелерін шешіп берді. Одан бөлек ресурстық орталықтың ықпалымен жетім, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен және толық емес отбасыдан шыққан жастардың тойын тегін өткізіп беруді де қолға алдық. Сөйтіп, бұл идеямызды облыстық газет-журналдар, телеарналар мен әлеуметтік желі арқылы біраз жарнамаладық. Жуырда сондай жарнамаларға көзі түскен 23 жасар Жазира есімді ару орталыққа көмек сұрай келді. Біз де оның ұсынысын қабыл алып, тойды өткізуге демеушілер іздей бастадық. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, өткен аптада Жазираның ұзатылу тойының куәсі болдық. Ең бастысы, екі жас бақытты болсын, - деген аталмыш орталықтың бөлім меңгерушісі Динара Жароева екі қыз тәрбиелеп, үлкенін ұзатқан жалғызбасты ананың алғысы шексіз болғанын айтады.
Иә, Жазираның өтінішін екі етпеген жомарт азамат, қаламыздың қақ ортасынан орын тепкен «Алтын сақа» тойханасының иесі ешқандай пұлсыз, 80 адамға дастарқан жайып, тегін қолдау көрсеткен. Тойдың ойдағыдай өтуіне барынша атсалысқан. Тіпті бұл қызметіне жас жұбайларды қыдырту, сурет пен бейнетаспаға түсіруді қосыңыз. Бұл шығындарды есептесеңіз, қарапайым отбасыға біраз салмақ түсері сөзсіз. Ал Жазира «100 нақты көмектің» шапағатын көріп, анасына салмақ түсірмей, шаңырағынан ұзатылып кетті. Жастардың бәрі Жазирадай ақылды болса ғой, шіркін!
- Өзім Ақсай қаласында аспаздың көмекшісі болып жұмыс жасаймын. Бұл жоба жайында ғаламтордан көргенмін. Алғашында өтірік шығар деп, сенбедім. Той күні жақындап қалды. «Қысқа жіп күрмеуге келмейтіні» белгілі, несие алмасақ, тойды атқара алмайтынымыз анық. Не болса да, тәуекелге бел буып, жарнама бойынша хабарласып көрейін деп шештім. Бос қиялымның шындық екеніне көзім жеткенде, қуанышымда шек болған жоқ. Қарайлап отырған жалғыз анам да бұл жаңалығымды естігенде, қатты қуанды. Сөйтіп, тойдың қамына кірісіп те кеттік. «Талғатов» жеке кәсіпкерлік иесі тойханасын тегін беріп, тойдың қызмет көрсету шығындарын өз мойнына алды. Той қонақтардың бәріне ұнады, дән риза болып тарқасты. Тек бір әттеген-айы, кейбір аз қамтылған отбасыдан шыққан жастар намыстанып, ел-жұрттан ұят санап, тегін көмекке жүгінуден бас тартып жатады. Бұл керісінше қатыгезденіп бара жатқан қоғамда адамдарды қайырымдылыққа тәрбиелеуге, мұқтаж жандарға жәрдем етуге, адамгершілікке баулитын бастама деп білемін. Жоба әлі де жалғасын тауып, талай шаңырақтың шаттығына ортақтаса берсін, - дейді Бөрлі ауданының жас келіні Жазира Дәулеткереева қуаныштан жүзі бал-бұл жанып.
Ал облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Кенесары Нұршинов бұл жобаны мемлекет қаржыландырмайтынын, тек түрлі келісімдер арқылы демеушілердің көмегімен жүзеге асып жатқан жоба екендігін айтады:
- ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық жастар ресурстық орталығының қолға алған «100 нақты көмек» жобасына бюджеттен арнайы ақша бөлінбейді. «Той сізден, көмек бізден» шарасы бойынша жүзеге асқан алғашқы тойымыз сәтті өтті деп айта аламын. Жыл соңына дейін әлі де бірнеше тойға көмек етуге мүмкіндігіміз бар. Жастардың тың бастамаларына қолдау білдіріп, ұсыныстарымызды құп алатын барша демеушілерге, кәсіпкерлерге, жүрегі мен жаны жомарт жандарға алғыс айтамыз. Жақсылық жасауға асығайық, достар! - дейді Кенесары Бекболатұлы.
«Таңғажайып "тұрғындар" немесе жас натуралистер бағында» атты мақала (Айымгүл Төлеуғали) облыстық жас натуралистер саябағындағы жануарлар өмірін баяндайды.
Табиғат атты ортақ үйде үндестікте, сыйластықта өмір сүргенге не жетсін. Жыбырлаған жәндіктер мен алуан түрлі аңдардан құралған хайуанаттар әлемі де таңғажайып табиғаттың бөлінбес бір бөлшегі іспеттес. Табиғатта тұтас тіршіліктің жүйелі жалғасуы үшін әрбір жан иесінің орны маңызды. Адамдар секілді аңдар да мейірім мен қамқорлыққа мұқтаж.
Шаһар іргесіндегі Шаған өзенінің жағалауында орналасқан, 60 жылға жуық тарихы бар Жас натуралистер саябағына таңғажайып «тұрғындар» туралы білгіміз келіп барған едік. Мұнда алдымен, ерекше табиғатқа көз түседі. Жап-жасыл әлем. Жабайы аңдар. Аталмыш саябақтағы экология бөлімінің жетекшісі Фиягүл Қауымбаева бізді әр мекендеушінің жанына апарып, олар туралы қызықты деректермен бөлісті.
Ең үлкен тордың қасында кішкентай қыз сықылықтай күліп тұр. Ол апасымен бірге Даша есімді кірекей және оның қонжығы Катяға тамақ беріп жүр екен. Сақтық мақсатында келуші мен аюдың арасы екі тормен қоршалыпты. Кішкентай қыз сол екі тордың арасымен алма мен сәбізді кезек-кезек лақтыра береді. Аю да тоймайды екен, біреуін жеп алады да, «Тағы бар ма?» дегендей қарап тұрады.
«Апа, енді сәбізді берші», «Алманы лақтырайыншы», «Жей ғой, Катя» деген кішкентай қыздың есілдерті аюда. Аю алманы күтірлетіп жеген сайын қыз сықылықтап күле береді. Аю да сәбидің жылуын сезгендей, көздерін мөлдіретіп мейіріммен қарайды.
Хайуанаттар бағына келушілердің таңданысын тудыратын алып денелі жануардың бірі - Даша. Ол 2002 жылы екі жасында Семейдегі хайуанаттар үйінен әкелінген екен. Даша 14 жылда бірнеше қонжықты дүниеге әкелген. Қазір оның ұрпақтары Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі зообақтарда жүрген көрінеді. Жабайы табиғатта Солтүстік Америка және Еуразияны мекендейтін аюдың бұл түрі ет, балық және көкөністермен қоректенеді.
- Бұл аюдың дене тұрқы екі метрге жетеді, салмағы 150-200 келі шамасында. Мінезі бейқам, момын. Аюлар үш жасында жұптасуға қабілетті болады. Буаздығы жеті айға созылып, 2-4 қонжық табады. Олардың денесі үлкен болғанымен, жандары өте нәзік келеді. Біреуіне артық көңіл бөлінсе, артық еркелетсе, екіншісі ренжіп, бұртиып қалады. Сондықтан барлығына тең қарауға тырысамыз, - дейді Фиягүл Кубинқызы.
Зообақта Шыңғыс және Шерхан есімді ағайынды қасқырлар өмір сүруде. Оларды бөлтірік кезінде белгісіз адамдар зообаққа әкеліп тапсырыпты. Қастарына жа-қындағанымызда, басқа жануарлар секілді қуанбады, тамақ та сұрамады. Тіпті өздерімен-өздері жатқан күйі бізге назарларын салмады да. Және келушілер де олардың жанында көп кідірмейді.
- Қасқыр - табиғатынан еркіндікті жақсы көретін аң. Оны қолға үйрету - қиынның қиыны. Циркке барғанда, аң патшасы арыстаннан бастап, қолға үйретілген аңның түр-түрін көруге болады. Ал қасқырды ешбір цирктен кездестіре алмауымыздың себебі - осы. Қасқыр еш қақтығыстан қайтпайды. Не өзі өледі, не жауын өлтіреді. Негізінде қасқырларды дала санитары деп атайды. Өйткені олар әлсіз, аурушаң аң-құстар мен өлекселерді жеп, табиғаттағы тазалықты сақтауға көмектеседі. Ал біздің саябақтағы қасқырлар ветеринарлық тексерістен өткен, таза әрі балғын етпен қоректенуде. Әбден дағдыланып алған. Өлек-сені татып та алмайды. Тіпті майлы етті де жегілері келмейді, ерекше күтімді қажет етеді. Оларды жаздың аптап ыстығында су шашып салқындатамыз. Ал қысқы аяз кезінде тордың арғы жағындағы жасанды індеріне кіргіземіз, - дейді зообақ қызметкері.
Зообаққа әсемдік сыйлап тұрған тауыс құстары да келушілердің таңданысын туғызуда. Паң, тәкаппар, сұлу құстың құйрығының ұзындығы бір метрден асады. Салмағы бес келіге жуықтайды.
- Тауыстардың негізгі мекені Үндістан түбегі мен Шри-Ланка, Суматра аралдары болып табылады. Олар жәндіктер, құрттар және моллюскалармен қоректенеді.
Көбіне жерде жүреді, қауіп төнгенде, ағаш басына шығып кетеді. Жүгіруден алдына жан салмайды, қаласаңыз, торға кіріп, жанына жақындауыңызға болады, - деді зообақ маманы.
Торға кіріп едік, құс бізден алыстай берді. Жылдан-жылға тауыстардың саны азаюда, сондықтан қорғауға алынып, халықаралық табиғатты қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген. Біз көріп жүрген әдемі тауыс - аталығы екен. Ал аналығы сондай сұлу болып көрінбейді. Тіпті көзге бірден іліге қоймады.
Хайуанаттар бағының төрінде Валерик есімді маймыл өмір сүруде. Жай ғана маймыл емес, өте ерке маймыл дегенім дұрыс-ау. Оған жеткенде қолымыздағы тамағымыз біткен еді. Қорек әкелмегенімізді көрген ол теріс қарап жатып қалды.
- Валерик, Валерик! - деп біраз дыбыстап едім, бұрылмай қойды. Тауыс құсы екеуі көрші екен. Біз жанынан алыстап едік, орнынан атып тұрды да, көрші тордағы тауысқа қарап түрлі қимылдар жасай бастады. Торда жалғыз өзі болғандықтан, көршілерімен «көңіл көтереді» екен.
Мамандардың айтуынша, маймылдың көңіл күйін сыртқы көрінісіне қарап жақсы білуге болады. Мәселен, жымию немесе үстіңгі еріндерін шүйіру, я болмаса басты шайқау, иықтарды қозғалту - агрессияның дабылы. Егер маймыл есінесе, бұл оның шаршағандығын білдірмейді. Есінеу оның сізге ашулы екенінен де хабар беруі мүмкін.
Маймылдардың өмір сүру жасы олардың дене көлемдеріне байланысты. Мысалы, ең кішкентай ойнақы маймылдар 10 жылдан артық өмір сүрмейді, ал орангутангтар 57-60 жасқа дейін жасайды. Маймылдар бос уақыттарының көп бөлігін бір-бірлерінің сыртқы келбеттерін жақсартуға, күтіп-баптауға арнайды. Макакалар балаларына тамақ табуды ғана емес, тіс тазалауды да үйретеді. Ал шимпанзе тобында нәзік әрі сенімді қарым-қатынастар қалыптасқан. Ана баласын басқа бір аналыққа тастап кете алады. Мұндай «күтушілер» өз балалары мен өзгенің баласын бөліп-жармайды. Шимпанзелерде қараусыз қалған жетімдерді асырау дәстүрі де кең етек алған. Айтпақшы, тарихта IQ-ге (ағыл.т IQ- intelligence quotient), яғни зияткерлік коэффицентіне тест тапсырған маймыл болған. Ол өзінің қарапайым ересек американдықтың деңгейінде дамығандығын дәлелдеген. Содан да болар, маймылдардан осындай адами қасиеттерді көптеп көруге болады.
- Жыл сайын шығармашылықпен, ғылыми жұмыстармен айналысқысы келетін оқушылар саны көбеюде. Осы уақыт ішінде көптеген оқушылар біздің экологиялық-биологиялық орталыққа келіп, жаратылыстану саласы ғылымдары бойынша қосымша білім алуда, - дейді экология бөлімінің меңгерушісі Фиягүл Кубинқызы.
6-8 жастағы бірнеше балақай өздері терген шөпті понидің астауына салып, қызметкерлерге көмектесіп жүр.
«Тамақты к-ө-ө-п жесең, үлк-е-е-н болып өсесің!» деп кішкентай қыз пониге сөйлеп тұр екен.
- Бұл Әсем деген қыз, ол пониды өспей қалған ат деп ойлап жүр. Күнде понидің астауын шөпке толтырады, жемесе, ұрсып қояды, - деп күлді меңгеруші маман. Жаз бойы теледидар мен планшетке үңілмей, демалыстарын қызықты өткізсін дейтін ата-аналар балаларын әдейі осы баққа жібереді екен.
Бүгінде аталмыш хайуанаттар бағында 60-тан астам жануарлардың түрі өмір сүрсе, олардың жалпы саны 250-ден асады.
- Мекендеушілерді ветеринар маман күніне үш рет тексереді. Түнде олар күзетшінің бақылауында болады. Таңмен жұмысқа келгенде аңдар бізді шуылдасып, қуанып, қарсы алады. Ал жұмыс күні аяқталып, үйге кететін кез келгенде барлығы мұңайып, үнсіз жатып алады, - дейді Фиягүл Кубинқызы.
Қазіргі кезде төрткүл дүние Рио олимпиадасына құлақ түріп, елеңдеп отырғаны белгілі. «Орал өңірі» де олимпиада күндерінен репортаж беруде. «Қос жүлде түсті тағы да» деген мақалада (Ғайса Бәймен) олимпиаданың қос бірдей жүлдегері жөнінде әңгіме болады.
Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарында қазақстандық ауыр атлеттер Фархад Харки мен Карина Горичева қола жүлдегер атанды.
Қазақстанға Қытайдан келіп, Ақтөбе облысы атынан сынға түсіп жүрген дүнген жігіті 62 келіге дейін салмақта бар болғаны екі-ақ мүмкіндігін пайдаланды. Ол жұлқа көтеруден 135 келіні бағындырса, серпе көтеруден 170 келімен тоқтады. Қоссайыс қорытындысы - 305 кг. Бірден айту керек, оның жүлдеге ілігуіне осы жарыстың басты үміткері, екі мәрте әлем чемпионы, қытайлық Чэнь Лицзюньнің жұлқа көтеру кезінде жарақат алып, жарыс жолынан шығып қалуы себеп болды. Бапкерлердің ақылымен қазақстандық атлет күміс жүлдеге де таласуға ниеттенді, бірақ 177 кг зілтемірді бағындыра алмады. Аяқ астынан қытайлық жолдан тайғаннан кейін бұл салмақта колумбиялық Оскар Фигероа қоссайыс қорытындысында 318 кг (142+176) нәтижемен чемпион атанып, мәртебесі асса, индонезиялық Эко Юли Ираван күміс жүлдені (312 кг, 142+172) қағып әкетті. Міне, бақ пен сор деген осы.
Жарыстан кейін ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни енді шәкіртінің 69 келіге дейінгі салмаққа ауысатынын мәлімдеді. Ал 25 жасар Фархад Харкидің өзі Токио олимпиадасында алтын үшін айқасатынын жеткізді. Мұны уақыт көрсетеді.
Допинг дауынан кейін Лондон олимпиадасының төрт бірдей чемпионы (Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло) Риоға бара алмағаннан кейін Қазақстан құрамасы қатты әлсіреп қалғаны белгілі. Ф. Харкиге дейін Маргарита Елисеева (48 кг) бесінші, Арли Чонтей (56 кг) төртінші орынды иеленіп, жүлдеге қол созым жерде қалған еді.
10 тамызға қараған түні жарыс алаңына 63 келіге дейінгі салмақта талдықорғандық 23 жасар атлет, ересектер арасындағы әлем біріншіліктерінде әлі жүлде ала қоймаған Карина Горичева шықты. Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан, Карина үмітті ақтады. Ол жұлқа көтеруден 111 келіні бағындырып, екінші орында тұрды. Серпе көтеруден 132 келіні алғаннан кейін күміс жүлдеге де үміті болды. Дегенмен 137 кг салмақ ауырлау тиді. Сөйтіп қоссайыс қорытындысында (243 кг) қола жүлдені иемденді. Бұл салмақта үш мәрте әлем чемпионы, қытайлық Дэн Вэй ешкімге дес бермей, қоссайыс қорытындысында дүниежүзілік рекордты (262 кг, 115+147) жаңартты. Солтүстіккореялық Чхве Хе Сим 258 кг (105+143) нәтижемен күміс медальға қол созды. Бұл үшеуінің жасы 23-те болғандықтан, бәсекелестік алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін. Олардан бір жас үлкен, 2013 жылғы әлем чемпионы, осы олимпиададан шеттетілген ресейлік Тима Туриеваны да естен шығаруға болмайды. Дегенмен Қазақстанға төртінші медаль сыйлаған Карина бұдан кейін 69 келі салмаққа ауысатынын айтты.
Бүгін түнде олимпиада жүлдесі үшін бәсекеге қазақтың қарагөз қызы, әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл (69 кг) мен әлем чемпионы Нижат Рахимов араласты.
Айта кетейік, бұдан бұрын дзюдодан Елдос Сметов күміс, Отгонцэгэг Галбадрах қола жүлдегер атанған болатын. Қазақстанға енді жетпей тұрғаны - алтынның сыңғыры.
Газеттің 13 тамыз күнгі саны ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің өңірге келген сапарын беруден басталған - «Үкімет басшысының Ақ Жайыққа сапары» (Наталия Портнягина).
«Өткен бейсенбіде ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен өңірімізде болды. Ол жекелеген стратегиялық нысандар көлік инфрақұрылымының қауіпсіздік жүйесімен, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберіндегі республикалық маңызы бар көлік жолдарын жаңғырту барысымен танысты. Кәсіпкерлер және жұртшылықпен кездесіп, жолдардың жай-күйі, мұнай-газ және тамақ өнеркәсібі салаларын дамыту, көмірсутекті шикізат өңдеу, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерін талқылады», деп басталған мақала.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов мәртебелі мейманды әуежайда қарсы алып, Үкімет басшысы әуе, көлік және теміржол бекеттерінің қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйі жөніндегі өңір басшысының баяндамасын тыңдады. Аталмыш нысандар басшыларының сөзіне қарағанда, лаңкестік қауіптің сары деңгейіне байланысты қауіпсіздік шаралары екі-үш есеге дейін күшейтілген.
«Орал-Тасқала-РФ-ның шекарасы» көлік жолының жаңғыртылуы жөнінде облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов баяндады. - Ұзындығы 100 (4-104) км жол бөлігі жаңғыртылатын болады. Оны жүзеге асыру кезеңі - 2015-2018 жылдар. Өткен жылы 11,4 км жол жаңғыртылса, ағымдағы жылы жаңғыртуды 37 км аумағында аяқтау жоспарланған. Жұмыс кесте бойынша еш кідіріссіз атқарылуда.
Облыс және аудандық маңызы бар көлік жолдарының жай-күйін шешуді басты мәселе ретінде атап көрсеткен облыс әкімі Алтай Көлгінов Үкімет басшысынан өңірдің көлік жолдарын жаңғырту мен жөндеуге республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемін қысқартпауды, сонымен бірге жолдарға бөлінетін жалпы сипаттағы трансферттер бөлуді қолдауды сұрады.
- Жергілікті маңызы бар көлік жолдарының жалпы ұзындығы 5,1 мың км соның тек 1,3 мың км (немесе 26 пайыз) ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда (орта деңгейдегі республикалық көрсеткіш 61 пайыз). Бұл - елдегі ең төмен көрсеткіш. Жолдардың жай-күйі халықтың қозғалысына, инвестициялар тарту мен шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кері әсерін тигізуде. Өңірішілік және Отанымыздың өзге, Ресейдің көршілес аймақтарымен қатынас жолаушы және жүк ағыны көлік жолдары арқылы ғана өтеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстандағы көлік жолдарын жөндеуді қаржыландыру көлемін 2014-2016 жылдары арттыру жөнінде тапсырма берген, тапсырмаға сәйкес, соңғы үш жылда 19 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде жергілікті маңызы бар 300 км-га жуық жол жаңғыртылды және жөнделді, қатқыл табанды жол арқылы бұрын оған қосылмаған алты ауданның үшеуінің (Жаңақала, Қаратөбе, Шыңғырлау) облыс орталығымен байланысы жақсарды. Аталған аудандардың халқы 55 мың адамнан асады. Мұның өзі аталған аудан тұрғындарының әлеуметтік көңіл күйін көтеріп, жол қатынасын жақсартты. Енді қалған үш ауданды (Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов) облыс орталығымен байланыстыру қажет. Біз ИДМ-мен бірге республикалық маңызы бар жолдар бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды жасақтадық және министрліктің мақұлдауына ие болдық. Осыны ескере отырып, өңірдегі көлік жолдарын жаңғырту мен жөндеуге бөлінуі тиіс республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін төмендетпеуіңізді сұраймын. Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 6 млрд. теңге бөлінген, ол қаржыны ұзындығы 120 километрге жуық жолды жөндеуге жұмсау жоспарланған. Бұлар «Чапаев - Жаңақала - Сайқын», «Ақсай - Шыңғырлау», «Аңқаты - Сарыөмір», «Жымпиты - Қаратөбе», «Орал - Кирсанов» және Бұлдырты ауылына бұрылыстың бөліктері. Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Сізді жергілікті маңызы бар жолдарға жалпы сипаттағы трансферттер бөлуді қолдауыңызды сұраймыз.
Бұдан басқа облыс әкімі стратегиялық мақсаттағы Қарашығанақ мұнайгазконденсат кен орнынан жүк тасылатын, Орталық Азия мен Еуропаны «Оңтүстік-Солтүстік» шеңбері бойынша байланыстыратын көлік дәлізінің бірі, республикалық маңызы бар «Подстепный - Федоров - Орынбор» көлік жолының қанағаттанғысыз жағдайы мәселесін көтерді. - Аталмыш жол бұдан 40 жыл бұрын салынды және күні бүгінге дейін күрделі жөндеуден өтпеген, оның өзі облыстың инвестициялық тартымдылығын төмендетіп отыр.
Соған орай оны да жаңғырту жөніндегі ұсынысты қолдауыңызды сұраймын.
Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет басшысына көлік жолдарын салу және жөндеуде өңірде жаңа технологиялар қолданылғаны туралы айта келіп, облыс әкімдігіне аталмыш бағыт бойынша жұмысқа жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемін ұлғайтуды ұсынды. Бұдан басқа ол 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында облыс жолдарын қаржыландыруға алдын ала 9,6 млрд. теңге қарастырылғанын атап өтті. - Бұл тек біздің министрліктің бюджеті бойынша ғана. Оған қосымша экономика министрлігі арқылы өтетін жалпы сипаттағы шығын бар. Мен 2017-2018 жылдары жылына 6 млрд. теңге деңгейінде ақша береміз деп есептеймін.
Жиынды аяқтай отырып, Кәрім Мәсімов өңірдегі республикалық және жергілікті маңызы бар жолдар құрылысының айрықша басымдық берілетін, көкейтесті мәселенің бірі екенін атап өтті. - Мұндай мүмкіндік бізде қазір бар, - деді ол. - Мен мемлекеттік органдар, салалық министрліктерге тапсырма беремін. Осы мәселелер төңірегіне назарды ерекше аударып, қажетті жадығаттар (ресурс) даярлау қажет және ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында біз халыққа осындай тамаша сый тартуымыз керек.
* * *
Бұдан соң Кәрім Мәсімов өнімдері елімізге кеңінен танымал «Кублей» ЖШС-да болды. Осы жерде Үкімет басшысы жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардан жұмыс барысын сұрады. Орта және шағын бизнестің дамуына кеңінен қолдау жасап жүрген ел Үкіметіне ризашылығын білдірген кәсіпкерлер аталмыш салада және ауыл шаруашылығы кешенінде кездесіп қалып жатқан түйткілді мәселелер жөнінде де баяндады. Мысалы, Үкімет басшысымен кездесу кезінде «Айсұлу» шаруа қожалығының жетекшісі Мағауия Зайнуллин бруцеллез (сарып ауруы), түйнеме секілді аурулардың кесірінен мал басының азайып кетуі мүмкін деген қауіп айтты.
- Жер-жерде бруцеллез, түйнеме секілді малға қауіпті аурулар шығып жатыр, ал біздің малымыз мұндай қауіпті аурулардан қорғалмаған. Жалпы, қауіпті аурулардың таралуына мал басының көші-қоны мен жүйесіз жүргізілген вакцинация (егу) себепші болып тұр. Осы мәселелер ветеринарлық қызмет тарапынан бір ретке келтірілуі керек. Егер бірыңғай ветеринарлық қызмет болмаса, жауапкершілік болмайды. Мына көрші Ресейдің шекаралас аумақтарында, Атырау облысында аталған ауруларға қарсы мал басын егіп (вакцинация) жатыр дейді. Ал біз ол жайында, тіпті білмейміз де. Ертең жұқпалы аурулардың кесірінен қолдағы бар малды жойып алсақ, бұған кім жауап береді?-деді ол өз сөзінде.
Бұдан кейін сөйлеген «Жайық Ет» ЖШС басшысы Асан Сұлтанғалиев бағдарламаның өтемақыға қатысты тұсын өзгерту керек деген ұсынысын жеткізді.
- Бағдарлама бойынша құс етін өндіретін фабрика құрылысына өтемақы алу үшін көп мөлшерде ет өнімін өндіру керек. Нақтырақ айтсақ, бройлерлік фабриканың қуаты жылына 20 мың тонна құс етін өндіруге жететін болуы керек. Бұл аумағы үлкен облыстар үшін қалыпты. Ал біздің облыстың құс етіне деген қажеттілігі жылына 7 мың тоннадан аспайды. Мен өз жобамды бұл бағдарламаға енгізу үшін тек облысқа ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның батыс аймағына ортақ бір үлкен тауық фабрикасын тұрғызуым керек. Өкінішке орай, мен олай ете алмаймын. Өйткені Атырау мен Ақтөбе қалаларында мұндай жобалар бар. Облыстың ішкі қуатына сәйкес есептелген бірде-бір жоба бұл бағдарламаға ілікпей отыр. Сондықтан аталмыш бағдарламада айтылған ережеге сәл өзгеріс енгізіп, өтемақы алу үшін өндірілетін ет өнімін 10 мың тоннаға дейін азайту керек, - деген «Жайық Ет» ЖШС басшысы жалпы жұртқа ортақ түйткілді мәселені Үкімет басшысына жеткізді.
* * *
Оралдағы «ҚПО б.в.» кеңсесінде өткен дөңгелек үстелде компания өкілдері, өкілетті органдардың басшылары еліміз бойынша және аймақтағы газ өндіру саласын дамыту жолдарын талқылады.
- Табиғи газды саудалау көбіне 10 жылдан 25 жылға дейін жасалған ұзақ мерзімді келісімдер негізінде жүзеге асырылады, - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
- Көгілдір отынды жеткізу жөніндегі келісімге үкімет деңгейінде келісіледі. Табиғи газды жаһандық саудалау 2015 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға өскен. Көгілдір отын нарығында бүгінгі орташа шұғыл кезеңмен алғанда, арамыз құбыр инфрақұрылымдарымен байланысып жатқан Қытай елі ең тиімді және басым сауда нарығына жатады. Газ тасымалдауда балама әдіс ретінде сұйытылған тұтыну газ технологиясы қарқын алып келеді. Келешек күндерде алыс ауылдарды газдандыру барысында сұйытылған тұтыну газын пайдалану жолдарын қарастыратын боламыз. Бүгінде Қазақстан көгілдір отын қорынан дүние жүзінде 22-орында, ал ТМД елдері арасында үшінші орын алады. Көгілдір отынды ішкі тұтыну 2010-2015 жылдар аралығында 3,1 млрд. текше метрге өскен. Көгілдір отынды тұтыну еліміздің газдандыру жөніндегі саясатына байланысты тұрақты түрде өсіп келеді. Сондай-ақ тауарлы газды шетке шығару мен өндірудің мөлшерінде де қарқынды өсудің оң өзгерісі байқалады. Алайда мұнайға деген әлемдік бағаның құлдырауына байланысты қазақстандық газдың экспорттық құнының төмендеуі байқалады.
Облыс әкімі айтып өткеніндей, Батыс Қазақстан облысын көгілдір отынмен қамту төрт магистральды газ құбырлары арқылы жүзеге асуда. Олар «Орынбор - Новопсков», «Орта Азия - Центр», «Қарашығанақ - Орал» және «АГРС Жымпиты, Қаратөбе» бағытына шығатын газ құбыры. 2008-2016 жылдар аралығында табиғи газ 138 елді мекенге жеткізіліп, оған 20 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының көгілдір отынмен қамтылуы 93,4 пайызды (облыстың 594 мың тұрғыны) құрайды.
Үстіміздегі жылы Сырым ауданына қарасты барлығы 1,5 мың адам тұрып жатқан алты елді мекенді газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. 103 шақырым газ құбыры тартылады, бұл жұмысқа облыс бюджетінен 240 млн. теңге бөлінген.
- 2016 жылдың аяғына дейін тұрғындарды табиғи газбен қамту 93,6 пайыз немесе 595 адамды құрайды, - деді Алтай Көлгінов. - Сонымен қатар бүгінде қалған елді мекендерге көгілдір отын жеткізуді одан әрі жалғастыру ең өзекті мәселе болып табылады. Облыс әкімдігінен 2017-2019 жылдарға республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге қаржы бөлуді сұратқан тиісті бюджеттік тапсырыс берілді. Қаржы бөлінген жағдайда жалпы ұзындығы 463,8 шақырым газ құбыры тартылатын болады. Бұл айналып келгенде Ақжайық, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының 9 мыңнан астам халық тұратын 25 елді мекенінің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын бұрынғыдан да жақсарта түсетіні даусыз.
Облыс әкімі аймақ үшін маңызды мәселелердің бірі ретінде Орал жылу-қуат орталығына (ТЭЦ) жалғанатын газ құбырының қосалқы тармағының құрылысын жалғастыруды айтып өтті.
- Орал жылу-қуат орталығына барып тұрған газ құбыры жалқы тармақ түрінде, сонау 1977 жылы салынған. Бүгінде оның пайдалану мерзімі нормативтік мөлшердің бәрінен асып кеткен, тозған. Орал жылу-қуат орталығы облыс орталығын жылумен қамтитын стратегиялық нысан болып табылады. Бүгінде жұмыс істеп тұрған газ құбырына жылу-қуат орталығынан басқа Орал қаласының 70 пайыздан астам әлеуметтік нысандары, жеке тұрғынжайлар және өнеркәсіп орындары қосылған. 2014 жылы жалпы құны 3,4 млрд. теңге тұратын құрылыстың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, дайындалған. 2015 жылы жұмыс басталды, республикалық бюджеттен 341,8 млн. теңге бөлініп, игерілді. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен 295,7 млн. теңгеге қаржыландыру болды. Үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен жобаның құрылысын жалғастыруға қаржы бөлінбеген. Осыған байланысты құрметті Кәрім Қажымқанұлы, 2016 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде жобаның құрылысын одан әрі жалғастыру үшін 700 млн. теңге көлемінде мақсатты трансферттерді бөлудің мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын.
Орталыққа жалғанатын газ құбырының құрылысын аяқтау Орал жылу-қуат орталығын және қала тұрғындарын көгілдір отынмен тұрақты, сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді.
Аймақтағы газхимия саласын дамыту туралы «Конденсат» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов былайша әңгімеледі:
- Қарашығанақтың шикізатынан жылына 600 тонна мұнай өңдеуге арналған «Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауыты сол Қарашығанақта орналасқан. Оның тұсауын Елбасымыз кескен. Жиырма жылға жуық уақытта бюджетке зауыт 100 млн. доллардан астам кіріс кіргізді. 2012 жылы экологиялық кластың еуро - 5 өнімін шығаратын зауыттың екінші кезегін жобалау мен құрылысы басталды. Қазіргі уақытта зауытты тапсыру жұмыстары аяқтала келді, таяу аптада біз жанармайдың ең жоғарғы сапалы түрін аламыз деп күтіп отырмыз. Алайда бүгінде нарықта дайын өнімнің құнынан оны дайындайтын шикізаттың құнының қымбат болып отырған жағдайы қалыптасқан. Энергетика министрлігінің ықпалдастығымен біз «ҚПО б.в.» мен бірнеше келіссөздер жүргізіп, өзіміздің бағалық ұстанымдарымызды жақындастырдық. Бірақ нарықта қалыптасқан жағдай бізге «ҚПО б.в.» ұсынып отырған бағамен жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр. Бара-бара жағдайдың өзгеретінін біз түсінеміз. Біздің жобамыз бұрыннан бар 400 жұмыс орнына қосымша, жаңадан 150 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Біздің контрагенттердің 1 мың қызметкерінің жұмысы зауыттың жұмысына тәуелді болып тұр. Ағымдағы салыққа акциздер қосылып, ол жылына бюджетке 20 млн. долларға дейін тұрақты төлемді қалыптастырады. Біздің үлкен өтінішіміз - таяудағы үш жылға қолайлы бағаға шикізат бөлуге көмектесуіңізді сұраймыз. Оған дейін жағдайдың жақсылыққа қарай бет бұратындығына іштей сеніміміз күшті. Қалай болғанда да, бізге нарықтағы аласапыран кезінде өзімізді ұстап қалу керек. Екінші мәселе - газ. Біздің газхимиялық кешеніміздің тұжырымы «ҚПО б.в.»-дың ішкі қысымды ұстап тұру үшін жердің астына айдайтын газдың жалпы тұрақтандыру және сеперациялау ағынынан бағалы шикізаттық компоненттерді ішінара бөліп алу. Оларды, атап айтқанда, этан, пропан, бутан, изобутан - бәрін қосқанда, жылдық мөлшері 1 млрд. текше метр шикізатты газхимиялық өнімдерді өндіруге пайдалануды ұсынамыз. Қалған газ жер астына кері айдау үшін қайтарылады. Газхимияның қажеттілігі 4 пайызды құрайды, бұл «ҚПО»-ның газ өндіру көлемінің арта түскенін есептегенде, өте аз мөлшер. «ҚПО» бізге қайтарылатын газдың сапалық құрамы бойынша техникалық талапты берді. Жоба бойынша жұмыс Энергетика министрлігінің қатысуымен, облыс әкімдігінің қолдауымен жүріп жатыр. «Конденсат» АҚ-ның тапсырысы бойынша америкалық технологиялық компания жобаны дайындады. Жобалаушы сұраныстың әлемдік тенденциясын ескере отырып, шикізат компоненттері негізінде экологиялық таза өнім өндіруді ұйымдастыруды, сондай-ақ көліктерге арналған пропанды өндіруді мақсат етіп қоюда. Сол арқылы Еуропа және Қытай, Еуроазия одақтастығы нарықтарына шығуға мол мүмкіндік болады. Біз үшін қышқыл газды әділ бағасына жеткізіп отыратын нақты кепілдік керек. Экономиканы алға бастыруға көмектесетін осынау екі мәселені шешуді қарастыруыңызды сұраймыз.
- Бүгін осында айтылған мәселелер өзінің шешімін табуын талап етеді, - деп Үкімет басшысы кеңесті қорытындылады. - Біз былай болады немесе былай деп нақты айтуымыз керек. Сондықтан Энергетика министрі бастаған жұмыс тобын құрайық. Бүгін осында көтерілген мәселелермен бірге мені екі сұраққа қатысты жауаптар қызықтырады. Ол - ресурстарды тиімді пайдалану, кері айдалатын газға қатысты не істейміз және аймақтарды газдандыру. Елбасымыздың алдымызға қойған нақты тапсырмалары бар. Біз әлі нақты жауабын қайтарған жоқпыз. Екі ай мерзім сіздерге жететін шығар, қазан айында үкіметтің арнайы мәжілісін өткіземіз. Сонда осы сұрақтардың жауабын береміз.
Сол күні ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Қ. Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Батыс Қазақстан облысының экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ірі өндірістік аймақтардың бірі екендігін тілге тиек еткен Үкімет басшысы өңірімізде ел экономикасын өркендету мақсатында жүзеге асып жатқан жобалармен танысып шыққанын атап өтті.
- Елбасымыздың тапсырмасы бойынша өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту мақсатында игі істер қолға алынуда. Олардың бірқатарымен бүгінгі жұмыс сапарында таныстым. Сондай-ақ рухани саланы дамытуда да атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Өңір халқының жағдайын одан әрі жақсарту мақсатында тағы қандай шараларды қолға алуымыз керек? Шешімін күтіп отырған қандай мәселелер бар? Бүгін сіздермен осындай мәселелерді талқылау үшін кездесіп отырмын, - деді ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов өз сөзінде. Кездесуге келген зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері түйінін таппай жүрген мәселелерін ортаға салды.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жастар барлық салаға жұмысқа қосылды. Біз оған қуаныштымыз. Солардың бірі Алматыны басқарып отырса, енді бірі - Батыс Қазақстан облысының жас әкімі Алтай Көлгінов. Біз жас ұрпағымыздың сапалы білім алып, егемен елге еңбек етіп жатқанына қуанамыз, қолдаймыз. Табыс тілейміз. Егемендік - біздер үшін ең қымбат ұғым. Егемендікке қол жеткізген 25 жылда біз бәріміз қиындықты да, жетістікті де бірге көрдік. Осы жолда біз ауызбірлігіміздің арқасында еңбек етіп, тіршілік кешіп келеміз. Батыс Қазақстанның ең үлкен байлығы - Қарашығанақ газ кен орны. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, аты әлемге әйгілі жер. Сондықтан бұл өлке кейбір дағдарыс кезеңдерін оңай еңсеріп, тойын тойлап, еңбек етіп, баласын өсіріп келеді. Сонау қиын жылдардың өзінде қазақ драма театрын тұрғызып, сәнді де салтанатты мектептер, жастарға арналған салтанат сарайы мен Қадыр орталығын салуы - осының айғағы. Қарашығанақ елдік, ұлттық мақтанышымызға айналды. Оның шапағатын да халық көріп жатыр. Енді сол сәні мен салтанаты келіскен білім ошақтарында білімді ұрпақ пен сауатты мұғалімдеріміз жеткілікті болуы керек. Батыс Қазақстан облысын заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Қазақстанның Венасы» деп атады. Өйткені Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина өскен орта, олардың шығармасы қалған орта музыка әлемінде бүкіл ұрпақты тәрбиелеп келеді. Бұл елде опера, сонаталарды жазған Базарбай Жұманиязов, Құрманғазы оркестрін әлемге танытқан Шамғон Қажығалиевтей ұлы дирижеріміз дүниеге келген. Бұл жерге театрға атын сұрап жүрген Хадиша Бөкеевадай талантты актриса, Тайыр Жароков, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырзалиевтей ұлылардың кіндік қаны тамған. Бұлар тек батыстың ғана емес, қазақ ұлтының, қазақ даласының, бүгінгі тілмен айтқанда, брендке айналған есімдері. Оларды насихаттау жұмысы ұрпақ тәрбиелеу үшін қажет. Бұл ұлы есімдердің аты анда-санда туған күндерінде сахналардан ғана естіліп қалмау керек. Олардың есімдері әуежайларда, қонақтарды қарсы алып, жарқырап тұру керек. Біз жас ұрпақты қаламгерлердің еңбегімен, олардың есімдерімен тәрбиелейміз. Алайда бүгінгі күнде жазушыларға жазған кітабы үшін қаламақы төленбейді. Кітап сатып, күн көру мүмкін емес. Қазіргі балалар кітапты ғаламтордан оқиды. Осындай ұлы тұлғаларды дәріптейтін журналистердің алатын жалақысы да мардымсыз. Осыны да ойластыру керек. Айтайын дегенім, біз ертеңгі күнге үлкен сеніммен қараймыз. Өйткені жастардың қолында білім бар, тізгін бар. Қазақ елі сауатты бизнесмендерімен, білімді ұрпағымен, мейірімді аналарымен, тәрбиелі қыздарымен өзге ұлттармен терезесі тең өмір сүруге толық мүмкіндігі бар. Сондықтан да Жайық өлкесіне келген сапарыңызға сәттілік тілеп, еліміз аман болсын деп тілеймін! Әрқашан жақсылық күтіп отыратын Астана көркейе берсін, бізге нұрын шаша берсін!
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Ақұштап Бақтыгерееваның көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Авторлық қаламақы мәселесі қазіргі күнде қолға алынды. Біз бір жылдың ішінде ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің тапсырмасымен осы салада жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі күнде комиссиядан өтіп, қаламақы туралы мәдениет заңына өзгерістер енгізуге депутаттарға бердік. Қазір Мәжілісте қаралуда. Заңның өтуі бір-екі жылға созылады. Егер Кәрім Қажымқанұлы рұқсат берсе, алдыңғы қатарлы заңға енгізіп, 2017 жылдары бірінші қатарлы заңдар легінде осы мәселе шешілер еді.
Ермек МҰҚАМБЕТҚАЛИЕВ, облыстық жастар қауымдастығының төрағасы:
- Жастар арасындағы бірді-екілі мәселеге тоқталғым келеді. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастардың жұмыссыздығын азайту бағытында, оларды жұмыспен қамту мақсатында керемет бағдарламалар бар. Атап өтсек, «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары. Біз жастармен кездескенімізде, олар «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының уақытының тым аз екендігін алға тартады. Сондықтан біз «Жастар тәжірибесі» бағдарламасынан әрбір жастың өтетін мерзімін алты айдан бір жылға ұзартуды ұсынғымыз келеді. Екінші көтеретін мәселе - «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайтын жастардың жалақысының аздығы. Аталмыш бағдарлама бойынша қазіргі күнде 800-дей сарбаз жұмыс жасауда. Олардың алатын жалақысы 39333 теңгені құрайды.
Бұл соманың 40 пайызы республикалық бюджеттен, 60 пайызы жергілікті бюджеттен төленеді. Жастарымыздың осы бағдарламаға қызығушылығын оятып, олардың санын көбейту үшін «жасылелдік» сарбаздардың жалақысын 50 мыңға дейін көтеруді ұсынғымыз келеді.
Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:
- "Жастар тәжірибесі" бағдарламасын алты айдан бір жылға дейін ұзарту туралы ұсыныс түсті. Бұл - «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында оқу орнын енді бітірген жас түлектердің қиындықтарына көмек беру үшін жасалған шараның бірі. Жұмыс берушілер маманды жұмысқа қабылдап аларда тәжірибесінің молдығы мен еңбек өтілінің көп болуына басымдық береді. Сондықтан біз кәсіпорындармен келісе отырып, штаттан тыс жұмыс орындарын ашып, жас түлектерді мамандығы бойынша жолдаймыз. Олар белгіленген алты айдың ішінде тиісті дағдыларға ие болып, тәжірибе жинақтайды. Алты ай еңбек өтілі болып есептеліп, еңбек кітапшасына жазылып, кішігірім жалақысын алады. Сондықтан бұл салаға қатысты тетіктерді жетілдіруге мүдделіміз. Жалақыға қатысты мәселе өткен аптада ғана Үкіметтен қолдау тапты. 38 мыңның үстіндегі жалақыны 53 мыңға дейін көтердік.
Қазыбай БОЗЫМОВ, ғылым докторы, профессор:
- Батыс Қазақстан облысының 80 пайыз су ресурстары Ресей Федерациясының шекаралық аймағындағы трансшекаралық өзендерден жиналатыны белгілі. Жайық өзені - біздің өңір үшін ең маңызды нысан. Ауыз суының ең маңызды көзі болып табылады. Бұл өзен бассейнінің жанында 87 елді мекен орналасқан. Бұл жерде облыс халқының 75 пайызы тұрады. Сондықтан да Жайық өзенінің экожүйесінің сақталуы, гидрологиялық режимдердің жақсаруы және суларының сапасын арттыру халқымыз үшін маңызды мәселе болып отыр. Себебі соңғы уақытта өзеннің арнасы тартылып, суы ластанып, өзен жағасындағы өсімдіктер азайып барады. Бүгінгі таңда Жайықтың экожүйесін сақтаудағы ең маңызды жұмыс - өзеннің арнасын кеңітіп, түбін тереңдетіп тазалау. Әрине, бұл жұмысты өзеніміздің бастапқы жолы Ресейден бастау алатын су қоймаларынан бастаған дұрыс. Жайық суын кеңінен пайдалану үшін оның салалары мен су қоймаларының көздерін ашып, тазарту қажет. Екінші мәселе, облысымыздың оңтүстік бөлігіндегі Қазталов, Жәнібек, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарының халқы шаруашылыққа баяғыдан Еділ суын пайдаланып келген.
Қазіргі уақытта біз осы суды ауданның шаруашылығы үшін, халқымыздың тұрақты өмірі үшін, экологиялық жағдайды жақсарту үшін трансшекаралық Қараөзен мен Сарыөзен арқылы сатып алып отырмыз. Бұл, әрине, керек мәселе. Үкімет, республикалық бюджеттен көп көмек көрсетіп отыр. Дегенмен 2016 жылы біздің есебіміз бойынша 107 млн. текше метр су керек болып, оған бюджеттен 1 млрд. 490 мың теңге бөлінген. Әр түрлі, соның ішінде табиғи жағдайларға байланысты сол уақытта 2015 жылы бюджетті бекіткенде, Ресейдің рублінің құны біздің теңгемен салыстырғанда 3,5 болса, қазір ол бағам өзгерді. Сондықтан да бізге бүгінгі таңда жалпы есеппен 40,5 млн. текше метр су, яғни 622 млн. теңге қажет болып тұр. Осы күрделі мәселені өзіңіз бақылауға алсаңыз деген өтінішіміз бар.
Біз тек қол жайып, қарап отырған жоқпыз. Осы бағытта үлкен жауапты жүйе іске асуда. Жайық пен Көшім жүйесін тиімді пайдаланып, Қараөзенге су беру жұмыстарын бастадық. Бұған Киров пен Шежін арналарын пайдаланып, керекті уақытында халқымызды сумен қамтамасыз ету. Бұл бағытта екі кезеңдік жұмыс бітті. Бұл жүйені жұмысқа кіргізетін болсақ, судың тапшылығы кезінде 30 млн. текше метр суды пайдаланып, 300-400 млн. теңгені өзіміз игеретін болар едік. Сондықтан осы жүйенің үшінші кезеңін өз бақылауыңызға алып, тиімді шешілуіне ықпал етсеңіз.
Ермек КӨШЕРБАЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Бұл мәселеге қатысты Ұлттық экономика және Қаржы министрлігімен ақылдасып, керекті инвестициялық ұсынымды қабылдаймыз.
Өткен жылы Ресейдегі девальвация, біздегі теңге құнының төмендеуіне байланысты екі ел арасында экономикалық бағытта айырмашылық болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі саласында жұмыс істейтін су ресурстары комитеті және су кәсіпорны керекті есептемені жасап, 659 млн. теңгені қарастырып, Қаржы министрлігіне өтінім енгізді. Сондықтан бұл мәселе шешімін табуы тиіс.
Кәрім МӘСІМОВ, ҚР Премьер-министрі:
- Жақында болатын кездесуде Ресейдің Премьер-министрімен трансшекаралық су мәселесін өзім талқылаймын.
Абат ЕСЕНҒАЛИЕВ, еңбек ардагері:
- Облыстың шалғайда жатқан тұрғындарының мәселесі - жол мәселесі. Ең алыс аудан Жәнібек ауданына салынып жатқан тас жолдың биылғы жұмыстарын есептегенде әлі 200 шақырымы жасалмай қалайын деп тұр. Жыл сайын жиырма шақырымнан жөнделетінін есептесек, әлі он жыл күту керек екен. Осы жолдың қаржыландыру мәселесі көбейтілсе деген ұсыныс бар. Екінші Жәнібек ауданымен көршілес Бөкей ордасы ауданы бар. Оған Өнеге, Бисен, Сайқын жерлерімен жол салу мәселесін алдағы жылдардың жоспарына кіргізсеңіз, дұрыс болар еді. Үшіншіден, біз Ресейдің бес облысымен шектесеміз. Бес облыспен экономикалық қарым-қатынас жүріп жатыр. Ресейден біздің шекараға кіріп келген жолды салыстырсақ, бізде жол жоқ деуге болады. Мәселен, Орынбор шекарасына шығатын жолдың сапасы сын көтермейді. Осы жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлінсе деп сұраймыз.
Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Инвестициялар және даму министрі:
- Оралдан Тасқалаға баратын жолды көрдік. Соңғы екі-үш жылда республикалық бюджеттен Батыс Қазақстан облысына жолдарды жөндеуге қомақты қаржы бөлінді. Тасқалаға баратын жолды жөндеу үшін 5,5 млрд. теңге бөлінді. Жәнібек пен Қазталов - Жалпақтал, Қазталов - Жәнібек жолдарын жөндеуге 3,8 млрд. теңге бөлінді. Келесі жылы жолға бөлінетін қаржыны көбейту мәселесін қарастырамыз. Орынборға баратын жолды жөндеуге алдағы жылдардың бюджетінен қаражат көзделген жоқ. Қазіргі күнде келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Алтынбек ӘБДІЛМАНОВ, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:
- Біздің елде өскелең ұрпақ тәрбиесінде үлгі болар тұлғалар жетерлік. Сондай тұлғалардың бірі Х. Есенжановтың есімі бәрімізге белгілі. Ол - Батыс өңірінен түлеп ұшып, қазақ халқының мақтанышына айналған тұлға. Оның «Ақжайық» трилогиясы, «Ағайынды Жүнісовтер» романы кітапсүйер қауымға жақсы таныс. Жайық жұртшылығы Х. Есенжановтың 100 жылдық мерейтойына орай өңіріміздегі облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасын Х. Есенжановтың атымен атасақ деген тілек білдірген. Халықтың бұл тілегі қоғамдық ұйымдар тарапынан ұсынылып, жергілікті басқару органдары тарапынан қолдау тауып, еліміздің құзырлы органдарында шешімін тапқан да болатын. 2014 жылы республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен «Облыстық балалар мен жасөспірімдер Х. Есенжановтың атымен аталсын» деген шешім де шыққан еді. Алайда бірер жылдар ономастика саласында болған мораторийге байланысты мәселенің түбегейлі шешімін табуы сәл тежелді. Бүгінгі таңда мораторий алынды. Сондықтан осы мәселенің заңды-құқықтық мәртебесін негіздеуде Үкімет тарапынан қолдау күтеміз.
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Көтеріп отырған мәселе өте орынды. ҚР Тәуелсіздігінің мерейтойының алдында ономастика саласында Үкіметтің арнайы отырысы болады. Елімізге еңбек сіңген немесе соғыс ардагерлері мен батырлардың атағын беру туралы талап қойылған. Х. Есенжановтың еңбегі жұртшылыққа кеңінен таныс. Сондықтан Кәрім Қажымқанұлы рұқсат берсе, біз бұл мәселені облыстық мәслихатпен, әкімшілікпен талқылап, Үкіметтің отырысына шығарар едік.
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері тарапынан қойылған мәселелерге орай нақты жауаптар берілді. Емен-жарқын жүздесуде Үкімет басшысы көтерілген мәселелердің нақты шешімін табатындығын, осындай кездесудің халық үшін пайдасы көп екендігін айтты.
Ғайса Бәйменнің «Алтынмен апталған күн» деген мақаласында қазақстандық қос атлеттің Риода екі алтын медальді жеңіп алғаны айтылады.
Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарында 11 тамызға қараған түні қазақстандық спортшылар айды аспанға шығарып, қос алтын, бір күміс медальді жеңіп алды.
Газетімізде бұдан бұрын жазғанымыздай, Қазақстанға жетпей тұрғаны алтын еді. Өйткені күміс, қоладан гөрі алтынның жөні бөлек, бәсі жоғары. Медальдар саны жөніндегі орын да алдымен осы алтынмен бағаланады.
Ауыр атлетикадан 69 келіге дейінгі салмақта Жазира Жаппарқұлдан жүлде күткеніміз анық-ты. Әрине, күмістен гөрі алтынға бүйрегіміз бұрып-ақ тұрды. Негізгі қарсыластарынан салмағы сәл ауырлау болғандықтан, Жазираға олардан озу үшін кемінде бір келі артық көтеру керек-ті. Жұлқа көтеруде әуелі 111, сосын 115 келіні еңсерген қазақтың қарагөз қызы 117 келіні бағындыра алмады. Егер осы салмақты алғанда, басты қарсыласы, қытайлық Сян Яньмэйді абдыратып тастары сөзсіз еді. Серпе көтеруде де 140 келіні бірден ала алмады. Содан кейін қайтадан шығып, 140, сосын 144 келіні тік көтерді. Бірақ қытайлық спортшы 145-пен тоқтап, қоссайыс қорытындысында Жазирадан екі-ақ келі алға кетті. Сөйтіп Жазира Жаппарқұл қазақ қыздары арасында тұңғыш рет олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Осының өзі - зор нәтиже, толағай табыс. Биылғы жыл соңында небәрі 23-ке толатын Жазира келесі Токио олимпиадасында осы салмақта алтын жүлдеге қол созатынын жасырған жоқ. Бұйырса, оны да көрерміз.
Ауыр атлетикадан ерлер арасында 77 келіге дейінгі салмақта Нижат Рахимов нағыз ерге тән қасиетті көрсете білді. Ол жұлқа көтеруден кейін 165 кг көрсеткішпен қы-тайлық, 2012 жылғы олимпиада чемпионы Люй Сяозюньнен бақандай 12 келіге қалып қойды. Бар мәселе жұлқа көтеруде шешілді. Қытайлық атлет соңғы әрекетінде 202 келіні көтеріп, іс біттіге санап, тойлай бастады. Одан озу үшін Нижатқа 214 келіні көтеру керек еді, сонда қоссайыс қорытындысы бойынша қытайлықпен бірдей нәтиже (379 кг) көрсетіп, салмағы жеңіл болғандықтан, чемпион атанатын еді. Соңынан бас бапкер Алексей Нидің мәлім еткеніндей, мұндай салмақты Н. Рахимов тіпті жаттығу кезінде де еңсеріп көрмеген екен. Әрі әлемдік рекордтан 4 келіге артық. Бірақ Нижат 214 келіні көтеріп, әлемдік рекордты жаңартып қана қоймай, 22 жасында олимпиада чемпионы атанды (тек енді допинг дауынан аман болсын деңіз). А. Нидің айтуынша, мұндай көзсіз ерлікке бұдан бұрын атақты қазақстандық атлеттер Анатолий Храпатый мен Илья Ильин ғана барған екен. Өзінің елінде (Әзірбайжан) қағажу көріп, Қазақстанға келген Нижат И. Ильиннің орнын жоқтатпады. Көрші Атырау облысына алтын жүлде сыйлаған мұсылман бауырымыздың бұдан кейін де алар асуы аз болмасы анық. Осының алдында Алексей Нидің «алтын және күміс» аламыз дегені ақиқат болып шықты. Бұдан кейін айтқаны айдай келіп жүрген бапкер «тағы екі медаль аламыз» деп қалды. Енді Александр Зайчиковтан жүлде күтеміз. Алтын болып апталып жатса, тіпті жақсы.
Ал алматылық 21 жасар спортшы Дмитрий Баландинді 200 метрге брасс әдісімен жүзуде чемпион болады деп ешкім күткен жоқ. Кіл мықтылар жиналған бәсекеде 2:07.46 минут нәтижемен мәре сызығын бірінші болып қиған Дмитрий американдық Джош Прено, германиялық Марк Кох сияқты сайыпқырандарды сан соқтырып кетті. Сөйтіп жүзу спортынан Қазақстан тарихында алғаш рет олимпиада чемпионы атанды. Бұдан артық қандай абырой-атақ керек десеңізші.
Қос бірдей алтын жүлденің арқасында күн сайын кейін сырғып бара жатқан Қазақстан құрамасы бірден 11-інші орынға көтерілді. Кеше бірақ франциялықтар қазақтардың алдына шықты. Демек, медаль үшін тайталас әлі біткен жоқ.
Осы түнде бокстан 90 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Василий Левит Маврикия елінің өкілі Кеннеди Сен-Пьерді ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Бұл - кемінде қола жүлде қолда деген сөз. Лондон олимпиадасына қатыса алмаған Василийдің бұл сынға жақсы әзірленгені байқалады. Оның келесі қарсыласы - кубалық Эрисланди Савон.
Бокс демекші, 49 келіге дейінгі салмақта осымен үшінші олимпиадасында бақ сынаған Біржан Жақыпов бұл жолы өзбек спортшысы Хасанбой Дусматовтан жеңіліп, тағы да жүлдеге қол созым жерде тоқтады. Бұрын ол Бейжің және Лондон олимпиадасында ширек финалда атышулы қытайлық Зоу Шиминге есе жіберген болатын. Қытайлық қарсыласы кәсіпқой боксқа ауысқандықтан, Риоға алтын аламын деп келген Жақыпов білгенінен жаңылып, есе жіберіп қойды. Біржанның өзбекте кеткен «өшін» шымкенттік жерлесі, 56 кг салмақтағы Қайрат Ералиев (ол да - Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың шәкірті) қайтаруы мүмкін. Алғашқы кездесуінде өзін 2013 жылғы Алматы қаласында бокстан өткен әлем біріншілігінде сүріндіріп, чемпион атанған әзірбайжан жігіті Джавид Челебиевті ұтқан Қайрат енді Өзбекстан өкілі Муроджон Ахмадалиевпен айқасады. Серік Сәпиевтей сайыпқыранның жерлесі, 19 жасар Абылайхан Жүсіпов 64 кг салмақта британиялық Пэт Маккормакқа еш қайран қыла алмады. Есесіне Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, өзіміздің Қазталов ауданының түлегі Данияр Елеусінов олимпиадада қазақтарға кіл алтын сыйлап келе жатқан 69 кг салмақта тағы бір британиялық Джош Келлиді әдемі соққылармен «тұсап» тастады. Даниярдың ширек финалдағы қарсыласы - 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, венесуэлалық Габриэль Маэестре. 81 кг салмақта Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов белорус боксшысы Михаил Долголевецті тізе бүктірді. Оның ширек финалдағы қарсыласы, әзірбайжандық, сол Лондонда қолаға қол жеткізген Теймур Мамедов осал емес. Бойы да ұзын, қимылы да ширақ. Бір қызығы, оның ата-анасы Шымкенттен, анасы қазақ. Жалпы, қазақ боксшыларының өзбек және әзірбайжан спортшыларымен бірнеше рет жолдары тоқайласып тұр. 91 кг жоғары салмақта Иван Дычко өзін 2013 жылы Алматыдағы финалдық бәсекеде нокаутқа жіберген әзірбайжан алыбы Магомедрасул Меджидовпен шаршы алаңға шығады. И. Дычко оны жақындатпай, алыс қашықтықтан ұрып, ұпай жинап отырса ғана қарымта қайтара алады.
Қазақстандық дзюдошылар үшін бұл олимпиада олжасыз болған жоқ. Бір күміс, бір қола. Осының қатарын толықтырады деп үміт күткен, Лондонда жолы болмаған Максим Раков (100 кг) алғашқы айналымнан өткенімен, екінші белдесуінде чехиялық Лукаш Крпалекке «шидомен» (ескерту) ғана жол берді. Крпалек қасқыр екен,қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, Рио олимпиадасының чемпионы атанды. Бейсенбіден жұмаға қараған түні осылайша Қазақстан қоржынына жүлде түспесе, кеше кешкісін бокстан рингке Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) шықса, түнде ауыр атлет Денис Уланов (85 кг) Қазақ елінің назарында болды.
«Олимпиада жүлдесіне қол соза алатын спортшыларымыз әлі де аз емес. Соның ішінде әйелдер күресінен 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, оралдық Екатерина Ларионова да бар.
Сәттілік тілейік, ағайын!» делінген мақала соңында.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен алынған «Күн тәртібінде мемлекеттік сатып алулар» деген ақпаратқа облыс әкімдігінде Қаржы вице-министрi Руслан Бекетаевтың қатысуымен мемлекеттік сатып алуларға байланысты семинар-кеңес өткені арқау болған.
Жиынды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов мемлекеттік сатып алу саласында сауатты жұмыс жүргізу, заңды қатаң сақтау қажеттігін айтып, аталмыш бағыттағы кеңестердің маңыздылығына тоқталды.
Жиында осы саладағы жаңалықтар мен ақпараттарды Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев бастаған министрлік өкілдерімен бірге облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, қала әкімдігінің өкілдері, басқарма басшылары, сондай-ақ бейне байланыс арқылы аудан әкімдері тыңдады.
Семинар кеңесте баяндама жасаған Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов тақырыпқа қатысты биыл енгізілген өзгерістер жайында айтты.
Жиынға қатысушылар заңсыздықтардың алдын алу, құжаттамада қателіктер жібермеу үшін қолданылатын шаралар туралы сұрақтар қойып, сала мамандары тарапынан тыңғылықты жауаптар алды.
«Этножурналистер клубының тұңғыш семинары» атты ақпаратта (Н.Набиоллаұлы) Оралдағы Достық үйінде «Мәңгілік ел» патриоттық актісін жарыққа шығарудағы» және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Біртектілік пен біртұтастық» - төртінші бағытын іске асырудағы БАҚ-тың рөлі тақырыбында облыстық ҚХА-ның этносаралық қарым-қатынастар мәселесі жөніндегі журналистер клубының семинар-кеңесі өткені жария етілген.
Шара өңірге арнайы іссапармен келген филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ілеспе аудармашы, Қазақстан халқы ассамблеясы баспасөз қызметінің жетекші сарапшысы Камал Әлпейісованың қатысуымен өтті. Жиын журналистер қауымдастығына, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің жұмысына аталмыш тақырып аясында көмек көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеуді мақсат тұтты.
- Облыстық ҚХА және «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып отырған этножурналистерге арналған бүгінгі семинар-кеңеске Астанадағы республикалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінен арнайы келдім. Белгілі бір іс-шараны өткізерде сол саладағы маман-дардың қызметі қандай деңгейде екені ескеріледі. Осы тұрғыдан алғанда, Батыс Қазақстан облысының ассамблеясы өзін жақсы қырынан көрсете білді. Бұл орайда өткен жылы «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» атты үлкен форум ұйым-дастырылғаны белгілі. Биыл да Орал қаласында халықаралық деңгейде жастар форумы өтпекші. Бүгінгідей этножурналистер клубының жиыны да еліміздің облыстары ішінен бірінші болып өтіп отыр. Жалпы алып қарасақ, біздің бүгінгі таңда қабылдап отырған актілеріміздің бәрі ұлттық дәстүрімізден алынған. Мысалы, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының өзі - ата-бабаларымыздан бері келе жатқан ұлы арман. Қорқыт ата қара басының өлімінен қашпаған, халқының мәңгі болуын ойлаған. Аңыздың негізінде осындай философиялық түйін жатыр. Асан қайғы бабамыз жерұйықты өзі тұру үшін емес, халқының болашағы үшін іздеді. Бүгінгі журналистер жазған дүниенің арғы жағында қазіргі Қазақстан осындай бабалар арманы болған мекенге, Қорқыт ата іздеген мәңгілік елге айналуы тиіс деген ұғым жатқаны орынды болады. Алдыңғы буын журналист ретінде кейінгі буын әріптестеріме мақала жазған кезде өзіміздің ұлттық тарихымызбен ұштастыра отырып жазса, оның жастарға танымдық пайдасы мол болар еді деп айтқым келеді. Қай елде болмасын, ең бірінші орында ұлттық мүдде тұруы керек қой. Біздің мемлекетіміздің негізін құраушы - қазақ ұлты. Осыны ұмытпауымыз керек, - деді Камал Әбілқасымқызы.
- Бүгінгі таңда түрлі ұлт өкілдерін ұйыстырып, татулық пен бірлікке шақыру бағытында барымызша жұмыстанып жатырмыз. Алайда өз басым ақпарат құралының жетекшісі ретінде әлі де тыңғылықты, тиянақты түрде жариялануы керек бірнеше мәселенің бар екенін айтқым келеді. Бізді алдымен біріктіретін - өткен тарихымыз. Осы тұрғыдан алғанда, түрлі этнос өкілдерінің әр қилы алмағайып кезеңдерде біздің елімізге келіп паналауы туралы терең сараптамалық материалдар жазылуы керек. Бұл орайда тек қана ақпарат құралдарының емес, өзге ұлт өкілдерінің де белсенділігі аса қажет. Сонымен қатар бізді бүгінгі таңда және болашақта біріктіретін үлкен күштердің бірі - қарым-қатынас жасайтын тіліміз. Біз бұл аса маңызды тақырыптан еш уақытта ауытқып немесе аттап өте алмаймыз. Мысалы, осы дөңгелек үстелде қай тілде ұғысып, басымыз біріксе, сол тіл негізгі болады және ол алдағы уақытта үлгі ретінде көрінеді. Сондықтан осы жерде көрсете алмаған оң үлгіні басқа жерде талап етсек, «күлкілі» болар еді. Қорыта айтқанда, мұндай жиындарда басымызды біріктіретін мемлекеттік тіл болуы шарт. Осы бағытта «Приуралье» газетінде «Наш язык» атты айдар ашылды. Онда қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері кеңінен насихатталады. Шын мәнінде, өзге ұлт өкілдерінің ішінде дарындылары, қазақтың тілін, елімізді құрметтейтіндері бар. Солар арқылы жалпы ұлтаралық құрметті қалыптастыра аламыз деп есептеймін, - деді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.
Семинар-кеңесте облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, сондай-ақ дөңгелек үстел басына жиналған этномәдени бірлестіктердің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тақырыпқа қатысты өзекті ой-пікірлерін ортаға салды.
«Бірінші сынып жаңа бағытта білім алады» деген ақпаратта (Н.Текебаев) Қазақстан орталық телекоммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың алдымен «Мектепке жол» акциясы жөнінде баяндағаны айтылған. Оның дерегінше, тамыздың бірінен басталған акцияның алғашқы онкүндігінде әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы санатынан 1531 балаға 7914,4 мың теңге, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 1134 балаға 4364,5 мың теңге қаржылай және мате-риалдық көмек көрсетілді. Жалпы, акция өткен сегіз жыл ішінде 117 647 оқушыны қажетті көмекпен қамтамасыз ету үшін 534,158 млн. теңге жұмсалған.
Биылғы оқу жылында облыста 387 мектепте 93 мыңнан астам оқушы білім алады деп есептелуде. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен ҚР Білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында қыркүйектің бірінен бастап 1-сыныптың барлығы жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Бұған дейін дайындық сынағы еліміздің 30 мектебінде сәтті өткен. Жаңа бағдарламаны оқу жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу толығымен 2020 жылы аяқталады. Биыл бес күндік оқуға бейімделген 1-сыныпқа 11 467 оқушы қабылданады деп күтілуде. «Өрлеу» БАҰО облыстық филиалы мен Назарбаев зияткерлік мектебі жанындағы педагогикалық шеберлік орталықтарында бастауыш сынып мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан өтуде.
Зәуре Базарғалиқызы облыс бойынша 779 483 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешенді сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 775 млн. теңге бөлінгенін айтты. Күні бүгінге баспадан оқу құралдарының 94 пайызы алынып, 80 пайызы білім мекемелеріне жеткізілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында облыста тоғыз мектеп пен бір балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілуде.
Оқушылар санының азаюына байланысты Сырым және Теректі аудандарында екі бастауыш мектеп жабылды. Облыста екі негізгі мектеп орта, екі орта мектеп негізгі және екі негізгі мектеп бастауыш мектеп болып, қайта құрылды. Бұл мәселеге байланысты қойған тілшілер сауалына орай, Зәуре Ғұмарова жыл сайын мектептердің жабылу дерегі тіркеліп жатқанын айтты. Мәселен, өткен жылы 10 білім беру ұйымы қызметін тоқтатқан. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта жалғасуы мүмкін. Сәйкесінше, жабылу қаупі бар мектептерде оқитын балаларды үш шақырым қашықтықтағы ауылдардағы білім беру ұйымына күнделікті тасымалдау немесе интернатқа орналастыру, педагог мамандарды жұмыспен қамту мәселелерін шешумен жергілікті әкімдік айналысады.
Өткен жылы ҚР үкіметінің қаулысына сәйкес, террористік қауіп кезінде осал болып саналатын, яғни бір мезгілде ішінде 200-ден астам адам болатын білім беру нысандарын бейнебақылау камералармен жабдықтау қолға алынған. Соған байланысты қазіргі кезде облыстағы мектептерге камераларды орнату үшін қажетті қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген. Бұл шара, бір жағынан, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді деп есептелуде.
Кезекті брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ақпаратты талдау бөлімінің бас маманы Арайлым Бақытжанова мен «БҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директорының орынбасары Асыланбек Ақшалов 12 тамыз - Халықаралық жастар күніне байланысты Орал қаласында өтетін шараларға тоқталды. Мәселен, Мәншүк Мәметова алаңында асық ату ойыны, караоке-батл және флешмоб ұйымдастырылады. Тамыздың 13-інде Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында мерекелік кеш болмақ. Шоуда талантты жастар өнер көрсетеді. Жаңа әндер шырқалады.
Тамыздың 18-інде Сырым ауданында облыстық жастар форумы өтеді. Қыркүйек айында Ресей Федерациясынан келген жастардың қатысуымен «Көршілер» халықаралық лагері ұйымдастырылады.
Брифингте сондай-ақ «Орал аруы - 2016» сұлулық байқауы өтетіні мәлім болды. Бұл жайында «Мария ханым» сән үйінің директоры Жұлдыз Құспанова әңгімеледі. Ол байқау алдында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып жатқанын айтты. Арулар сынына 12 адам іріктеуден өткен. Олар қазіргі кезде шеберлік дәрістеріне қатысып, би өнері және әртістік қабілетін шыңдауға қатысты кеңес алуда. Қыркүйектің үшінде қазақ драма театрында болатын байқауды көруге Францияда тұратын белгілі кинорежиссер Рашид Нұғыманов арнайы келмек. Сондай-ақ театр фойесінде ұлттық киімдер, кәдесый, әшекей өндірушілер мен сатушылар арнайы көрме ұйымдастырады.
«Қарты бар елдің қазынасы бар» (Әділет Орынбасаров) атты ақпаратта Теректі аудандық мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақ елі осындай» атты аудан зейнеткерлері арасында байқау өткені сөз болған.
Шараға ауданға қарасты ауылдардан үміткерлер қатысты. Аудан әкімдігінің қолдауымен, мәдени-демалыс орталығы және ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен фестивальдің бәсі жоғары болды. Себебі, әр аталым бойынша жеңімпаз атанған қатысушылар облыс көлемінде аудан намысын қорғау құрметіне ие болады. Қатысушыларды аудан әкімі М. Мұқаев құттықтады.
Сайыс нәтижесінде хор ұжымы аталымы бойынша «Япурай» зейнеткерлер клубының хор ұжымы үздік деп танылды. Вокалдық ансамбль аталымы бойынша «Ақ отау» әжелер ансамблі жеңімпаз атанды. Жеке вокал бойынша Г. Айбергенова І орынды, Р. Клименко ІІ орынды, ал С. Аманғалиев ІІІ орынды иеленді. Ал көркем сөз оқу бойынша П. Фефелов І орын С. Ахметжанов ІІ орын алды. Аспаптық жанрда күйші М. Нуменов жеңімпаз атанса, аталымның ІІ орын жүлдесі Н. Крутькоға бұйырды. Эстрадалық вокал жанрының дуэт аталымы шеңберінде А. Кубиев пен Б. Баданова алға шықты.
Еске сала кетейік, 100 жылға жуық тарихы бар «Орал өңірінің» материалдарын басылым сайтынан да (https://oraloniri.kz/) оқуға болады.