Бөкей ордасы мұражайы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өз жұмысын ширата түсуде - БҚО

ОРАЛ. 13 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Биылғы жылы Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешенінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жаңа серпіліспен жүргізілуде.
None
None

Оған себеп, біріншіден, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы болса, екіншіден, биыл Бөкей хандығының 210 жылдық мерейтойы аталып өтілмек. Кешен директорының ғылым жөніндегі орынбасары Назымгүл Оразгелдиеваның айтуынша, «Тұңғыштардың мекені» - Бөкей ордасы мен оның тарихы жөнінде осы күнге дейін аз зерттеліп, аз жазылған жоқ. Дегенмен шежіресі бай елдің дамуына, тұлғаларына қатысты жетіспейтін деректер баршылық. Бөкей ордасының 210 жылдық мерейтойына орай тарих бетіндегі ақтаңдақтарды толтыру мақсатында кешен әкімшілігі кезінде Ресеймен тығыз байланыста өмір сүрген бөкейліктер жөнінде деректерді көршілес мемлекет мұрағаттарынан алдыру бағытында жұмыстар атқаруда. Айталық, кешен қызметкерлері Астрахан қаласындағы облыстық мұрағат, кітапханаларында жұмыс жасап, Бөкей ордасындағы жеке тұлғаларға қатысты, жер қатынастары, экономикалық, әлеуметтік жағдайлар, білім беру, мал шаруашылығы, сот қызметі жөнінде деректер әкеліп, қорды толықтыра түсті.

Орынбор қаласына іссапар кезінде мәліметтер Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатынан, Орынбор облыстық өлкетану мұражайынан және Н.К.Крупская атындағы Орынбор облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасынан іздестірілді.

Орынбор мұрағатында Бөкей ордасына қатысты деректер көптеп табылып, мүмкіндігінше құжаттардың көшірмелері алынды. Олардың ішінде Кіші орда ханы Бөкей Нұралыұлының балаларын оқыту, Бөкейге қарасты қазақ руларының Жайықтан өту тәртіптері, олардың көшіп-қоныстану мәселелері, Бөкей ханға төленетін жалақы, хан Жәңгірдің орыс патшасына киіз үй сыйлауы, хан Жәңгірге салынатын үйдің шығын сметалары, Исатай Тайманұлына старшина шенінің берілуі сынды құнды мәліметтер кездеседі. Баспа беттерінде жарияланған жазба деректер Орынбор өлкетану музейінен, Н.К.Крупская атындағы кітапханадан алынды.

Өткен жылғы қыркүйек айында үш қызметкер Санкт-Петербор қаласынан да Бөкей ордасына қатысты тың мәліметтер жинақтап әкелді. Олардың ішінде ХІХ ғасырда Бөкей ордасын зерттеген орыс зерттеушілері мен саяхатшыларының этнографиялық еңбектері, Жәңгірдің ұлы, тұңғыш генерал Ғұбайдолла Жәңгіров туралы және Бөкей ордасындағы реформаларға қатысты мәліметтер табылып, көшірмелері әкелінді.

Қазақстан тәуелсіздігінің мерейтойы - бөкейордалықтар үшін аса маңызды оқиғалардың бірі. Кешен құрамындағы «Тәуелсіздік мұражайы» осы күнге дейін Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі 10 жыл ішіндегі жетістіктерді баяндап келді. Енді уақыт талабына сай бүгінгі таңда 20 жылдың шежіресін бейнелейтін жаңа экспозиция жасақтаудың қажеттілігі туындап отыр. Осы бағытта кешеннің арнайы тобы жұмыстар атқарып, мұражайды қайта жасақтауға даярлық үстінде.

Былтыр Ұлы Жеңістің 65 жылдығы Қазақстанда кеңінен атап өтілді. Бөкейліктер үшін бұл жеңістің маңызы өте зор, өйткені Батыс Қазақстан облысының Орда мен Жәнібек аудандары 1941 жылғы 26 қазанда соғыс жағдайына келтірілген еді. Оған майдан шебінің жақындауы, соған орай неміс авиациясының екі аудан жері арқылы сол тұста Сталинград майданын тылмен жалғап тұрған Орал-Рязань теміржолын жиі шабуылдауы негіз болған. Айта кетерлік жайт, осындай бір кезекті әуе шабуылынан кейін, Сталинград майданынан шығып келе жатқан Қызыл Тулы Гатчинск атқыштар дивизиясының жауынгерлері тиелген эшелон 1942 жылғы 3 қазанда Сайқын станциясы маңында бомбаланып, түгелге жуық қаза тапты. Оқиға болған жерден табылған кисет, мүштек, дәрі, иіссу құйылған құты сынды жауынгерлердің жеке заттары бүгінде Бөкей ордасы тарихи музейінің экспозициясында орналасқан. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына байланысты ғылыми-зерттеу, мәдени шаралар өткізу жоспарланып, бұл істер жыл соңына дейін аяқталды.

Биылғы жылдың еншісінде де атқаратын жұмыстар жетерлік. Жоғарыда аталған шаралардан басқа алда қайта жаңғыртудан өткен Хан сарайын мұражайға айналдыру, кешен құрамына алынған бұрынғы мектеп қалашығының 5 үйін жаңғыртудан өткізу, Ордадағы тұңғыш қазақ баспаханасының ғимаратын салдыру, тағы да сондай қызықты да күрделі жұмыстар тұр.

Соңғы жаңалықтар