11:04, 07 Желтоқсан 2011 | GMT +5
Бөкей ордасында Социалистік Еңбек Ерлеріне ескерткіш қойылды
ОРАЛ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бөкей ордасы ауданы орталығы - Сайқын ауылындағы «Қару аманаты» аталатын ескерткіштер саябағында ерен еңбектерімен есімдері ел есінде қалған 25 Социалистік Еңбек Еріне арнайы ескерткіш белгі қойылды.

Ерлердің мүсіндері тас тұғырға орнатылып, аттары айшықталып жазылды. Сол жиырма бес ердің көзі тірісі - сексеннің сеңгірінен асқан Ескендір Есімов.
Аудан әкімі Рахман Кариннің атап өткеніндей, осыдан бірер жыл бұрын өңірден шыққан төрт батырдың рухы асқақтап, тұғырға қондырылса, енді, міне, солардың жанынан 25 Еңбек Еріне белгі қойылып отыр. «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа - ұран» десек, мұның бәрі - аға ұрпақтың ерлік істерін ешқашан естен шығармау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар.
Бұдан кейін сөз алған Ескендір Есімов соңғы жылдары аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылық сезімін білдіріп, елі аялаған ер қашанда бақытты екендігін толқи жеткізіп, кейінгі жас ұрпақты тек адал еңбекті сүюге шақырды.