«Бокка» – ежелгі арулардың әшекейі

Ертіс бойын мекендеген ежелгі ата-бабаларымыз бас киімнің әшекейлеріне ерекше мән бергені байқалады. Бір шетіне ұзын бұрымын таңып қойған арулардың «бокка» бас киімі көрген жанды таң-тамаша етпей қоймасы анық.

бокка
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде таза күмістен жасалған бокка әшекейі сақталып тұр. Үлбіреп қана тұрғанежелгі бас киімді 1959 жылы кеңес археологы Фирая Арсланованың экспедициясы қазіргі Павлодар облысы Ақтоғай ауданының аумағындағы қазба жұмыстары кезінде тауыпты. Экспедиция шамамен XIII-XIV ғасырларға тән обадан ақсүйек әйелдің жерлерген орнын анықтайды. Зерттей келе таза күмістен жасалған бокка әшекейін, айна және ат әбзелдерін қазып шығарады.

бокка
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

- Мұндай шошақ пішінді бас киімдер сонау бағзы замандардан-ақ сәнді болған. Оны әсіресе, Ертіс пен Обь өзендері аралығындағы жерлеу ескерткіштерінен, Монғолия жерлерінен табылған алтын қапсырма әшекейлерден көруге болады. Әшекей бас киім өрілген бұрымды жоғары көтерген немесе басқа да әдіспен бас киімге байлаған. Сол арқылы адам бейнесін еңселі етіп көрсеткен. Жалпы мұндай бокканың негізін киізден тігіп, сыртына осындай тұтас күмісті кигізген. Орта ғасырларға тән обалардан табылған бұл бас киімнің ең әуелі жергілікті зергерлік дәстүрге сай жасалғаны байқалады. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бокка иесі қимақ-қыпшақ тайпа бірлестіктерінің нәсілінен шыққан әйел адам болған,-дейді өңірлік Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі өлке тарихын ғылыми қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжанат Әлиева.

бокка
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Ғалымдардың сөзінше, бокка кезінде әртүрлі материалдан жасалыпты. Кей жағдайда қайыңның қабығын да пайдаланған. Бас киімнің шеттерін әртүрлі тастармен зерлеп, әсемдеген.

Атап өтерлігі, Ақтоғай жеріндегі ежелгі обадан табылған күміс айна да ерекше сәнде жасалған. Айнаның сырт жағында 12 аңның бейнесі бар. Г.Әлиева ол жыл санауымыздағы он екі мүшелді білдіруі мүмкін дейді.

бокка
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Еске сала кетейік, Павлодарда неолит кезеңіңде жасалған қыш құмыралар сақталып тұр.

Соңғы жаңалықтар