Бокс: Бәшенов Авактан айласын асырды

Төрешілердің 49-46, 48-47, 48-46 есебімен жеңіс Қазақстан құрамасы капитанының қанжығасын майлады. Келесі кезекте шаршы алаңға 75 келі салмақ санатындағы Мейірім Нұрсұлтанов пен Сухроб Сидиков көтерілетін болады. Одан кейін Василий Левит пен Виталий Кудухов жұдырықтасуы тиіс. Айта кетейік, елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасының бесінші маусымының жартылай финалында «Астана арландары» мен Ресейдің «Рашн Боксин Тим» командасы арасындағы кездесу өтуде. Бүгін 5 жұп жұдырықтасады. Екі команда арасындағы қалған салмақ санатындағы боксшылардың жекпе-жегі ертең өтеді. Бұл күні шаршы алаңда Олжас Сәттібаев пен Карен Арутюнян (52 келі), Закир Сафиуллин мен Артур Субханкулов (60 келі), Нұрдәулет Жарманов пен Эдуард Якушев (81 келі), Еркін Мұхамеджан мен Дмитрий Зайцев (91 келіден жоғары) айқасатын болады. Ал 69 келі салмақ санатында ел намысын Асланбек Шымбергенов қорғап, ресейлік Якуб Нуриевпен жұдырық түйістіруі тиіс еді. Бірақ, жаттықтырушылар оның орнына Данияр Елеусіновті шығару туралы шешім қабылдады.