01:39, 13 Тамыз 2015 | GMT +5
БОКС: Головкин мен Лемье үш қалада алдағы жекпе-жек туралы баспасөз турларын өткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (33-0, 30 КО) мен осы салмақтағы IBF титулының иегері канадалық Давид Лемье (34-2, 31 КО) үш қалада алдағы жекпе-жектері бойынша баспасөз мәслихаттарын өткізеді, деп хабарлайды Fightnetwork.com.

Головкин мен Лемье қатысатын баспасөз туры 18 тамызда Нью-Йоркте басталып, 19 тамызда канадалық Квебек қаласында жалғасады. 20 тамыз күні Лос-Анджелесте соңғы тур өтеді. Еске сала кетейік, 33 жастағы қазақстандық Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 17 қазанда Нью-Йоркте (АҚШ) өткізеді. Оның қарсыласы осы салмақтағы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы 26 жастағы канадалық Давид Лемье болады. Головкин мен Лемье жекпе-жегінің билеттері 12 тамыздан бастап сатылуда. Құны $500, $300, $200, $100 және $50 болатын билеттерді Ticketmaster.com сайты арқылы немесе Madison Square Garden кассаларынан алуға болады. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы Геннадий Головкин мен Давид Лемье арасындағы жекпе-жекті тікелей эфирде көрсетеді.