БОКС: Малайзиядағы халықаралық турнирде Сыр бойының екі ұланы жеңімпаз атанды
Жерлестеріміз командалық есепте бірінші орынды еншіледі. Жеңіс тұғырынан табылған чемпиондар арасында қызылордалық екі былғары қолғап шебері бар, деп хабарлайды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.
Алор-Сетар қаласындағы спорттық кешенде еліміздің туы көкке алты рет көтеріліп, алты рет әнұранымыз шырқалды. Қуаныштысы, жеңімпаздардың ішінде қызылордалық екі боксшы 60 келі салмақтағы Бағдат Уайдаев, 81 келі салмақтағы Тұрсынбай Құлахмет те өз жеңістерін тойлады. Байрақты бәсекеге әлемнің 8 елінен 58 боксшы қатысты.
Естеріңізге сала кетсек, құрамына 22 спортшы іріктелген команда биылғы қаңтарда еліміздің ұлттық құрамасын дайындау үшін құрылған болатын. Жаңа құрамаға 18 бен 21 жас аралығындағы талантты спортшылар тартылды. Қызылордадан екі боксшымыз да құраманың санын толықтырды. Топтың үйлестірушісі - Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев.