Боксқа реформа жасалмайынша, әділдік болмайды – сарапшы
Дәуірінде жанкүйерлердің шексіз ықыласына бөленген бокс спортының келешегі бұлыңғыр екені жайлы жиі айтылады. Тіпті, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында бокс жарысы өткізіле ме – ол да белгісіз. Әзірге World Boxing мен IBA ұйымының арасында бақталастық жүріп жатыр. Аталған екі ұйымға да мүше саналатын Қазақстан қандай позицияны ұстанып отыр? Kazinform тілшісі мәселені спорт сарапшысы Айдос Рымқұлмен бірге талқылап көрді.
– Қазір Қазақстан боксы екі таңдаудың ортасында тұрғандай – WB немесе IBA. Спорт сарапшыларының арасында бұл жөнінде талқы көп. Еліміз әзірге екі ұйымның да көңілін қалдырмай келеді, дегенмен нақты бір таңдауға тоқталатын кез келетіні анық. Сіздің ойыңызша, қай ұйым қазақ боксына артықшылық бере алады?
– Қалай алғанда да, IBA (бұрынғы AIBA) – бокс спортындағы халықаралық алғашқы ұйым. Ресми түрде 1946 жылы құрылғанымен, 1920 жылдан бастап бұл ұйымның алғышарттары жасалып, Антверпенде өткен Олимпиадада бокс турнирін ұйымдастырды.
Содан бері ұйым 1 ғасырға жуық уақыт бойы үздіксіз Олимпиада бағдарламасы аясында бокс турнирін ұйымдастырып келді. Бірақ 2019 жылы бұл ұйым Олимпиадада боксқа жауапты ұйым қатарынан алынып тасталды, аяқ асты беделінен айырылды. Неге? Себебі ұйым әділетсіз шешімдерімен жанкүйерлердің көзіне түсе бастады, ашық саясат ұстанбауы әуесқой боксқа кесірін тигізді.
Ал World Boxing ұйымы – жаңа ұйым. Жаңа болса да амбициялары үлкен. 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында бокс турнирін өткізуге мүдделі екендерін жасырмайды. Ұйымның Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде Геннадий Головкин таңдалды. Бокс әлемінде абыройы бар адамның тағайындалуы бұл ұйымның түпкі мақсатына жетпей қоймайтынын көрсетеді. Дегенмен келешегі уақыт еншісінде.
– Биыл қазақстандық боксшылар WB және IBA ұйымдастырған жастар арасындағы екі әлем чемпионатына да қатысты. Тіпті, өткізілген кезеңдері сәйкес. Осы тұста «Қазақстан неге біреуіне тұрақтамады?» деген сауал туындайды. Әлде толыққанды шешім қабылдауға кедергі факторлар бар ма?
– Бір ұйымнан екінші ұйымға ауысу оңай процесс емес. Спортшылардың 2024 жылғы әр жарысқа қатысатын кестесі 2023 жылдың аяғы мен 2024 жылдың басында Спорт министрлігінің ресми күнтізбесіне енгізіліп, ведомство тарапынан бекітіледі. Оған сай әр жарыстың жол шығындарына қаражат бөлінеді. Негізі Қазақстан IBA ұйымдастырған Будвадағы турнирге басымдық бергені анық көрінді, 25 боксшымыз барды. Ал WB ұйымдастырған АҚШ-та өткен турнирге қатысу тез арада қабылданған шешім секілді. Өйткені еліміз бар-жоғы 4 боксшы апарды.
– IBA-ның күмәнді шешімдерін талқылап бітпей жатып, былтыр ғана құрылған WB ұйымының төрешілері де жарыстарында әділетсіз шешімдерге барып жатқанын айтып жүрсіз. Жалпы, бокс спорт ретінде тек нәтижелерді негізсіз бұрмалауға ауып кеткен жоқ па?
– Бокстағы бағалау жүйесін түбегейлі өзгертпейінше, қай ұйым болса да әділетті жарыс өткізеді дегенге сену қиын. Мәселен, мен 5-0 жүйесіне көшіргенді құп көрер едім. Бокста адами фактордың ықпалы қатты, ағылшындар бір-біріне жақтасса, мына жақта түркі елдері бір-бірін қолдап жататыны даусыз. Сол сияқты әртүрлі топқа бірлескен елдердің төрешілері өзіне жақын елдің спортшысына бүйрегі бұрады. Сондықтан бокстағы бағалау жүйесіне түбегейлі реформа жасалмайынша, 100 пайыз әділдік туралы айту әбестік болады.
– 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында бокс бағдарламасы болмауы мүмкін. Халықаралық Олимпиада комитеті WB ұйымына бокс турнирін өткізуге мүмкіндік береді деп ойлайсыз ба?
– Отандасымыз әрі жаңа ұйымның Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде Геннадий Головкинді жоғары бағалаймын, әр қадамын ойлап басатын спорт функционері санаймын. Менің ойымша, егер WB-дің болашағы жоқ болса, жерлесіміз ұйымның Олимпиада комиссиясын басқаруға келіспес еді. Демек, келесі Олимпиадада бокс турнирін өткізуге WB-дың мүмкіндігі жоғары болғаны үшін іске білек сыбана кірісіп кетті. Мақсатына жетсе игі. Қалай алғанда да, жаңа ұйым боксшыларымыздың сағын сындырмай, «Қазақстан – бокс держевасы» деген абыройымызды қайтару жолында кедергі жасамайды деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!