Боксшы Ертуған Зейнуллинов әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Ертуған Зейнуллинов (65 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Отандасымыз алғашқы жекпе-жегінде франциялық Уго Граумен қолғап түйістірді. Кездесу барысында қазақстандық боксшы қарсыласына көбірек соққы жұмсады. Нәтижесінде франциялық әріптесін 5:0 есебімен жеңді.
Сондай-ақ ел құрамасынан 7 қыркүйекте Махмұд Сабырхан (55 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Наталья Богданова (70 келі) жеңіске жетті.
World Boxing ұйымының аясында алғаш рет Ливерпуль (Англия) қаласында өтетін әлем чемпионатына 68 елден барлығы 554 спортшы (ерлер - 329, әйелдер - 225) келді.
Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында өтеді. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде сайысқа түседі. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай болса, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.