Боксшы Римма Волосенко Париж Олимпиадасына жолдама ала алмады
АСТАНА. KAZINFORM - Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде бүгін, 29 мамырда қазақстандық Римма Волосенко (60 келі) қарсыласына есе жіберді.

Қазақстандық боксшы үндістандық Анкушита Боромен кездескен еді. Тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер қарсыласының қолын көтерді.
Осылайша Римма жарыс жолынан шығып қалды.
Енді әйелдер құрамасынан Назым Қызайбай (50 келі), Валентина Хальзова (75 келі) сайысқа түседі.
Ал қазақстандық Ұлжан Сәрсенбек (54 келі) пен Наталья Богданова (66 келі) жарыс жолын аяқтады.
Айта кетсек, қазірге дейін әйелдер құрамасында Карина Ибрагимова Париж Олимпиадасына жолдама алған еді. Ол мұндай мүмкіндікке былтыр қазан айында Қытайда өткен Азиадада қол жеткізді.
Енді бүгін ел құрамасынан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) италиялық Джанлуилджи Малангамен рингке шығады.
Еліміздің ерлер құрамасы бұған дейін Олимпиаданың 6 жолдамасын жеңіп алды. Атап айтқанда, олардың қатарында Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) бар.